Бас тақырып

Қаламгер мұрасы – ғылыми айналымда

Қазақ журналистикасынан ойып тұрып орнын алған редактор-жазушы Мағауия СЕМБАЙ жайлы алғаш дипломдық жұмыс қорғалды. Қаламынан туған ойлы дүниелері оқырмандар жүрегіне жол тапқан қазақ баспасөзі қыранының өмір-дерегін дипломдық жұмысына арқау еткен Ақсәуле СЕЙІЛХАН – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің журналистика бөлімінің IV курс студенті.

Дипломдық жұмыс «Мағауия Сембай публицистикасындағы ұлттық құндылық тұжырымдары» тақырыбын қозғайды.

Дипломдық жұмыс екі тараудан тұрады. «Мағауия Сембай – журналист, редактор, тұлға» атты алғашқы тарауының өзі екі бөлімге бөлінген. Алғашқы бөлімде «Қазақ журналистикасының төлқұжатына айналған тұлғаның өмір жолы, шығармашылық ізденістері» деген атпен ағамыздың өмірбаяны мен шығармашылық шыңының алғашқы кезеңдері сипатталады. Көрген қиындықтары мен студенттік шағының бір бөлігі көрсетілген. Келесі бөлімде редакторлық қызметі толықтай әңгімеленеді.

Диплом жазу барысында қаламгерге қатысты барлық материалдарды жинадым. Оның ішінде өзі қызмет атқарған «Ortalyq Qazaqstan» газеті, «Құбылыс» және «Жерұйық» жинақтарынан мағлұмат алуға тырыстым. Қазақ журналистикасының белді өкіліне айналған тұлғаның өмір жолы, шығармашылық ізденістері айтылады. Очерк, сұхбат, мақала, ой-тамызықтарындағы ұлттық құндылық тұжырымдары, редакторлық қызметіне тоқталдым. Әріптестерінің естеліктері де өшпес мұра болып қала бермек. Сол құнды естеліктермен бөлісіп, қызметтес болған азаматтардың жылы лебіздерін жинақтадым.

Зерттеу барысында негізінен публицистің қызмет атқарған, талай жыл редактор болған «Ortalyq Qazaqstan» газеті негізгі материал құралы болды. Әсіресе, талай әріптестерінің айтуымен, сұхбаттарына сүйене жазылған бұл зерттеу Мағауия Сембай жайлы жазылатын бір кітаптың бастамасы деп білем. Бұрын соңды газетке шын берілген журналист – Мағауия Сланбекұлы жайлы дипломдық жұмыс жазылмағандықтан, бұл зерттеу журналистің жаңа қырын ашады деп ойлаймын. Зерттеу жұмысым ағамыз жайлы еңбектерді бір арнаға тоғыстырып отыр, – дейді Ақсәуле Еділқызы.

Ақсәуле дипломдық жұмысты жазу барысында газет ісі жайлы біраз ақпарат алғанын айтады. «Мағауия Сембай тек редактор, «Ortalyq Qazaqstan» тек редакция емес, біреуі – ұстаз, біреуі – ұстахана. Шынтуайтында, таланттарға табалдырық, «балағында биті барларға» баспалдақ болған осы екі мектептен тәлім алғандар талай ортаны таң қалдырып жүр қазір» дейді ол. Ұстаздарынан алған білімі мен зерттеу барысында көзі жеткен тәжірибесі мамандығына оң әсер ететініне нық сенімді. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясы ғылыми жұмысты «үздік» деп бағалады.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button