Ресми

«АlashTime» облыстық форум-байқауы өтті

Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мұрасына арналған облыстық «Аlash Time» форум-байқауы өтті.

Форум-байқау кітапхананың бірінші қабатында орналасқан «Әлихан Бөкейхан – дәуір тұлғасы» атты диалог-көрмесімен ашылды. Ашылу салтанатында тарихшы ғалым, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Тілеуғалы Әміртайұлы құттықтау сөз сөйлеп, форум-байқаудың жұмысына сәттілік тіледі. Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушылары Алаш қайраткерлерінің Әлиханға арнаған өлеңдерін жатқа оқып, оқырмандарды жауһар жырмен сусындатты.

Іс-шара «Әлихан һәм қазақ елі» тақырыбында ашық алаңмен жалғасты. Ашық алаңға «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының ғалымдары, ақын-жазушылар, өлкетанушылар, тарих пәнінің мұғалімдері, кітапханашылар, студенттер қатысты.

Басқосуды академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Әділет Жағыпар модератор ретінде жүргізіп отырды.

Бұл алаңда тарихшы ғалымдар Н. Бейсенбекова, Т.Аршабеков, Т. Әміртайұлы «Әлихан Бөкейхан – тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясының негізін салушы», «Әлихан Бөкейхан – әлемдік тұлға» деген тақырыпта ой толғады. Оқырман қауым өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына тұщымды жауаптарын алып, жиын соңы пікір алмасумен жалғасты.

Іс-шараның екінші кезеңінде «Аlash Time» форум-байқауының ақтық сынына өткен ақындар қазылар алқасының алдында өз өлеңдерін оқып, бақтарын сынады.

Бұл байқауға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ілияс Мұқай, (қазылар алқасының төрағасы), ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Мүсіркеп Сейдахмет, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың журналистика факультетінің аға оқытушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әлімжан Құтжанұлы қазылық етті.

Марапаттау салтанатында сөз алған Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев жыр сүйер қауымды рух мерекесімен құттықтап, өскелең ұрпақ үшін, ұлт мүддесі үшін осындай шаралардың алар орнының ерекше екенін атап өтті. Қазылар алқасының шешімімен байқаудың Бас жүлдесі талантты ақын Абзал Мақашқа (300 000 теңге), І орын Кәмшат Хасенге, (150 000 теңге), ІІ орын Мағжан Асқарға (100 000 тенге), ІІІ орын Ербұлан Мақатай мен Әгенқызы Таңсәулеге (әрқайсына 80 000 теңгеден ) бұйырды. Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасып, жүлделі орын алған жеңімпаздар өлеңдерін оқыды.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button