Қамқор жүрек пейілі

   Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Балаларды қорғау күні мерекесіне орай Қарағандыдағы «Таңшолпан» балалар үйіне арнайы барды.

«Таңшолпан» – еліміздегі отбасылық үлгідегі алғашқы балалар үйі. 2001 жылы құрылған. Бүгінде мұнда ата-ана қарауынсыз қалған 7-18 жас аралығындағы 98 бала тәрбиеленуде. Олар 8 отбасылық топқа бөлінген.

Балалар үйінде шеберхана, шығармашылық және дыбыс жазу студиялары, радио және фото үйірмелер бар. Түрлі спорттық секциялар жұмыс істейді. Сонымен қатар, балалар «Жас-қанат» өзін-өзі басқару органын құрған. Оны «әкім» басқарады. Оқу, еңбек, мәдениет және спорт істері бойынша орынбасарлары бар.

Ерлан Қошанов «әріптесімен» танысты. Әкім Виолетта Мурзина экскурсия өткізді. «Маған сіздерде қонақта болу қатты ұнады. Сіздер жайлы көп естігенім бар. Енді, міне, осында келіп өз көзіммен көріп отырмын. Жетістіктеріңіз зор екен. Балалар ақылды, спортпен шұғылданады. Көптеген түлектеріңіз еліміздің лайықты азаматтарына айналды. Бүгін мен сіздерді құттықтауға келдім. Ал, келешекте, тек, мейрамдарда ғана емес, жай күндері де келіп тұруға уәде беремін», – деген Ерлан Қошанов елімізде балалар үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап айтты. «Сіздер өз өмірлік бағыттарыңызды табатындарыңызға сенімдімін. Оның барлығы өз қолдарыңызда. Ең бастысы – өздеріңізге сенімді болуларыңыз керек», – деді облыс әкімі балаларға. Кездесуге аймақ басшысы құр қол бармады. Спорттық жабдықтар мен 10 млн. теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл қаражат Қарқаралы ауданындағы «Таңшолпанға» қарасты «Жас дәурен» лагерінде спорт алаңын салуға жұмсалмақ.

Тағы бір сыйлық алдағы уақытта табысталады. Ерлан Қошанов балалар үйін аралап жүргенде теннис үстелінің тозғанын байқап, бүлдіршіндерге жаңа жабдық сыйлауға уәде берді.
Қарағанды облысында 9 мемлекеттік балалар үйі бар. Сонымен қатар, Теміртау қаласында «SOS Балалар ауылы» мен Саран қаласында жекеменшік «Преображение» балалар үйі орналасқан.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.