Қаламның ұшында ҒАЛАМ тұр

     Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Ауыл» партия­сы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталының» ұйымдастыруымен ауыл тақырыбына арналған жас ақындар мен жазушылардың арасында «Ауылым – Алтын тұғырым» атты әдеби онлайын конкурсы өткен болатын. Аталмыш додадан арқаның қос азаматы – Ілияс МҰҚАЙ мен Алмаз МЫРЗАХМЕТОВ олжалы оралды.

     Поэзия аталымы бойынша өткен байқауға жүзден аса ақын қатысып, олардың ішінде Тұманбай Молдағалиев атындағы арнайы сыйлықты Ілияс Мұқай еншіледі. Бұған дейін Ілияс ақын Бұқар жырау, Төлеген Айбергенов, Нұрлан Мәукенұлы атындағы сыйлықты иеленген. Енді, міне, Тұнық жырдың тұмасы – Тұманбай ағамыздың атындағы жүлде жүйрікке шабыс қосары сөзсіз. Сонымен қатар, Алаш түгілі халықаралық ауқымды қамтыған аламанда проза, драматургия жанрлары бойынша үміткерлердің шығармасы сынға түсті. Осы орайда, оза шауып бәйге алған Алмаз Мырзахметтің биігін айтқанымыз жөн. Поэзия мен прозаның тізгінін қатар ұстаған замандасымыз драматургияға да қалам сілтеп, қарымын көрсетті. Шығармасын жоғары бағалаған қазылар алқасы Алмазды екінші орынға лайық деп таныды. Ақ қағаз – сырласына, қара қалам – мұңдасына айналған жігіттерді бұл байқау қанаттандырғаны анық. Жазудың соңына түскен тастүлектердің ұшар биігі де, қонар жайсаңы да – өз қолдарында. Сәттілік серік болсын!

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.