Аймақта қылмыс деңгейі төмендеді
Бүгін Қарағандыда 2024 жылдағы облыстық полиция қызметінің көрсеткіштері талқыланды. Мәселен, биыл аймақта ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны азайған. Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметі бойынша тонау, бұзақылық және адам өліміне әкеп соқтыратын ауыр дене жарақаттары жағдайларының азаюы тіркеліп, облыста жүргізілген профилактикалық жұмыстардың арқасында алаяқтық, оның ішінде киберқылмыс едәуір төмендеген.
ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қанат Нұрмағанбетов пен Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбановтың қатысуымен өткен қорытынды кеңесте облыстық полиция қызметінің өткен жылғы қызмет көрсеткіштері талқыланды.
2024 жылы мал ұрлығымен күреске ерекше көңіл бөлінді деп атап өтті жиында Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Нығмет Ысмағұлов.
– Қыркүйек-желтоқсан аралығында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда 18 жылжымалы бақылау бекеті жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде 4 857 көлік тексеріліп, ет өнімдерін құжатсыз тасымалдағаны үшін 236 әкімшілік хаттама толтырылып, 2 мал ұрлығы фактісі анықталды. 18 мал ұрлығымен айналысқан 25 адамның қылмыстық әрекеті әшекере болып, 8 оқиғаны жасаған 4 қылмыстық топ құрықталды. Бұл шаралар мал ұрлығының деңгейін төмендетті, – деді Нығмет Ысмағұлов.
Есірткі қылмысына қарсы күрес саласында 377 құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде есірткі сатумен айналысқан 16 адамнан тұратын ұйымдасқан топтың әрекеті жойылған. Есірткі сатудан түскен 43 миллион теңгені заңдастыру фактісі анықталған. 9 келіден астам мефедрон, 1,5 тонна прекурсорлар және 265 келі марихуана тәркіленген. Ведомство ұйымдасқан қылмыспен күресте де айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
– Бес қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. 78 адам, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтың алты жетекшісі мен 23 мүшесі қамауға алынды. Өңірдегі «Қармет», «Қазақмыс», «Нова Цинк» сияқты ірі кәсіпорындардың тауарлары мен материалдарын ұрлауды ұйымдастырған топтар анықталды. Олардың әрекетінен келген шығын 1,5 миллиард теңгеден асты. 22 айыпталушы қамауға алынды,- деді Нығмет Әуесханұлы.
Жылды қорытындылаған Қанат Нұрмағанбетов Қарағанды облысы бойынша ПД қарасты бірқатар аумақтық бөлімшелерінің басшыларын тыңдап, жиынға қатысушыларға еліміздің Ішкі істер министрінің тапсырмаларын жеткізді. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу саласында мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін атап өтті.
– Қылмыстың алдын алу – құқық қорғау қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Ішкі істер министрі 2025 жылды Алдын алу жылы деп жариялады. Біздің алдымызда азаматтардың құқықтық санасын арттыру, алдын алу шараларын күшейту міндеті тұр. Азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, қылмыстың алдын алудың жаңа құралдарын әзірлеу қажет, – деді Қанат Базарбайұлы.
Отырыс қорытындысы бойынша аумақтық бөлімшелердің басшыларына қоғамдық тәртіпті нығайту және жеке тұлғаларға қарсы қылмыстардың қатаң жолын кесуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.