Руханият

Алаштың ағартушысы

Қазақ әдебиетінің ірге тасын қалаған Алаш арыстарының ішінде Абай және Ыбырай салған ағартушылық бағытты жалғастырушы, ғалым, журналист, әдебиет зерттеуші, тюрколог, аудармашы, ұлт ұстазы, ақын Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ орны өзгеше, бөлек.

Қалам ұстап, ой кешкен ғұламаның қазақ әдебиетіндегі негізгі жанрларды қалыптастырып, өрісті һәм жемісті шығармашылығы, оның жазған поэзиялық туындыларын айтпағанда зерттеу еңбектері біздің сөз өнерімізге қосылған қымбат қазына. Жан-жақты өнер иесі, сегіз қырлы, бір сырлы арыстың қаламынан туған құнды дүниелер жұрттың ой-санасында, елдің ақыл-зердесінде мәңгілікке қалды. Олай дейтініміз, қазақтың бас ақыны Абайдың өшпес рух, мәңгілік алау болып маздаған, болашақ ұрпақпен сырласу хақында терең тебіреніспен жазған өлеңдерін жеткізуші, оқырманмен қауыштырушы ретінде еңбегі ерен. Қазақ баласын қараңғылықтан, жарыққа бастаған тұңғыш танымдық оқулық құрастырушы Ахмет болғандығын ешкім жоққа шығармайды. Алғаш қазақша әліппені жасауы, араб жазуына кіргізген өзгерісі, ана тіліміздің негізгі терминдерін қалыптастырып, жазу-сызудағы ұлы еңбегі туралы талайлар тәптіштеп жеткізді. Солардың ішінде, қазақ қаламгері Сәбит Мұқанов: «Ахметтің Октябрь төңкерісіне шейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі сықылды орындарда оның еңбегі мол… Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазаатқан сүбелі еңбек еді. Сондай-ақ, сол жылы Ташкентте «Әдебиет танытқыш» («Теория словесности») деген атпен басылған еңбегінің құны өлшеусіз еді. Мұнда әрбір термин сөздің мән-мағынасын ұғындырып, бірнеше мысал келтіріп жазды. Мәселен, «архитектура» деген сөзді – сәулет өнері, «скульптура» дегенді сымбат өнері деп атап, түсіндіріп, «тайға таңба басқандай» көрсетті. Және өлең құрылымын, өлең айшықтары, шумақ түрлері, тармақ, буын, ұйқас сияқты өлеңтанудың негізгі жолын «соқырға таяқ ұстатқандай» көрсетіп, талдап жеткізді.

Ахметтің «Маса» атты әйгілі өлеңдер жинағы қалың оқырман, бүгінгі ұрпақ, болашақ буын үшін тарихи маңызы зор болды. «Маса» – патша заманында қазақ халқының басынан кешкен аса ауыр хал-ахуалын айнытпай суреттеп берген, шыншыл көркем шығарма ретінде оқырманның жүрегінің төрінен орын алды. Ол себебі, дәуір туындысы еді. Ал, ақынның «Қырық мысал» кітабын Крыловтың аудармасына балау ағаттық болар. Өйткені, Ахмет Байтұрсынов Крылов мысалдарының тақырыбын ғана алып, өзінің төл шығармасындай емін-еркін жырлап, поэзияға терең бойлап, биік парасатпен, көңілге тоқып, жүректерге ұялатты. «Қартайған арыстан», «Аққу, шортан һәм шаян», «Өгіз бен бақа», «Ат пен есек», «Қайырымды түлкі» мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды қозғап, оқиғаларды адамдар арасындағы жағымсыз қылықтарды көрсете білді. «Қартайған арыстан» мысалында: «Бақ қонса, cыйлар алаш ағайын да, Келе алмас жaман батып маңайыңa. Бaсыңның бақыт құсы ұшқан күні. Құл-құтан баcынады, малайың да», – деп әлеуметтік мәселені арқау етіп, жеткізеді. Атап айтқанда, ақын мысал өлеңдерінде адалдық пен арамдық, талан пен күншілдік, достық пен қастандық туралы ой толғаныс, көңілдің көрігін басып, ақиқаттың ақ сандығын ашты. Заман тынысын, мезгіл мінезін тамыршыдай тап басып танитын Ахмет Байтұрсынұлының қай шығармасын оқысаң да, жон арқадай жоталы туындылар. Ұлттың Ұлы ұстазына, Алаштың ағартушысына айналған Ахмет бабамыз жалаң ниет, жалаңаш идея емес, жарқын болашаққа, қатал шындыққа қаламын қайрап, жұмыр басын жұрты үшін өлімге байлаған қайталанбас тұлға ретінде оқыған сайын тани түсеміз. Қайралған қанжардың жүзінде жүріп, Тәуелсіздік жолында күрескен қайран ерлер қалың елінің есінде мәңгілікке сақталары сөзсіз.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button