Спорт

Айбының тасысын, Алаш жұрты!

Төрткүл дүние жарты айдан астам уақыт кірпік қақпай көз тіккен жаһандық дода тәмамдалды. 21 тамыз күні Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарының шымылдығы түсірілді. Төрт жылда бір келетін әлемдік бәсекенің көрігін қыздырғандардың қатарында Қазақстан да болды. Азаттықтың ақ таңы атқалы Олимпиада ойындарынан шет қалып көрмеген ел құрамасы бұл жолы да көк Туымызды биік ұстап қайтты.

Түстік Америкадағы додада Алаш­тың Әнұраны үш мәрте әуелей шырқалды. Көк байрағымыз он жеті мәрте көк аспанға керілді. Яғни, Олимпиададағы олжамыз – 17 медаль. 3 алтын, 5 күміс және 9 қола – әлемдік бәсекеде біздің спортшылардың еншісіне жазылды.

Қазақстан Олимпиададағы медальдар жиынтығы бойынша өзіндік рекорд орнатты. 1996 жылы Атлантада – 11, 2000 жылы Сиднейде – 7, 2004 жылы Афиныда – 8, 2008 жылы Бейжіңде – 13 және 2012 жылы Лондонда – 13 жүлдені қанжығаға байлаған спортшыларымыз егемен ел тарихындағы алтыншы Олимпиадада бұрын қол жетпеген межені бағындырды.

Риодағы жарыста жанымызды жылытқан жағымды жаңалықтар баршылық. Мәселен, тұңғыш рет осы Олимпиадада қазақтың қаракөз қыздары жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алғашқысы – Жазира Жаппарқұл болса, екіншісі – өзіміздің жерлесіміз Эльмира Сыздықова. Олимпиаданың алауының сөнуіне тәуліктен астам уақыт қалғанда және бір қарындасымыз Дариға Шәкімова жеңімпаздар тұғырына көтерілді. Сондай-ақ, бірінші рет жүзу спортынан алтынға ие болдық.

«Қазақтың салмағы» – 69 келіде жұдырықтасқан боксшы Данияр Елеусінов, суда жүзуші Дмитрий Баландин және зілтемірші Нижат Рахимов Олимп шыңына көтерілді. Ел Әнұранын үш мәрте шырқатқан оғландарымыз – осылар.

Қазақ қыздары арасында тұңғыш Олимпиада жүлдегері, зілтемірші Жазира Жаппарқұл, дзюдошы Елдос Сметов, әділетсіздіктің құрбаны болған боксшы Василий Левит, қос Олимпиаданың ақтық сынында сүрінген боксшы Әділбек Ниязымбетов және балуан бойжеткен Гюзел Манюрова күміспен күптелді.

Тағы бір айтары, Қазақстан қола медальдар көрсеткіші бойынша да олимпиадалық нәтижені жаңартты. Әйелдер күресінің шеберлері – қарағандылық Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова, дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах, ауыр атлеттер – Фархад Харки, Александр Зайчиков және Карина Горичева, Лондон Олимпиадасының чемпионы, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, боксшылар – Иван Дычко мен Дариға Шәкімова қоланы қанағат тұтты.

Олимпиада ойындарының тұғырына көтерілу әр спортшының арманы екені сөзсіз. Ойындарға қатысудың өзі – талай жылдар бойғы үздіксіз төгілген тер мен тынымсыз еңбектің жемісі деп білуіміз керек. Сондықтан, ел намысын қорғау үшін мұхит асқан 105 саңлаққа қазақтың ықыласы – ерен.

Жеңіс сатысынан көрінген спортшыларға құрмет көрсету жолында ел билігі аянып қалмайды. Алдын ала айтылғандай, чемпиондардың әрқайсына 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі. Күміс медаль иегерлері 150 мың долларға иелік етпек. Ал, қола жүлдегерлерді 75 мың доллар күтіп тұр.

Айта кетейік, Қазақстан Үкіметінің мырзалығына сүйсінуге болады. Олимпиада жүлдегерлеріне тағайындалған сыйақы мөлшері бойынша үздік үштікті түйіндедік.

Ойындардан алтын алған чемпионына 510 мың АҚШ долларын тапсыратын Әзірбайжан мемлекеті көш бастап тұр. Екінші орында – алтын медальға 314 мың АҚШ долларын беретін Тайланд елі. Бізден кейін 237 мың доллар тапсыруды жөн деп шешкен Филиппин мен 200 мың долларын сайлап қойған Өзбекстан мемлекеті, тиісінше, 4-5-ші орындарды иемденуде.

АҚШ чемпиондарының сыйақысы – 25 мың доллар. Бұл сома 1984 жылдан бері өзгермепті. Қытайлық жеңімпаздар 50 мың доллармен марапатталмақ. Ал, сыйақы көлемі төмен мемлекеттер қатарынан Ресей Федерациясы орын тепті. Орыстың әр чемпионы 4 млн. рубль алады.

Сонымен, Қазақстанның жаһандық жарыстағы орны – 22-ші саты. «ХХХІ Олимпиада қазақ елі үшін табысты өтті» деп байлам жасауда спорт сарапшылары. Байтақ даланың ұландары айбынымызды асырды, мерейімізді тасытты. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің сапынан ойып тұрып меншікті орнымызды алдық. Бұл да болса, дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сапарында бағындырған бір белесіміз деп білейік.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button