Жаңалықтар

Айтыстың атасы – жетпістің жотасында

Кеншілер мәдениет сарайында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын, журналист, айтыстың атасы Жүрсін ЕРМАННЫҢ 70 жылдық мерейлі мерейтойына арналған баспасөз конференциясы өтті.Аталған шараға Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ғалым Жайлыбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов қатысты. – Биыл менің жетпіске келген жылым еді. Жыл басынан бері жетпіс жылдық мерейтойым республика көлемінде тойланып жатыр. Шымкент, Орал, Шығыс Қазақстан облысында, Алматы, Қызылорда және Сәтбаев қалаларында айтыс өткізілді. Қызылордада шығармаларым бойынша спектакль қойылды. Қарағанды облысының басшылары шақырып, мерейтойыңызды туған жеріңізде атап өтейік деген соң, Қарағандыға табан тіреген жайымыз бар, – деді Жүрсін Молдашұлы.

Сонымен қатар, ақын тәуелсіздікке қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ең өтімді өнер – айтыс туралы тілге тиек етті.

– Тәуелсіздіктен кейінгі жылдар аса қадірлі. Ол – қазақ халқының басына түскен үлкен олжа. Мен айтысты 1974 жылы «Жезқазған» телеарнасында жүргенде бастадым. 47 жыл ғұмырымды айтысқа арнадым. Ол дегенің – қазақ тілінің арда қонысы, сөздің мәйегі. Оның түп-төркінінде тіл жатыр. Кеңес үкіметі кезіндегі айтыс қазақтың сонау түп-тамырынан сыр тартып, халықтың рухын оятып, еңсесін көтерді. Біз биыл індетке қарамай 15 шақты айтыс өткіздік. Қарағанды көрермендерінің талғамы жоғары. Сөз түсінеді. Себебі, оның арғы жағында тек бар. Қарағандыда өткен Қазыбек би мен сыршыл Сәкеннің мерейтойына арналған айтыстар – классикалық үлгідегі айтыстар болды, – деп баға берді Жүрсін аға.

Конференцияға қатысушылар Жүрсін Ерманды мерейтойымен құттықтап, қазақ өнеріне қосқан зор еңбегін атап өтті.

– Жүрсін Ерман – қазақ руханиятына ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосқан адам. Көшпелілер мәдениетімен бірге кеткелі жатқан айтысты аман алып қалды. Жүрсін Ерман болмаса, қазір айтыс болар ма еді, болмас па еді. Біздің елде осындай тұлға туғанына бәріміз мақтануымыз керек, – дей келе, – Арқада азамат туса, сендей-ақ болсын, – деп тілек білдірді ақын Серік Ақсұңқарұлы.

– Руханияттың үлкен өкілі, қаранардай күш-қуатын айтысқа берген Жүрсін Ерманның есімін түркі дүниесі әбден жаттап алды десе де болады. Қазақ үшін оның есімі айтыспен бір ұғымға айналып кеткен. Ол әрқайсысының жүрегінен орын алды. Жүкеңдей ағамыз болғанына қуанамыз. Төрт көзіміз түгел отырғанда, ертеңгі тойдың алдында жоспарланған бүгінгі баспасөз конференциясы – өркениетті, өрісті шара. Жүкеңнің тойы жыл басынан бері тойланып келеді. Ал, Қарағандының тойы басқа тойларға ұқсамайды. Туған елінің алдында есеп беру – ақын үшін үлкен мәртебе. Біз осы тойды бірге атқарысуға келгенбіз, – деп, жылы лебізін білдірді Ғалым Жайлыбай.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button