«Алты жыл аш жүрсең де, ата салтыңды ұмытпа»

«Үйіңде қартың болса – асыл қазынаң» дейді қазақ. Қай заманда болсын, ұрпағы үшін бойындағы бар жақсысын беріп, бағыт-бағдар көрсетер аға буынның қоғамдағы орны зор. Отбасын шағын мемлекет десек, оның ішкі және сыртқы саясатын көрсетіп, дұрысы мен бұрысын айтып, бала тәрбиесінде де жол сілтейтін осы – аға буын өкілдері. Әр кезеңді бастарынан өткеріп, дүниенің небір байлығына бергісіз тәжірибе жинаған ардагерлер Елбасының тапсырмаларын орындауға келгенде де алдыңғы орында. Сол тәжірибе – жастар үшін таптырмас құрал. Қоғам өміріне белсенді атсалысып, нағыз заманауи әрі патриот жастарды тәрбиелеуде белсенділік танытып жүрген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожинмен әңгімелескен едік…

Оралды Тұрсынұлы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына да екі жылға жуық уақыт өтті. Әлбетте, жақсы дүниенің ел арасында насихатталуы оның дұрыс қабылдануына, бұқаралық сипатқа ие болуына тікелей әсері болмақ. Облыстық ардагерлер кеңесі осы бағытта қандай жұмыстар атқарды?

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғалы бері ардагерлер кеңесі тынымсыз еңбек етуде. Облыстық, аудандық, қалалық ардагерлер кеңесі 2018 жылы көшпелі семинарлар өткізді. Мәселен, әр өңірге барған сайын жергілікті жерлердегі ардагерлер кеңесінің төрағалары мақалаға қатысты баяндамалар оқып, өздерінің тәжірибелерімен бөліседі. Балқаш қаласында Тайтөлеу Жұманов қалалық ардагерлер кеңесі құрамының қатарын нығайтуда, Президент Нұрсұлтан Наразбаевтың мақаласында көзделген ұсыныс-міндеттерді жүзеге асыруда абыройлы құрметке бөленген жергілікті ардагерлер ролі мен іс-әрекетінің маңызын көтерудегі жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Ал, Қарқаралы ауданындағы семинарда жастар санасына туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін сіңіру мәселесі қозғалды.

Осындай көшпелі семинарлар Теміртау қаласында, Ақтоғай, Нұра аудандарында өтті. Семинар тақырыптары Елбасының мақаласындағы тапсырмаларын орындауға бағытталған. Яғни, тәрбие, туған жерге деген сүйіспеншілік, салтымызды сақтау мәселелері қамтылған. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысындағы Отан қорғаушылардың ерліктеріне мәңгілік құрмет сезімін нығайту да назардан тыс қалған жоқ.

Тәрбиелеу – алдымен іс-әрекетіңмен үлгі болу. Қазіргі ақпарат заманында өскелең ұрпақ үлкеннің ақылына зәру емес деген пікір де туындауы мүмкін. Бұл – қате. Егер өзіміз елімізді, жерімізді, тілімізді, салтымызды құрметтеп, ардагерлерімізді ұлықтап отырсақ, тәрбиенің бастауы, ұрпақ сабақтастығы деген осы.

Кейіннен көшпелі семинарларда оқылған баяндамаларды шағын кітапша етіп бастырып, аудандық, қалалық ардагерлер кеңесіне тараттық. Бұндағы мақсат – Елбасы тапсырмаларын орындау барысында әр қаланың, ауданның тәжірибелерін өздерінің жұмыстарында басшылыққа алу, бағыт-бағдар сілтеу.

Мақалада «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» деп, нақты айтылған. Қазіргі қоғамда ысырапшылдық пен астамшылық сәнге айналып кеткен жоқ па?

Прагматизм туралы айтсақ, еліміздің жерге деген ерекше ұқыптылығын айтуға болады. Жер сақталсын, малдың тұяғы шөптің тамырын құртып жібермесін деп көшпелі өмір салтын ұстанды. Бірақ, солай бола тұра, салтын, мәдениетін дамытты. Бүкіл әлем соның игілігін көрді десек артық емес. Кейіннен Кеңес үкіметінің тың игеру уақытында астық керек деп, жердің бәрі жыртылды. Әрине, астық керек, ол да – қажеттіліктен туған дүние. Сол арқылы ауыл шаруашылығы дамыды. Бірақ, қаншама жер құнарлылығын жоғалтты, жайылымдардан айырылдық.

