Айбол БИДАЙБЕКОВ: «Жол сапасы — жіті бақылауда»

Жол – ең өзекті мәселе. Талай жылдан бері айтылып, жазылып келе жатқан мәселе. Қазынаның қыруар қаражатына жылына мыңдаған шақырым жол жөнделеді екен. Оны күтіп-баптауға жұмсалатын қаржының өзі қыруар. Бірақ, нәтиже көптің көңілінен шықпайды. Сын көп. Өйткені, сапа төмен. Неге? Құрылыс материалдары сапасыз ба, әлде мердігерлер өз жұмысына жауапсыз қарай ма? Оларды кім бақылайды? Аймақ жолдарының қазіргі ахуалы қандай? Осы сұрақтардың жауабын білмекке «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Айбол БИДАЙБЕКОВТЕН жедел сұхбат алған едік.

  • Айбол Жасұйымұлы, әңгіменің әлқиссасын сіз басқарып отырған «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының жұмысынан бастасақ. Бұл қандай мекеме? Қашан құрылды? Мақсаты не?

Соңғы уақытта облыс тұрғындары тарапынан жол сапасына байланысты көптеген наразылықтар айтылуда. Өйткені, мемлекет жол құрылысына үлкен көлемде қаржы бөледі. Халықтың жол сапасы сол бөлінген қаржыға сай болуын талап етуі – заңды. Бұрын әр облыста жол зертханалары болған еді. Бірақ, олардың құзіреті шектеулі болды. Сондықтан да, 2019 жылдың басында Үкімет Қаулысымен осы зертханалардың базасында Жол активтері сапасының ұлттық орталығы құрылды. Оның 14 облыста және республикалық маңызға ие 3 қалада 17 филиалы бар. Біздің басшысымыз бұрын Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарған – Зәмір Сағынов.

Қарағанды облысында бұл мекеменің филиалы 2019 жылдың мамыр айында құрылды. Штатта 15 маман бар. Жолдың сапасы құрылыс жұмыстары басталған сәттен жіті назарда болады. Арнайы құрылғылармен жабдықталған жылжымалы зертханамыз бар. Мамандарымыз құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жерге барып, қолданыстағы материалдардың сынамасын алады және талапқа сай болуын тексереді. Егер қандай да бір олқылықтар болса хаттама толтырып, ескерту жасайды.

Тағы бір айта кетерлігі, бұрын облыстық жол зертханалары, тек, республикалық жолдарды бақылаумен ғана шектелетін еді. Ал, бізге облыстық және аудандық маңызға ие жолдардың сапасын қадағалауға мүмкіндік беріліп отыр. Бірақ, ол жұмыстарды қаржыландыру тапсырыс берушінің, яғни, жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде.

  • Жол сапасын бақылау бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?

2019 жылы облыс аумағындағы республикалық және облыстық маңызға ие жолдардың сапасын бақылау мақсатында инженерлеріміз құрылыс жүріп жатқан жерлерге 575 рет барып, 890 сынама алды. Инженерлер, тек, сынама алумен ғана шектеліп қалмай, жолдың геометриалық өлшемдерінің талапқа сай болуын, нормативтік және техникалық нормалардың сақталуын да қадағалайды. Осы тексерулердің нәтижесінде 117 сынаманың құрылысқа жарамсыз екені анықталды. Сапасыз материалдарды жол құрылысына қолданбау туралы мердігерлер мен тапсырыс берушілерге 46 хат жібердік. Мәселен, Солтүстік-шығыс айналма жолындағы кейбір материалдар талапқа сай келмейтіні анықталды. Мердігер компания аз уақытта кемшілікті жойды. Біздің мамандарымыз қайта барып, сынама алған кезде ешқандай олқылықтар анықталған жоқ.

Былтыр Қарағанды облысы жалпы Республика бойынша бірінші рет 50 млн. теңгеге жол сапасын бақылауға тапсырыс берді. Осы бойынша 152 рет жолға шықтық. Мамандар күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жолдарға арнайы барып, 573 сынама алды және зерттеуден өткізді. Осының нәтижесінде жол құрылысына жарамсыз деп танылған 43 сынама бойынша хаттама толтырылып, мердігерлерге және тиісті мекемелерге жолданды. Мәселен, «Саран-Шахтинск» жолындағы орта деңгейлі жөндеу жұмыстары барысында құрылыс материалының талапқа сай еместігі анықталды. Мердігер компания кемшілікті жою туралы кепіл хат берді. Ол жолдағы олқылықтар 2020 жылы түзетілуі керек. Егер мердігерлер талапты орындамайтын болса, онда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына хат жазып, шара қолдануын талап етеміз.

