Жаңалықтар

Алаяқтық алаңдатып тұр

Қазір қалтаұрыларынан гөрі, интернеттегі жымысқылардың тірлігі жаға ұстатады. Әрине, заман талабына сай жұрттың көбі ақшасын әмиянда емес, банк карточкасында ұстағанды қолайлы көреді. Бәлкім, себеп осыдан да болар, әйтеуір, жәбірленушілер түрлі тәсілмен интернет арқылы қаражатынан қағылып жатады. Бұл қатарға мені де қосып қойыңыз…

ТҮЙМЕ ҰРЛАҒАН ДА – ҰРЫ

Мен ұрылардың қармағына қарапайым түрде іліндім. «OLX» сауда желісінен жөндеуден өткен, жаңа жиһазбен жабдықталған 2 бөлмелі пәтерді тауып, бірден қожайынына хабарластым. Тілі жатық жігіт екен. Аузына Алланы алды. Имандай сенгенім сол, алдын-ала 5 мың теңгесін аударып, қалған бөлігін кешкілік кілтті аларда төлейтін болып келістік. Түс ауа өзі хабарласты. Несие төлейтінін айтып, ақшаны толық аударуымды өтінді. «Кaspi. kz» банк бағдарламамда ондай қаражат болмай, Құдай қақты. Кешкілік кілтті алайын деп хабарлассам, телефонын өшіріп тастапты. Сол арзан жарнамамен біраз қоңырау шалушылардың қалтасын қаққаны анық. Өйткені, хабарласа қалсам, желі үнемі бос емес. Қазекең сияқты, «садақа» дедім де, 5 мың теңгеге бола шаруалы болғым келмеді. Бірақ, түйе ұрлаған да – ұры, түйме ұрлаған да – ұры емес пе?

Осы секілді «koleso.kz» құрылғысындағы арзан көліктерге қызыққан жұрт алдын-ала төлем жасап, жиі алданады. Немесе сайманға да тек телефон арқылы бағасын келісіп, ақшаны алдын-ала аударып, артынша «арзанның сорпасы татымас» деп санын соғып қалады.

Бәзбіреумен жасаған онлайн-сауданың сан соқтырар тұсы – осы. Дәл осындай ақша жымқырудан жәбір көргендердің саны облыста 173 екен. Ал, мен секілді «садақамен» есептесе салғандардың саны бұдан көп болуы мүмкін.

ЖАЛҒАН БАНК ҚЫЗМЕТКЕРІ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Интернеттегі алаяқтық фактісі былтырғы осы кезеңге қарағанда биыл екі есе өсіп отыр. Мәселен, осы жылдың екі айының өзінде 516 қылмыстық іс тіркелген. Шағымданушылардың дені «банк қызметкерімін» деп хабарласқандардан зардап шеккен. Олардың қулығына құрық бойласын ба? Әйтеуір, амалын тауып, қалауын алады, ал, аузы күйгеннің шағымданудан басқа қандай шарасы қалады? Облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Әбіл Әбілдин мұндай хаккерлердің қолға түсуі екіталай екенін айтады.

7-наурызда Бұқар жырау ауданының тұрғынына алаяқ жалған құжаттар жіберіп, оны банктен несие рәсімдеуге көндіреді. Жәбірленуші бірден келісіп, несие рәсімдейді. Бірақ, банк қызметкерлері «сізді интернеттегі ұры алдап, арбауына түсірмекші» деп қанша ескертсе де, құлақ аспапты. Тіпті, банктегілер банк карточкасын бұғаттап тастапты. Оған көнбеген жәбірленуші карточкасын бұғаттаудан шешіп, алаяқтардың шотына ақшасын аударып жіберіпті.

– Негізі, кибералаяқтардың дені шетелден. Біз іздестіру шарасы кезінде телефон нөмірдің Ресейдің Қазан, Новосибирск қаласында тіркелгендігіне көз жеткіземіз. Оның ішінде өздерін «банк қызметкерімін» деп таныстыратындар аса көп. Көбіне банк құрылғысының тілін, схемасын білмейтіндер жәбірленіп жатады. Облыста мұндай қылмыстың 128 фактісі тіркелді, – дейді Әбіл Әбілдин.

