Бас тақырып

Алғашқы көлік тіркелді

Кеше Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды. Мұқанов көшесіндегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-ырғасы 60-тай адам темір тұлпарын рәсімдеуге кірісіп кеткен. Ең бірінші болып мемлекеттік тіркеу нөмірін алған облыс тұрғыны – Мәрлен Наурызбаев.

– 2022 жылы Грузиядан «Лексус» автокөлігін әкелгем. Бүгін барлық құжаттарымды тапсырып, алғашқы жарнасын төлеп, көлігімді заңдастырдым. Қуаныштымын! Құқықтық көмек көрсетіп, құжаттарымды қабылдаған барлық қызметкерлерге алғысымды білдіремін, – деді Мәрлен.

– Бізге осы уақытқа дейін туындаған мәселелері бойынша үш адам жүгінді. Негізінен шетелге шықпай-ақ көлігін шетелдік тіркеуден алу үдерісін қарастыру үстіндеміз. Нақты деректер қосымша хабарланатын болады, – дейді Қарағанды облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев. Бұған дейін шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдастыру барысын қадағалау мақсатында жер-жерде бастамашыл топтар құрылған екен. Біздегі бастамашыл топтың өкілі Балқан Тайшыбаевтың бұл тұрғыда өзіндік пікірі бар. Оның айтуынша, әу бастан ұйымдастыру жұмысында бірқатар ағаттықтар орын алған. Мәселен, осы уақытқа дейін ешқандай есеп пен болжам жүргізілмеген. Ал, оның есебінше шетелдік тіркеудегі көлік саны 500 мыңға жуықтаған. Олардың бәрін қысқа уақыт аралығында өткізе қою неғайбіл нәрсе. Ернар Мұсаевтың көлігі ресейлік тіркеуде. Айтуынша, тіркетуге құжаттарын тапсырған. Алайда, дерекқордан рұқсат келмеген. Осыған байланысты ендігі амалдарды пысықтауға келген. – Шыны керек, бұл үдерістен қолма-қол қазақстандық нөмір алып шығам деп сене қою қиындау. Дегенмен, осы бір мүмкіндікті пайдаланып, соңында бір нәтижеге қол жеткізіп қалармыз, – деді автокөлік иесі. Өз кезегінде халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері шетелдік автокөліктерді заңдастыру кезеңдерін тез әрі дұрыс өтудің бірнеше жолдарын алға тартуда. Ең алдымен, сіз eGov.kz порталы арқылы деректерді тексеруге өтініш беруіңіз керек. Дербес компьютерге қол жеткізе алмайтын автокөлік иелері, еліміздің кез келген ХҚКО-ларында өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы өтініш бере алады. Автокөліктің тіркеу деректері қатесіз толтырылуы маңызды. Өтінімді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі қарастырады. Сіздің өтінішіңіз қабылданған болса, автокөлікті тексеру үшін МХҚО-ға онлайн кезекке тұру қажет.

Ол үшін «мәртебе» парағында «кезекке тұру» батырмасын басып, мекенжайлар тізімінде көрсетілген МХҚО-ның бірін таңдап, соңында күні мен уақытын белгілеу керек. Алдын ала онлайн кезекке тұрмаған жағдайда, азаматтарға қызмет көрсетілмейді. Заңдастыруға рұқсат алған автокөлікті МХҚО-ның тексеру пунктіне белгіленген уақыттан 20 минут бұрын әкелу керек. Талонды тексеру пунктінде немесе «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Тексеру толық өткізілген соң, сіз автокөлікті тіркеу үшін МХҚО ғимаратына өтуіңіз қажет. Одан әрі, сіз қызметкерге автокөлікке меншік құқығын растайтын құжаттың түпнұсқасын және шетелдік көліктің мемлекеттік тіркеу куәлігін тапсырасыз. Осыдан кейін алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж – 4 313 теңге, мемлекеттік нөмір үшін – 9 660 теңге мөлшерінде алым төлейсіз. Төлемді QR арқылы орталықта төлеуге болады. Төлем жүргізілгеннен кейін сол күні сізге техникалық паспорт және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі. Еске салып өтейік, шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары бір реттік акция ретінде ұйымдастырылып жатыр. Көлікті тіркеу 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде.

Ерқанат Кеңесбекұлы,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button