«Алаш арыстары» музейі – ғибрат ордасы
Алаш жұртының ұғымында Алашорданың астанасы саналатын Семей қаласындағы қастерлі орындардың бірі һәм бірегейі – «Алаш арыстары» музей-үйі. Ұлағаттың ұясы іспетті екіқабатты үй ХІХ ғасырдың екінші жартысында бой көтерген екен. Оның бірінші қабаты кірпішпен өрілсе, жоғарғы қабаты ағаштан құрастырылған.
Сол дәуірдегі келбеті келісті үйдің иесі – Шыңғыс болысының тумасы, Абайдың замандасы әрі өзі тікелей тәрбиелеп өсірген шәкірті Әнияр Молдабаев (1856-1934 жж.). Бұл кісі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кейіпкер Данияр Қондыбаевтың прототипі. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, бүгінде музейге айналған осынау еңселі үйді Ә.Молдабаев Абайдың қаржылай қолдауымен Москвин деген көпестен 1898 жылы сатып алады.
Қалаға келген сапары кезінде ұлы ақын осы үйге тоқтап, екінші қабаттағы өзіне арнайы бөлінген бөлмеге орналасады екен. Мұнда жиі атбасын бұратын қонақтардың қатарында Абайдың ұлдары, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жаңатаев және басқада тарихи тұлғалар болған. Мұхтар Әуезов те өз қолымен толтырған құжаттарында өзінің тұрғылықты мекен-жайы ретінде осы үйді көрсетіп отырған. Бұл үйде Ахмет Байтұрсынов зайыбымен бірге біршама уақыт тұрған. Алашорда жетекшілері Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов пен өзге де қайраткерлер мәслихат құру үшін осы шаңырақта жиі бас қосып отырған.
1944-1967 жылдары ұлы ақынның тыныс-тірлігіне тікелей қатысы болғандықтан, бұл жерде Абай музейі орналасқан еді. Содан соң 1988 жылға дейін көне ғимарат қалалық балалар кітапханасының қарауында болады. Кейін Абай мемлекеттік қорық-музейінің балансына беріліп, Абай музейінің жәдігерлері уақытша орналастырылады.
1997 жылдың қыркүйек айында аталған ғимаратта Алаш қозғалысының тарихына арналған музей ашылады. Сол кезде бұл Тәуелсіз Қазақстанда тұсауы кесілген осы бағыттағы тұңғыш музей еді.
Дара бітімді жазушы Мұхтар Әуезовтің ғұмырбаяны Алаш қозғалысымен тікелей байланысты екені белгілі. Сол себепті, оның өткен ғасырдың 20-шы жылдардағы өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер де музей сөрелерінен орын тапқан.
Музей экспонаттары ғимараттың екінші қабатында, тақырыптық бөлініске сай төрт залға орналасқан. Оларды тамашалаушылар Алаш қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекеттері мен шығармашылығы туралы жан-жақты әрі кең сипатты мәліметтермен таныса алады. Жұртшылық назарына қозғалыстың қалыптасуы мен қызметінің одан әрі өрбуі хақындағы құжаттар мен сирек кездесетін фотосуреттер ұсынылған. Музейдегі сол кезеңге тиесілі кітаптар мен қолжазбалар – кейінгі буын үшін айтары мол қазына.
Алаш қозғалысының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу мен жәдігерлерді қайыра жаңғырту шаралары қолға алынған болатын. Соған орай, музей экспозициясын жаңғыртудың жаңа тұжырымдамасы түзу жоспарланып, оны әзірлеуге белгілі алаштанушы ғалымдар Д.Қамзабекұлы мен С.Аққұлы тартылған еді. Жаңа тұжырымдама негізінде музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспары жасалған. Соған орай, музейдің тың мазмұндағы экспозициясын ғимараттың екі қабатына да орналастыру жөнінде шеші қабылданған-тын.
2017 жылы ғимаратты жөндеу және жәдігерлерді жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде зор ынтамен жүргізілді. Нәтижесінде Алаш қозғалысының көшбасшылары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатовтың балауыз мүсіндері пайда болды. Музейге барғандар, сондай-ақ, Шәкәрім Құдайбердіұлы мен жасөспірім Мұхтар Әуезовтің балауыздан сомдалған мүсіндерін де тамашалай алады. Музей ғимаратының төменгі қабатында ХХ ғасырдың бастапқы кезеңіндегі қалалық үйлердің ішкі келбетін сипаттайтын көріністер өте үйлесімді берілген.
Қысқасы, Семейдегі «Алаш арыстары» музей-үйінде шерлі кезеңнің шежіресін зерттеушілерге, туристер мен қала қонақтарына ұлттың ұлағатын дәріптеп, Алаш жұртын азаттыққа үндеген, сол жолда бастарын бәйгеге тіккен біртуар қайраткерлердің ғибратты ғұмырын өшпес өнеге ретінде айшықты түрде ұсынатын жәдігерлер жетіп артылады.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.