Жалған банк қызметкерінен жәбір көрген жаңаарқалық тұрғын да ақшасының қалай қолды болғанына аң-таң. «25-ақпанда телефоныма белгісіз біреу «банк қызметкерімін» деп қоңырау шалып, «Несиеге сұраныс бергеніңізді растайсыз ба?» деп сұрақ қойды. Мен: «несиеге сұраныс берген жоқпын» дедім. Сол уақытта ұялы телефонымдағы банк құрылғыма кіріп, «Менің банкім» бөлімінен белгілі бір тетікті басуымды өтінді. Сол уақытта барып, менің шотымдағы ақшаны жымқырғанына көзім жетті» дейді жәбірленуші.

ЖЕКЕ МӘЛІМЕТТІ ЖЕЛІГЕ ЖҮКТЕМЕҢІЗ!

Касперский зертханасының зерттеу қорытындысы бойынша, 73% жағдайда ұрылар адамға жеке нөмірі бойынша хабарласады екен. Онымен қоса, қоңырау шалатын арнайы уақыттары – дүйсенбі-бейсенбі күндері сағат 11.00-18.00 аралығы.

Қарағандының 33 тұрғынын алдап, ақша жымқырған Алматы қаласының екі тұрғыны ұсталды. Тапқан ақшасына Эмиратта демалып келіпті. Келе салысымен пәтер жалдаған оларды тәртіп сақшылары қолға түсіреді. Әдеттегідей, үстелдің үстіне телефондарын үйіп тастап, кәсіптеріне білек сыбана кірісіпті. Қазір екеуі қамауда, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Негізі, көбіне жеке мәліметтеріне сақ болмағандар, сан соғады, дейді мамандар. Бұлай айтуымның себебі, полиция қызметкерлері Қарағандыдағы банктің бірінде менеджер болып қызмет атқаратын күдіктіні қолға түсіріпті. Ол өзінде жеке мәліметтері бар үш адамның атынан онлайн несие алған.

Абзалы, жеке мәліметті желіге жүктемеген жөн, дейді полиция қызметкерлері.

«САҚТАНСАҢ – САҚТАЙДЫ»

Жоғарыда айттық қой, онлайн-сауда барысында қызмет көрсетушінің растығына көз жеткізбесеңіз, опық жеп қалатыныңызды. Көбісі, тауар алатын кезде алдын ала төлем жасап, артынша алданғанын ұғады. Интернетте біз біле бермейтін мынадай ақша жымқыру әдісі де бар екен.

«Бұрын интернеттегі алаяқтар туралы тек теледидардан естуші едік. Жақында ғана солардың құрбаны болдым. Ұлым Алматыда әскери борышын өтеп жүр. «Балаңыз қылмыс жасады, тез арада арашалап алу үшін 800 мың теңге аударыңыз» деп хабарласты. Балам болып сөйлесіп: «тым болмаса 400 мың теңге жіберіңізші» деп тездетуімді өтінді. Кейін барып, олардың мені алдап, бопсалағандарын білдім» дейді жаңаарқалық жәбірленуші.

Зер салып қарасаңыз, ұры жәбірленушінің ұлы әскерде екенін әлеуметтік желі арқылы біліп, ананың жанды жерінен дөп басқан. Ішкі істер департаментінің өкілдері ақпараттарды, хабарламаларды желіге жүктегенде барынша сақ болуға шақырады.

– Желі парақшасында үйіңіздің нақты мекенжайы сынды жеке ақпаратты жазбаңыз. Қоғамдық желілердегі профильдарыңызды жеке, яғни сіз жайлы ақпаратты тек достарыңыз көретіндей етіп баптаңыз. Достығыңызға да тек шын өмірдегі таныстарыңызды қосыңыз. Танымайтын адамдардан келген жеке хабарламамен келген сілтемелерге өтпеңіз. Спамға ұқсайтын, күмәнді хаттарды ашпай бірден өшіріңіз. Және интернеттегі құпия сөзіңізге сақ болыңыз, – дейді облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияр.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

 

 

Басқа материалдар

Back to top button