Жаңалықтар

Алтын аға Алтынхан

    «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы?!» деп һәкім Абай айтқан қалыпқа сиятын жандар болады өмірде. Жылдар жылжып өткен сайын, олардың орны үңірейіп тұрады, ал өздері биік таулардай алыстаған сайын зорайып, тұлғалана түседі. Жақсының жақсылығы сол – оның көзі тірісінде салып кеткен ізі артында жоқшысы барда ғұмыры көмескіленбейді.

Осы бір шағын мақаланы жазар алдында Алтекеңдей – Алтынхан Әуғалиевтей асыл ағамызбен алғаш рет жүздесіп, танысқанымыз еске түсе берді. Сыртынан қанық едік оның жақсы атына, бір көрсек деп құмартып жүрген қадірлі ағаның бірі еді.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасы болар, танымал тележурналист  Насыр Әуезов бастаған әріптестермен бірге «Балықтыкөл» кеңшарына іс-сапармен бардық. Ертелетіп жеткенімізбен кеңседен басшы атаулының бірде-біреуін таба алмай, дағдарып қалғанымыз бар-тын. Бірақ, әрқашан сабырлы қалпынан аумайтын Насыр ғана сасар емес. «Алтекең естісе болды, қайдан болса да жетеді», –  деді нық сеніммен. Айтқанындай, арада аз ғана уақыт өткенде аузын ашса жүрегі көрінетін ақжарқын ағамыз да жетіп келген. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы екен ғой, бәрімізбен шұрқырай амандасып, өзіне үйіріп-ақ алды. Адамды өзіне баурап тұратын бекзат қасиетін сол жолы бірден байқап қалғанымыз да рас еді.

– Таң ата салысымен қыстақтарды аралауға шыққан бетім еді. Келгендеріңізді  рация арқылы ести салып, ат басын бері бұрдым. Төл алу науқаны қызған кез ғой. Жұрттың бәрі жұмысбасты. Ал енді, не тұрыс, біздің үйден дәм татайық та, жолға шығайық, – деп  жол бастай жөнелді. Жарқын пейілмен бәрімізді жадыраңқы көңіл-күйге бөлеп жіберген еді ол сол сәтте.

Бұрын атын сырттай ғана естіп жүретін мен Нұра өңіріне белгілі азамат Алтынхан Әуғалиевпен осылайша таныстым. Сол күні ол кісінің  елгезектегі арқасында негізгі шаруамыз тындырымды болды. Шопандардың еңбегі, тұрмысы туралы бірнеше телехабарға, газетке жүк боларлық мақалаға қор жинап алдық. Кім-кімді де баурап алатын ғажап тартымдылығы, маңайына себелеп тұратын жан шуағы, аса мәдениетті бекзат келбеті әлі де көз алдынан кетпейді. «Жақсы адам өмірге табындыру үшін, өлген соң сағындыру үшін келеді», дегендей Алтынхан ағаның дүниеден озғанына жиырма жыл болып қалғанымен, оның асыл бейнесі талай адам жүрегінен кетпей сағындырып жүргенін білеміз.

Адамның өшпес ізі – ісі мен үлгі-өнегесі  десек, ол өзіндік ізін қалдыруымен ерекшелене білген жан ретінде ұмытылмайды. Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, халық аңызындағы Жаманқарт пен Жақсықарт таулары баурайындағы бұрынғы Семеновка (Қобыкөл) ауылының орта мектебінде мұғалім болудан басталған еңбек жолы Балықтыкөлде жалғасып, осындағы білім ұясының директоры, ауылдық кеңестің төрағасы міндетін атқаруға ұласты. Былай алып қарағанда қатардағы қызметтер болғанымен, еңбектің өлшемі оны қалай атқаруымен, түпкілікті нәтижесімен бағаланар емес пе?! Мұнда екі қабатты жаңа мектеп ғимаратын салуға қол жеткізілуі, аудандағы үлгілі оқу орнына айналуы, шопандар балаларына арналған интернаттың ашылуы, талапты жеткіншектер талантының жарқырауы, ауыл ажарының көркеюі, малшылар тұрмысына жақсы жағдайлар жасалуы, жергілік өнерпаздардың облысқа танылуы сияқты өсу-жаңару үдерісі Әуғалиевтің арқасында мүмкін болған жеміс пен жеңіс екендігін осы күнге дейін ел ризашылықпен еске алады.

