Аймақта газға қосылу мүмкіндігі жеңілдеді
Қарағанды облысында орталық газға қосылу мүмкіндігі жеңілдеді. Себебі, өңірде арнайы бағдарлама іске қосылды. Тілек білдірушілер тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы 5 жылға пайызсыз несие ала алады. Оны рәсімдеу мүмкіндігінше жеңілдетілген.
Бұл бағдарламаға алғашқылардың бірі болып қала тұрғыны Сәния Нығматуллина жүгінді.
– Біздің Речная көшесіне газды қыс басталмас бұрын өткізген болатын. Үйімізге көгілдір отын құбырын тартуды көктемге дейін кейінге қалдыруды жөн деп шештік. Енді міне, осындай керемет мүмкіндік пайда болды. Мен бағдарлама туралы әлеуметтік желілерден оқып, бірден «ҚазТрансГаз»-ға техникалық шарттар алуға бардым. Газға қосылғанымызға екі күн болды. Ақысы 749 мың теңгеге шықты. 5 жылға бөліп төлейміз, ай сайынғы төлем – 12 500 теңге. Барлық құжаттар тез ресімделеді, өңделеді. Көршілер келіп, қарап, енді қазір олар да құжаттар жинап жатыр, – деді қала тұрғыны.
Оның айтуынша, жастайынан көмірмен жылытылатын жер үйде өмір сүріп келеді. Ал, қазір газға көшудің пайдасы шаш етектен.
– Енді уақтылы жақсы көмір сатып алу туралы алаңдамаймыз. Таңертең үйден уайымсыз кете беруге болады және күні бойы пештегі көмір қалай жанып жатқанын қадағалаудың қажеті жоқ. Таза, күл шығарып та керек емес, – дейді Сәния ханым.
Биыл бағдарлама 300 үйге арналған. Болашақта олардың санын 500-ге дейін арттыру жоспарлануда.
– Әрине, бұл жақсы қадам. Адамдарға бірден көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, сапалы жұмыстарды жүргізуге мемлекет кепілдік береді. Біз бағдарламаның операторымыз. Бұл республикадағы пилоттық жоба. Облыстық бюджеттен қаражат бөлінді, – деп түсіндірді Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаев. – Несие рәсімдеу барынша қарапайымдатылды. Барлығы тұрғындардың ширақтығына байланысты. Барлық құжаттар болған жағдайда жұмыстарды толықтай өткізуді рәсімдеу шамамен 10 күнді алады.
Бүгін 50-ден астам өтінім өңделуде, деп хабарлады ол. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін де қолдау бар. Бірқатар санаттар үшін 300 мың теңге мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған.
Облыс орталығының тұрғындарын газдандыру кезең-кезеңмен жүргізілуде. Бүгінде қызмет 4 мыңнан астам абонентке қолжетімді, оның төрттен бір бөлігі техникалық шарттарын алды. Газға 808 үй қосылды.
Желілердің құрылысы жалғасуда. Биыл үшінші кезекті аяқтау көзделіп отыр, бұл тағы 2057 тұрғын үйді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