#Biz birgemiz!Бас тақырып

Қайырымдылық қорларының ілкімді істері

Қарағанды облысында қайырымдылық қорлары қиын кезеңде зейнеткерлерге қолдау көрсетуде. Сондай-ақ, індетпен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлерді де назардан тыс қалдырмады. Мәселен, “Ана-Мама” қорының мүшелері медицина қызметкерлері мен қарттарға ыстық тамақ үлестірді. Ал, “Қызыл Жарты Ай” қорының еріктілері тұрғындарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек үлестіруде. Бұл үшін ешқандай ақы алмайды. Бар болғаны ыстық ықылас пен алғыс болса болғаны. 

“Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай” қорының Қарағанды облыстық филиалы “METRO CASH&CARRY” компаниясының және жергілікті демеушілердің қолдауымен 127 адамға көмек көрсетті. Өткен аптада 153 500 теңгеге 29 азық-түлік себеті сатып алынған. Оны еріктілер зейнеткерлерге, жалғыз басты аналарға, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға үлестірді. Бұдан бөлек, жергілікті емханалар арқылы қарттарға дәрі-дәрмек жеткізіп беруі ісі ұйымдастырылды. Бұл ретте, еріктілер көмекке мұқтаж жандарға бірінші кезекте қажетті тауарларды жеткізіп беру үшін арнайы дайындықтан өткен. 

– Біздің миссиямыз – қиын жағдайға тап болған адамдарға гуманитарлық көмек және әлеуметтік қолдау көрсету. Қор қызметкерлері мен еріктілер демеушілердің және жеке тұлғалардың есебінен сатып алынған тауарларды үлестіреді, – деп атап өтті “Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай” қорының Қарағанды облыстық филиалының директоры Татьяна Абрамова.

“Қызыл Жарты Ай” қорының облыстық филиалында 8-700-971-75-74 нөмірлі жедел байланыс орталығы жұмыс істейді. Мұнда коронавирустың таралуының алдын алу бойынша кеңес алуға, төтенше жағдай туралы және біздің облыстағы карантин туралы білуге болады.

Ал қарағандылық «Ана-Мама» қайырымдылық қоры карантин және төтенше жағдай кезінде мұқтаждарға, қарт адамдарға, сондай-ақ жедел жәрдем қызметіне көмектесуде. Қор қызметкерлері азық-түлік жиынтығын және ыстық түскі ас тасымалдайды.
Қордың еріктілері қарт адамдарға, жедел жәрдем дәрігерлеріне ыстық тағамдар дайындайды. Сондай-ақ, облыс аумағындағы елді мекендерге азық-түлік жиынтығын жеткізеді. Карантин басталғаннан бері «Ана-Мама» қоры тұрмысы төмен отбасыларға 650-ден астам азық-түлік себетін жеткізіп, 550-ден астам түскі ас дайындады.
Қор еріктілер мен демеушілерге көмек көрсеткені үшін алғыс білдіріп, ынтымақтастыққа шақырады. Қазіргі қиын кезеңде көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созғысы келетіндер 8-702-637-80-20 телефоны бойынша хабарласа алады.

Басқа материалдар

Back to top button