Жаңалықтар

Алтын қазық

Руы Әйбикеден Базаркелді, Қазыбек би бабаның ұрпағы Шаншардай текті атадан тарайтын, Қарқаралы ауданы Шөптікөл ауылының тұрғыны Қайып АХМАДИЕВТІҢ фәниден бақиға озғанына он жылдай уақыт өтті. Тіршілігінде тектінің тұяғы, жақсының жұрнағы, асылдың сынығы елдің баласы, жақсының алтын жағасы болды. Ақын Қасым Аманжолов: «Адамзат сапарының мейманымыз, бiр мезет жер бетiне кетер соғып» деген екен.

Асыл әке! Сіз өмірден өткенде жанымызды қоярға жер таппай, қабырғамыз қайсып, қайғыдан беліміз бүгілді. Жадыраған жаз солып, қурап күз болды, күздің арты қатып, семіп қысқа айналды. Иә, жастықтың жазы да қарттықтың күзіне ойысып, қабырдың мәңгілік тұрғынына айналдың. Бұл, Жаратқанның бұлжымас заңы шығар. Қимағанымызбен о дүниеге аттануың Алла бұйрығы деуге де болар. Әрине, әке дегенді жүзге келсе де кім қияды? Дегенмен, шүкіршілік айтқаннан басқа амалымыз қалмады. Көпшіліктің айтқанының бір қатесі жоқ. Расымен де әке – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат едің. Өзіңнің адамгершілігіңмен, қайырымдылығыңмен, адалдығыңмен және әділеттігіңмен ардақты атандың. Адамгершілік тіршілігіңде әкетай, рухани арқауың болды. Таусылмас күш пен сарқылмас қайраттың нышаны бойыңнан байқалып тұратын. Халық қамын жеп, жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Жылқы бағып, жылдар бойы тер төктің. Адалдықты айна етіп, ізгі жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Сол алып жүрек сіздің кеудеңізде соғып тұрды, әкетай! Көңілдерге жан жадыратар сәулесін сеуіп өткен сіз жайлы қалай толғанып қағаз бетіне түсірсек артық емес. Асыл бейнеңізді уақыт керуені бізден алыстатқан сайын, кісілік, азаматтық, ғалымдық келбетіңді қайталап ұғынуға, тануға деген құштарлығымыз арта түсті. Кіршіксіз таза кейпің, адамгершіліктің асқар шыңы айқындалуда. Өсіріп, жеткізген 11 балаңызға дұрыс бағыт бердіңіз. Өзгелердің қайғы-қуанышына ортақтасып, оларға қысылғанда қолұшын беруге әзір тұратын қасиетің бір бөлек. Өзгелердің жақсы әдістері мен істерін өз бойыңа сіңірудің, өмірдегі ең асыл да игілікті дегендерді күнделікті тұрмысқа енгізудің жарқын үлгісін көрсеттіңіз. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз. Әкеміздің жарқын бейнесі мәңгілік көз алдымызда, көңіліміздің төрінде тұратыны анық.
Ардақтымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, артындағы ұрпақтарына өмір берсін. Алды пейіш, арты кеніш болсын деп Алладан тілеп, Қажыкен анамыздың әкемізді сағынып жазған мына өлең жолдарын жолдаймыз:
Бұл жалғаннан озғалы
он жыл болды Арысым,
Еңбек еттің қашанда туған елдің
қамы үшін.
Жиылды халық асыңа,
алақан жайып, дұға етіп,
Сыйластықты сақтаған
ағайын-туыс, танысың.

Бұл жалғанда ұмытылмай,
есімің қалар мәңгілік,
Бейнең қалар жүректе
жақсылықпен жаңғырып.
Үнің келер құлаққа,
өткізген сәтім өзіңмен,
Ел есінде бүгінде,
салтанат қылып, сән құрып.
Жүрген жолдар есімде,
ұмытпаймын ешқашан,
Ізіңді жалғар ұрпағың,
тәліміңмен мәңгілік.

Ұрпақтары.
P.S. Әкеміздің 10 жылдық Асы 6 мамыр күні, сағат 13.00-де Қарағанды қаласындағы «Гүлжан» мейрамханасында беріледі. Ағайын-туыс, құда-жекжат, көрші-қолаң, жора-жолдастарына және дәмдес болған көзкөрген жамағатқа хабарлаймыз!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button