Бас тақырып

Академиялық дербестіктің мүмкіндігі мол

Тігінші мамандығында оқып, колледж бітірген түлек тігін фабрикасына келгенде үстелдің қай жағына отыратынын, тіпті, жұмыстың қалай істелетінін білмеген. Бұл колледждердегі оқу бағдарламасының, құрал-жабдықтардың ескіргенін, мұғалімдердің біліктілігінің талапқа сай еместігін, студенттердің жауапсыздығынан хабар береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде еліміздегі ірі компаниялардың колледждер мен университеттерді өз қамқорлығына алуы туралы ұсыныс айтқан болатын. Бүгінде бұл іс жолға қойылғандай. Облыстағы білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі 32 колледжді 59 кәсіпорын алған. Тек бұл ғана емес, оқу жылының басында колледждерге академиялық дербестік берілді, яғни оқу бағдарламасы өңірлік кәсіпорындармен бірлесе жасалады. Біз бүгін осы мәселеге үңілдік.

Колледждерге академиялық дербестік беру 2022 жылдың қыркүйегінен, яғни осы оқу жылынан басталды.

– Бұрын оқу жоспары мен бағдарламалар колледждерде жалпы үлгілік оқу жоспарлар мен бағдарламаға сай жасалды. Енді олардың мазмұнын 50%-ға дейін өзгертуге рұқсат берілді. Сондай-ақ, оқу жоспарының бөліктері оқу мерзіміне байланысты болды. Ал жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл көбіне ресми түрде жүзеге асты. Оқу бітірген түлектерді жұмысқа қабылдайтын кәсіпорындар сұранысқа сай келетін білім беру бағдарламалары мен практикалық сабақтарды әзірлеуге толық мүмкіндігі болмады. Енді колледждерге берілген академиялық еркіндік бұл жағдайды түбегейлі өзгертті. Жұмыс берушілер білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және сараптауға тікелей қатысады, яғни колледждер оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жалпы бекітілген стандарт бойынша емес, еңбек нарығының, кәсіптік стандарттың, өңірлік ерекшеліктердің және т.б. сұраныстарына қарай әзірлей алады. Әзiрленген бiлiм беру бағдарламалары сараптамадан өтіп, одан кейін барлығына қолжетімді бiлiм беру бағдарламаларының электронды тiзiлiмiне енгiзілді. Қарағанды облысының барлық колледжі академиялық дербестік алды, – деді облыстың білім басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бөлкенбаев.

Академиялық дербестік беру кезінде колледждердегі оқу мерзімі де ескеріледі. Бұрын түрлі біліктіліктер бойынша оқыту мерзімдерінің қатаң регламенті болатын. Яғни, оқу 2 жылдан 4 жылға дейін жалғасатын. 2021 жылы бұл ереже «Білім туралы» Заңнан алынып тасталды. Бүгінде колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқу мерзімін айқындайды. Бұл теория мен практика арасындағы алшақтықты жояды, сонымен қатар, кәсіпорындарға кадрларды ауыстыруға мүмкіндік береді. Осындай шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұранысына бейімделуге бағытталған. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі мамандарды жұмыс берушілердің талабына сәйкес даярлайды.

Мәселен, Қарағанды машина жасау колледжінде бүгінде 400-ге жуық студент білім алып жатыр. Колледж осы оқу жылының басында академиялық дербестік алып, компаниялармен келісімшартқа отырған.

– Өңірдегі жиырма шақты компаниямен келісімшартқа қол қойылды. Олардың ішінде ірілері «КЛМЗ-Мэйкер» ЖШС, «Лека» ЖШС, «РММЗ» ЖШС, «Құрылысмет» ЖШС, «Карагандаэнергоремонт» АҚ (акционерлік қоғам), «Автоматические котлы» ЖШС, «Кар-Гор-Маш» ЖШС. Осы компаниялармен бірлесіп, сұранысқа сай маман даярлаймыз. Жылдың басында оқу бағдарламалары жасалды, компаниялардың сұранысы бойынша кәсіби модульдер енгізілді. Академиялық дербестіктің арқасында колледж әкімшілігі серіктес компаниялармен бірлесе отырып, барлық оқу үдерісін жүзеге асырады. Колледждің 2-3 курс студенттері өндірістік тәжірибені осы компаниялардың базасында өтеді. Академиялық дербестік бойынша студенттердің өндірісте тәжірибеден өтуі 60%-ға көбейтілді, – деді Қарағанды машина жасау колледжінің директоры Серікбол Шатинов.

Колледж директорының айтуынша, мамандықтарды оқыту мерзімі қысқартылмаған. Оның себебі де жоқ емес. «Оқуға түскен студенттер – 9-сынып бітіріп келген, 18-ге толмаған балалар. Олар міндетті түрде орта білім алуы керек. Одан кейін кәсіпке бейімдеп, оқытуымыз керек. Сондықтан, бізде оқу мерзімі қысқартылмайды», – деді Серікбол Тұрсынұлы.

Ал өңірдегі «Ютария» LTD өндірістік-инновациялық компаниясы Қарағанды технология және сервис колледжі, Қарағанды сән колледжі, Қарағандыдағы жекеменшік «Сервис» колледжімен жыл сайын әлеуметтік серіктестік туралы келісім орнатады. Яғни, аталған колледждерге өндірістік компания қаржылай демеушілік көрсетеді. Сондай-ақ, былтыр компания колледждермен меморандумға қол қойды. «Ютария» LTD компаниясы студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізеді, арнайы тәлімгері бекітіліп, тігін машинасымен қалай жұмыс жасау қажет екенін, қауіпсіздік шараларын, жұмыс барысын үйретеді.

– Академиялық дербестік бойынша, колледждердегі оқу бағдарламасына өзгеріс енгізуге құқымыз бар. Алайда, Қарағанды технология және сервис колледжінің маман даярлау сапасы көңілімізден шығады. Сол себепті өзгеріс енгізуді қажет деп таппадық. Онда соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар бар. Тек студенттердің тігінші болып жұмыс істеуге ынта-ықыласы болса болғаны. Тігінші болам деп, үлкен мақсатпен келген колледж түлегін былтыр жазда жұмысқа қабылдадық. Ал, біздің компанияда жұмыс істеп жатқан арнайы мамандығы жоқ үш қызметкерді колледжге бір жылға оқуға жібердік. Олар қазір колледжде білім алып жатыр, жұмысынан да қол үзген жоқ. Арнайы сабақ кестесі қойылып, тек бейіндік пәндер ғана оқытылады, шәкіртақы алады. Біз осы колледжбен үнемі байланыстамыз, – деді «Ютария LTD» өндірістік-инновациялық компания жанынан құрылған оқу орталығының директоры Шолпан Әбілдина.

Заман талабына сай маман даярлау – мемлекет үшін өзекті мәселе. Бұл тәуелсіз елдің өркендеуіне негіз болады. Аймақтағы ірі кәсіпорындардың мамандарын өңірлік колледждер даярлайды. Екі жақты келісімнің, бірлескен шешімнің арқасында колледждерде сапалы маман даярланады, ал кәсіпорындарда маман тапшылығы жойылады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button