Аймақ ғылымының ахуалы қаралды

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен ғылыми-техникалық кеңес отырысында ғалымдардың басқа елдерге көшіп кетуі, ғылымды қаржыландыру және аймақ ғалымдары ашқан жаңалықтарды өнеркәсіппен кіріктіру мәселелері талқыланды.

Соңғы жылдары Қазақстан ғалымдарының шетелге кетіп қалуы жиіледі. Көптеген дарынды студенттер мен талантты ғалымдар шетелге оқуға немесе жұмыс істеуге кетеді. Жергілікті билік облыста оқу үшін де, ғалымдардың қалуы үшін де жағдай жасауға дайын.

Облыс әкімі техникалық мамандықтар бойынша дуалды жоғары білім беру тақырыбын қозғады. «Өкінішке қарай, біздің түлектер қажетті мамандықтар бойынша бәсекеге дайын емес. Осы уақытқа дейін ескірген машиналарда оқып жүрген инженерлерді оқыту курстары жүргізілуде, IT мамандар кешегі бағдарлама бойынша оқытылады. Тағы бір мәселе – оқушыларды кәсіби бағдарлау. Бұрын мектептерде жоғары оқу орындарының қатысуымен ғылыми конференциялар, байқаулар, үйірмелер мен секциялар өткізілетін. Ғылыми жобалар жасауға үйрететін. Осылайша, оқушылар белгілі бір ЖОО мен мамандыққа бағытталған. Бірақ, қазір кәсіби бағдар дипломдары мен сертификаттар да бизнеске айналды. Ол ақылы байқаулардың ешқандай құндылығы жоқ, сондай-ақ, ғылыми жұмыстың беделін төмендетеді» – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Ғылыми-техникалық кеңес мүшелері де мәселелерді тарқатып айтты. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Арыстан Ғазалиев кокс-химия өндірісінің қалдықтарын өңдеу саласындағы органикалық синтез және көмір химиясы институтының әзірлемелері туралы кеңінен қаузады.

Қарағанды медицина университетінің ректоры Раушан Досмағамбетова жоғары оқу орны өндірістік факторлардың адам денсаулығына әсері бойынша үлкен зерттеулер жүргізетінін қаперледі.

«Біз кәсіби аурулар қаупін азайту және еңбек өнімділігін арттыру үшін нақты шаралар ұсынамыз. Бізде Арал бойынша үлкен жоба бар, Қызылорда облысынан, ШҚО-дан өтінімдер бар. Университетіміз өте жақсы жабдықталған, өз зертханасы бар, көптеген зерттеулер жүргізіледі. Өңірімізде де серіктестер тапқымыз келеді. Облыс үшін үлкен пайда әкеле аламыз», – деді Раушан Досмағамбетова.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеттің проректоры, профессор Бекболат Нүсіпбеков ғалымдарды қаржылай қолдау мәселесін көтерсе, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова ұлттық тәрбие тақырыбына тоқталды. Жеңіс Қасымбек айтылған ұсыныстарды өз бақылауына алып, жақын арада ғылым мен кәсіпорындар өкілдерінің кездесуін ұйымдастыруға көмектесетінін білдірді.

Жәнібек ӘЛИМАН