Біраз жыл ауылда онымен қоян-қолтықтаса еңбек еткен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Қайролла Бекішев былай дейді: «Алтынхан оқып-тоқығаны бай, шын мәнінде білімді, талапшыл, адамгершілік қасиеттері мол, беделді тұлға бола білді. Білікті ұстаздығына орай жоғары оқу орнына қызметке ауысуға да әбден лайықты еді, бірақ бауыр басқан туған жерін қимады. Бейнесі ізгіліктен тұратын, бойына биік мәдениеттілік біткен, үлкенге құрметі, кішіге ізеті мол, онымен  дос болғаным үшін тағдырыма ризамын. Қандай да істі үлкен-кішіге  бөлмей артық дабырасыз атқаратын. Бастаған ісін қашан тындырғанша өзі де тыным таппайтын, өзгені де қамшылап бітетін. Ең алдымен өзіне қатал талап қоятын, одан кейін басқалардан да сондай жауапкершілікті талап ететін».

Қайрекеңнің бұл сөзін «Балықтыкөл» кеңшарының бұрынғы директоры, ел ағасы ардагер ақсақал Қорабай Досжановтың: «Алтынхан екеуіміздің жұмыс бабындағы қарым-қатынасымыз тұрғылас болғандықтан адами сыйластыққа ұласып жататын. Жұмыстың аты жұмыс, кейбір мәселелер төңірегінде пікіріміз қабыспай, ренжісуге дейін баратын кезіміз де болатын. Ондай сәттерде райымыздың тез қайтуымызға көбіне ол себепші болатын. Мәселенің түйінін тауып, шаруаны оң шешуге итермелейтін ой-ұсыныстары таласымызды тоқтататын. Және де ол небір түйінді шаруаларды сол кездегі өмір талабына сай, жоғары дәрежеде іске асыруға көп үлес  қосты. Аузын ашса жүрегі көрінетін, жүзі әрдайым жарқын, көкірегі көрікті сыйласым, ең өкініштісі, алпыстың табалдырығынан аттар нағыз кемел шағында өмірден озды. Қоғамға, ортасына берері көп-тін», – деп толықтыруы ардақты азамат өресінің қаншалықты биік болғанын айғақтайды. Осы сияқты әңгімелер Алтекеңмен қызметтес болған замандастарының есінде сақтаулы, жақсы қасиеттерін әрдайым ауыздан тастамай айтып жүреді.

Иә, арада қаншама жыл өтсе де, Алтынхандай алтын ағаның жарқын бейнесі, азаматтық биік болмысы оны сағынған жүректерден өшер емес. Иә, өткенге салауат, бүгін біз асыл ағаның артында қалған ізінің өшпегеніне тәуба айтамыз. Құдай қосқан қосағы Күләш екеуі өнегелі тәрбие берген ұл-қыздары өсіп-өніп, немере-шөберелері жетіліп келеді. Әттең, Алтынхан ағамыз желкідеп өсіп келе жатқан осы ұрпағының қызығын молынан көре алмай кетті. Алайда, ол әйдік әулеттің, ұлағатты ұрпақтың іргетасын берік етіп қалап кеткен еді.

Шіркін дүние, егер де тірі болса, Алтынхандай жөні бөлек жайсаң жан  бүгінде сексеннің сеңігіріне шығып, елі мен жұртын қуанышқа бөлеп жатар еді-ау. Дегенмен, орнында бар оңалар деген. Сом жүрегі сырлы, мінезі қырлы, көкірегі көрікті болып өткен азаматтың  алды пейіш, арты кеніш болсын деп тілейді бүгінде сыйлас замандастары мен ағайын-туысқандары, ұрпақтары.

Айқын НЕСІПБАЙ.

Суретте: солдан оңға қарай бірінші Алтынхан ӘУҒАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button