Аймақ басшысы алғашқылардың бірі болып таңдау жасады
Облыс орталығындағы №17 сайлау учаскесінде де Құрылтай сайлауы науқаны қызу жүріп жатыр. Мұнда барлық ақпараттық көрнекілер ұқыпты ілініпті. Кеншілер Мәдениет сарайында орналасқан учаскеге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келіп дауыс берді. Ел қатарлы өзінің азаматтық борышын орындады.

Мұнда Лободы, Ерубаев, Бұқар жырау және Назарбаев көшелерінің тұрғындары келіп дауыс беруде. Барлығы 2159 адам тіркелген.
– Құрылтай сайлауы бізде қалыпты өтуде. Сайлаушылардың көңіл-күйі, белсенділігі өте жақсы. 10 байқаушы бәрін қадағалап отыр. Елдің белсендігі өте жоғары, – дейді учаскелік сайлау комиссиясының Олег Валецкий.
Бір айта кетерлігі, Ермағанбет Бөлекпаев дауыс беріп, шығып бара жатқанда қала тұрғындарының бірі арнайы костьюм киген кейіпкерлермен суретке түсіріп жіберуін сұрады. Аймақ басшысы сөзге келмей суретке түсіріп берді. Осы бір қас-қағым сәттегі шынайы көрініс аймақ басшысының барынша қарапайым болмысын танытқандай әсер қалдырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі:
– Бүгін – еліміз үшін маңызды күн. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін біз Құрылтайдың – еліміздің бір палаталы Парламентінің депутаттарын алғаш рет таңдап жатырмыз. Біздің Президентіміз атап өткендей, бүгінде біз «Заң және тәртіп», мемлекеттік институттардың тиімділігі, азаматтардың еркіне құрмет және олардың заңды құқықтарын қорғау мызғымас қағидаттарға айналатын мемлекетті құрып жатырмыз. Бүгінгі таңда біздің әрқайсымыз бұл үдеріске өз үлесімізді қоса аламыз. Ол үшін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Бұл күн жастарымыз үшін де маңызды. Сіздер болашақтарыңыз үшін дауыс беріп, азаматтық жауапкершілік таныта аласыздар, – деген пікірімен бөлісті.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



