Басты тақырыпСпорт

Алға, Қазақстан!

Қазақстан құрамасы Рио-де-Жанейро шаһарына өткен аптада төрт көзі түгел жетті. Кеше Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Бүгінде қаланың қақ ортасындағы қонақүй кешенінен орын тепкен отандастарымыз жасалған жағдайға көңіл толатындығын айтуда. Көк Тумен көмкерілген зәулім ғимаратта тұрмыстық қажеттіліктер толық қарастырылған екен.

Олимпиадада 104 спортшы ел намысын қорғайды. Бүгінде кейбір спорт түрлері бойынша жеребе тарту шаралары аяқталып, қазақстандық боксшылар мен дзюдошылардың қарсыластары анықталды.

49 келіде өнер көрсететін Біржан Жақыпов рейтингте 6-шы сатыдан орын алуда. Біржан Астана уақыты бойынша 9 тамыз, сағат 02.00-де намибиялық Ха­менуель мен әзірбайжан Хусейнов арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.

52 келідегі Олжас Сәттібаев 13 тамыз күні 20.00-де пуэрто-рикалық Хевьер Синтронмен қолғап түйістіреді.

Қайрат Ералиев (56 келі) 11 тамыздың кешінде әзірбайжан Джавид Чалабиевпен шығады.

60 келідегі Берік Әбдірахманов алғашқы болып шаршы алаңға көтеріледі. Ол 6 тамыз күні таңертең американдық Карлос Бальдераспен кездеседі.

Жерлесіміз Абылайхан Жүсіпов (64 келі) 11 тамыз күні кешқұрым британдық Пэт МакКормакпен мықтылық байқасады.

Команда капитаны Данияр Елеусінов (69 келі) британдық Джош Келли мен мысырлық Валид Мұхамед кездесуінің жеңімпазымен 11 тамызда күш сынасады.

Сондай-ақ, рейтингте 5-ші орындағы Жәнібек Әлімханұлы (75 келі) 8 тамызда британдық Энтони Фаулермен, Әділбек Ниязымбетов (81 келі) 11 тамызда итальян Валентино Манфредониа мен беларусь Михаил Даухалявец кездесуінің мықтысымен, Василий Левит (91 келі) 8 тамызда қытай Ю Фен Хаймен, Иван Дычко (91+ келі) 13 тамызда әзірбайжан Махаммадрасул Маджидов пен марокколық Мұхаммед Архауи жекпе-жегінің жеңімпазымен алаңға шығады.

Бойжеткендеріміз – Жайна Шекербекова (51 келі) 16 тамызда кешке, Дариға Шәкімова (75 келі) 14 тамыз күні таңертең жекпе-жекке шығады деп жоспарлануда.

Олимпиадада дзюдо күресінен 136 елден келген 389 балуан белдеспек.

60 келіге дейінгі салмақта Елдос Сметов ливиялық Алькабис Мұхаммед Эльхадимен сынға түседі.

Жерлесіміз Жансай Смағұлов (66 келі) бельгиялық Яипер Лефебермен мықтыны анықтайды.

73 келідегі Дидар Хамза гамбиялық Файа Нжиемен кездеседі.

Тағы бір жерлесіміз 100 келі салмақтағы Максим Раковқа эстон Григорий Минашкин қарсылық танытады.

Қазіргі таңда сарапшылар қазақстандықтар қанша медальға қол жеткізетіндігіне болжам жасауда. Мәселен, «Gracenote» басылымы «Қазақстан құрамасы 23-ші орынға тұрақтайды» деп тұжырымдап отыр. Айтуынша, отандастарымыз 4 алтын, 3 күміс және 9 қола медаль алып, барлығы 16 медальмен елге оралады екен. Боксшылар – Иван Дычко мен Данияр Елеусінов, ауыр атлеттер – Александр Зай­чиков пен Нижат Рахимов алтыннан алқа тағады-мыс. Ал, «медаль саны бойынша 88 медальмен АҚШ көш бастайды. Екінші орынды 71 медальмен Қытай иеленсе, үздік үштікті 56 медальмен Ұлыбритания тұйықтайды», – дейді басылым «көріпкелдері».

Қарағандылықтар 11 жерлесі­міздің тілеуін тілеп отыр. «Бұйыртса, жүлделі орыннан көрініп қалар» деген үмітіміз басым. Асқақта, Алаш абыройы!

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button