«Қайнар» науқанды аяқталды

Көктем – диқандар үшін өте жауапты кезең. Бүгінде Нұра ауданындағы «Қайнар» ЖШС осы жауапты науқанды ойдағыдай аяқтап отыр. Жақында аудан әкімі Аян ШАЛМАҒАНБЕТОВ аталған серіктестіктің егіс алқаптарына арнайы барды.

Серіктестік басшысы Сейтжаппар Нығметов науқанның жоғары деңгейде жүргізілгенін атап өтті.

– Дән себу науқанын екі ауысымда жүзеге асырып, 36,6 мың гектар алқапты 14 күнде игердік. Алдымен дән себілген алқаптарда өскіндер қылтиып, қуанып отырмыз. Енді, арамшөппен күресті күшейтеміз. Жауын да жақсы жауар деген ойдамыз, – деді серіктестік басшысы.

Ағымдағы жылы серіктестік 36,6 мың гектар жерге дән сіңірсе, 7 мың гектар жерді парға қалдырып, 2 мың гектарға бір жылдық шөп еккен. Егістік жұмысына 38 техника жұмылдырылған. Техника паркі толық жаңартылған. Кейінгі үлгідегі, заманауи техниканы ауыл азаматтары барынша меңгеріп алған.

Ауыл шаруашылығы саласының екі бағытын қатар ұстап отырған «Қайнар» серіктестігі енді шөп шабу науқанына дайындық жүргізуде. Бүгінде серіктестікте 1700ге тарта асыл тұқымды әулиекөл ірі қарасы бар. Биыл әр 100 сиырдан 80 төл алған. Серіктестікте 200-ден астам ауыл тұрғыны еңбек етеді. Орташа еңбекақы 172 мың теңгені межелейді.

Нұра ауданының экономикалық қуатының 90 пайызын ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Биыл ауданда 274 мың гектар алқапқа дән себу жоспарлануда. Көктемгі егіс жұмыстарына 1071 техника дайындалып, оның ішінде, 54 егін себу кешені және 1667 егін себу тіркемелері іске кірісіп кеткен. Қазір егістік алқаптың 87%-ы игерілді. Егістік науқанына «Retail Trade Oil» серіктестігі арқылы қажетті 5300 тонна жанар-жағармайдың литрі – 165 теңгеден, 31% жеңілдікпен алынған. Арамшөппен күресу үшін 160,5 мың литрден астам гербицид пен 3,9 мың тонна минералдық тыңайтқыш шаруалардың күшімен алынып, қолданылуда.

 

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА,

НҰРА ауданы.