Бас тақырып

«Қалайша қиямыз, ұшырса ұямыз…»

Биылғы оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау соғылды. Десе де, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». Ол баршаға белгілі жайт. Өйткені, мектептердегі салтанатты жиын ұғымда жатталып қалған 25 мамырда емес, алғаш рет 1 маусымда өтті.

Облыста жеті мыңнан аса түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, жүрегі алып-ұшып, үлкен өмірге қанат қақты. Ата-аналар мен мұғалімдерде, мектеп бітіріп жатқан түлектердің жүзінде толқу, қимастық бар.

Көптен күткен жазғы демалысына шыққан балалар да мәз-мейрам. Осы кезеңде олардың жазғы демалысы мен қауіпсіздігіне баса мән беріледі.

Облыстың білім басқармасының мә­ліметіне сәйкес, биыл өңірде 11-сыныпты 7 260 түлек, 9-сыныпты 15 826 бала бітірді. 142 түлек «Алтын белгіге», 412 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер, ал 9-сыныптарда үздік аттестатқа 891 оқушы ұсынылған.

Соңғы қоңырау салтанатында мұғалімдерге сыйлық беру үрдісі тоқтатылды. Сондай-ақ, аниматорларды жалдауға рұқсат етілмеді. Мұны білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Әдекенова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ата-аналар мен мұғалімдердің есіне салды.

– Мектептің салтанатты жиынын өткізу туралы шешім ата-аналар қауымымен бірлесіп қабылданды. Оны өткізу кезінде ата- аналардан қаражат жинауға, аниматорларды шақыруға жол берілмейтінін атап өткім келеді. Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық беруге тыйым салынады. Сонымен қатар, мектептерді жөндеуге және материалдық базаны жаңартуға ақша жинауға ты-йым салынады. Ата-аналар мен мұғалімдер осы ережелерді қатаң сақтауы керек, – деді Бақтыгүл Науқанбайқызы.

Осы оқу жылы да қала мектептері үшін жетістікке толы болды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім­нің айтуынша, қаланың маңдайалды мектептері биыл да халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан жүлде әкеліп, мектеп абыройын асырған.

– Бұл оқу жылы қала мектептері үшін табысты жыл болды. Қарағанды қаласының мектептері арасында жетістігі жағынан Абай, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Шәкәрім, Қ.Сәтбаев атындағы гимназиялар, Б.Момышұлы атындағы, №36 ЖББ мектептер, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейі, №1, №3, №97 гимназиялар, №2 лицей, №32 ЖББМ көш бастап тұр. Бұл мектептер сапалы білім берумен қатар, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарынан, байқаулардан үнемі жүлделі орындар алып келеді, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.

Мектеп бітіру сәті әркімнің ойында қалатын аяулы сәт. Себебі, мектеп – әр баланың балалық шағының куәсі. Ол сонысымен де ыстық, – дейді ата-ана Дина Жанұзақова.

– Менің ұлым әл-Фараби атындағы гимназияны бітірді. Соңғы қоңырау салтанатына қатыстық. Өздері оқыған мектепті, қатарластарын әлден қимайтыны түлектердің жүзінен байқалып тұрды. Ұлым ҰБТ-ны 9 маусымда тапсырады. Алдағы уақытта экономика факультетіне маркетинг мамандығы бойынша оқуға түскісі келеді. Барша түлекке сәт сапар тілеп, сынақтан сүрінбей өтсін демекпін, – деді ата-ана.

Қазір түлектер мектепте мемлекеттік емтихан тапсырып жатыр. Емтихан 9-сынып оқушыларына 2-13 маусым аралығында, 11-сынып оқушыларына 5-19 маусым аралығында өтеді. 9-сынып оқушылары төрт емтихан, 11-сынып бітірген түлектер бес емтихан тапсырады. Түлектерге аттестат табыстау салтанаты 20-22 маусым аралығында мектеп қабырғасында өтетінін атап өткен жөн.

Мектеп түлектері негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігіне ие. Бұған дейін тапсырған ҰБТ нәтижесі тек ақылы бөлімге түсе алатын оқушыларға ғана жарамды. Негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу 18 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді.

Ал, 9-сынып бітірген түлектер мектепте оқуын жалғастыруға немесе колледжге түсуге мүмкіндігі бар. Қарағанды облысында 55 колледжде 97 мамандық және 114 біліктілік бойынша оқытылады.

– Биыл мемлекеттік білім беру тапсырыс бойынша 8089 грант бөлінді. Оның 80 пайызы немесе 6470 гранты колледждерге арналған. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына түсуге құжат қабылдау 25 маусымнан басталады. Құжаттарды колледждерде немесе egov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы тапсыруға болады, – деді басқарма басшысының орынбасары Бақтыгүл Әдекенова.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button