Ысырапшылдық демекші, қазір той жасауда бәсекеге түстік. Несие алып, 200-300 адам шақырып, аста-төк той жасау сәнге айналған. Даңғырлаған музыка, бей-берекет айтылатын әзіл-қалжың тойдың берекесін алды. Тіпті, аузындағы сөзінің өзін дұрыс жеткізіп, тойды дұрыс басқара алмайтын асабаларға қарап, қынжыласың. Көптің басы қосылған осындай жиын кезінде күнде кездесе бермейтін жақындарыңның өзімен әңгімелесуге де мүмкіндік жоқ. Сыңсып тұрған дастархандағы тамақ та желінбей рәсуа. Бір күндік қызықтың соңынан несиені қайтаратын кез келгенде енді ғана қосылған жас отбасының да, ата-ананың да берекесі кетеді. Алмақтың да салмағы бар. Сондықтан, осындай жағдайға келгенде ақсақалдарымыз дұрыс ақыл айтып, жөн сілтеп отырғаны жөн. Елбасы айтқан мінез құлықтың прагматизмі міне – осы.

Ел бәсекеге қабілетті болу үшін халқының өзі осы қабілетке ие болуы керек екеніне көзіміз жетті. Ақпарат заманының технология жаңалықтарын үйрену, уақыт талабына сай болу арқылы жастарға үлгі бола білу де рухани жаңғырудың бір мысалы болар…

Біз Елбасының мақаласындағы тапсырмаларды халыққа жеткізуді аудандық әкімдіктермен, сондай-ақ жастар ұйымдарымен бірлесе атқаруға тырысамыз. Сөзді тыңдата білу үшін ең алдымен, ісіңмен үлгі бола білу керек. Аудандарды аралап, семинарлар өткізген кезімізде сол жердегі белсенді ардагерлер концерттік бағдарламаларын ұйымдастырып, оған жастар да ат салысады. Үлкендердің көңілі көтеріліп қайтса, жастар жағы аға буынның атқаратын шаруаларын көріп, өздеріне ой түйеді.

Біздің мақсатымыз – дамыған отыз елдің қатарына кіру. Ол үшін өндірісті жаңарту, жаңа инновациялық технологияларды пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту керек. Бастысы – білім болу керек. Жастар бәсекеге қабілетті боламын десе – үш тілді қатар меңгеруі тиіс. Елбасының да талабы – осы. Әлемнің 70 пайызы ағылшын тілінде сөйлейді, жаңалық атаулының бәрі – ағылшын тілінде. Технологияны меңгеру демекші, үлкендеріміз сыртта оқуда жүрген немерешөберелерімен «скайп» арқылы сөйлесіп, мауқын басып отырса тамаша емес пе?! Осы мақсатта қаламыздағы «Достық үйінде» «Белсенді өмір» орталығы ашылды. Қарияларымыз компьютер үйреніп, ағылшын тілін меңгереді, мамандар латын қарпін де үйретеді. Міне, жастарды тәрбиелеу, оларға үлгі болу осындай шаралардан басталады.

Ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуда, ұлттық болмысты сақтауда ақсақал ретінде жастарға қандай ұсыныс айтар едіңіз?

«Алты жыл аш жүрсең де, ата салтыңды ұмытпа» деген сөз бар. Әрине, дәстүрдің озығы да, тозығы да бар. Ұлттық бірегейлікті сақтау керек дейді Елбасымыз. Салт- дәстүрлердің ең жақсысын, лайықтысын, пайдалысын әрі қарай жалғастыру керек. Мақалада көзделген міндет-ұсыныстарды жүзеге асыруда абыройлы құрметке бөленген жергілікті ардагерлер дәстүрлерімізді үйретіп, жастарға бағыт-бағдар беруден еш танған емес. Уақыт деген тез өтеді. Ертең олардың өздері отбасылы болады. Қиыншылық қай кезде де болған. Соған қарамастан, жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Елбасының талабы да – осы.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Салтанат ИЛЬЯШОВА.