Сонымен қатар, жолдарды күтіпбаптау, қардан дер кезінде тазартуды қадағалау да біздің құзыретімізде. Апталап соққан боран кезінде көптеген жолдар жабылып қалды. Рас, ауа райы қолайсыз кезде жол тазалығын қамтамасыз ету оңай емес. Бірақ, бұл біздің жол саласында жүрген мердігерлердің қысқа дайындығының өте нашар екенін көрсетті.

 

  • Осы орайда «Қарағанды – Теміртау» бағытындағы жөндеу жұмыстарына тоқталып өтсек. Бұрын қандай боран болса да, қос қаланың арасында байланыс тоқтаған емес. Жолдың кейбір бөліктерін ғана қар ұстайтын. Ал, жөндеу жұмыстары барысында жол ортасы темірмен бөлінді. Нәтижесінде 12 шақырым жол сәл боран болса қар астында қалып қояды. Жол құрылысын жоспарлау барысында жергілікті жердің табиғи ерекшеліктері назарға алына ма?

Рас, ондай мәселе бар. Бұл жол 1-санатқа жатады. Жол құрылысын жобалаушылар жолаушылардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету шарасын қабылдаған. Яғни, жүргізушілердің қарсы бетке шығып кетуінің алдын алады. Ал, қоршаудың биіктігі екі деңгейлі болуы, қарсы беттегі көлік шамының кедергі келтірмеуі үшін жасалған. Десек те, соңғы боран кезінде мұндай қоршаулардың өзіндік қиындықтары бары анықталды. Бәлкім, алдағы уақытта жобаға өзгеріс енгізілетін шығар. Мәселен, Еуропа елдерінде жол ортасын қар ұстамайтын, болат арқанмен (трос) бөлу тәжірибесі бар. Қазір бізге де осы технологияны алып келу мәселесі қарастырылуда.

  • Ел арасында жөндеуден өткен жолдың сапасына сын айтушылар көп. Негізсіз емес, әрине. Кейбір жолдардың қызмет ету уақыты бір жылға да жетпейді. Күзде жөнделіп, көктем шыға қармен бірге «еріп» кететін жағдайлар да кездесіп жатады. Бұған не айтасыз?

Иә, өкінішке қарай мұндай жағдайлар да кездеседі. Мәселен, былтыр Балқаш қаласында жөндеуден өткен жол ұзаққа бармай «таз кепешін» қайта киген болатын. Біздің мамандарымыз арнайы барып, сынамасын әкелді. Зертханалық тексеру барысында жол құрылысына қолданылған материалдың талапқа сай келмейтіні анықталды. Біз тиісті қорытынды шығарып, тапсырыс берушіге табыстадық. Бірақ, алғашқы сот отырысында біздің қорытындымыз назарға алынбай, мердігер компания жеңіске жетті. Кейін қалалық әкімшілік аппеляциялық шағым түсіріп, жеңді.

Өкінішке қарай, бұрын жол құрылысында сапасыз материалдарды қолдануға жол беріліп келген. Енді бұған тоқтау саламыз. Қазір жол сапасын бес сатылы бақылау жүйесі енгізілуде. Яғни, жол сапасын әуелі тапсырыс беруші, одан соң мердігер компания, сосын техникалық бақылаушылар, жобаның авторы және біздің мекеме қадағалайды. Мәселен, Солтүстік-Шығыс айналма жолды салып жатқан компанияның өз зертханалары, арнайы мамандары бар. Олар құрылысқа қолданған материалдарын ұдайы тексеріп отырады. Сондай-ақ, осы жол жобасының авторларының да өз зертханалары бар. Олар құрылыс жұмыстарының жобаға сай жүзеге асуын, құрылыс материалдарының талапқа сай болуын қадағалайды. Егер олардың ұсынған зертханалық қорытындыларында қате кетіп жатса, онда біз тиісті органдарға хат жазып, жауапқа тартамыз.

  • Жолдың сапасына құрылыс материалдарынан бөлек қандай факторлар ықпал етеді?

Жолдың сапасына көліктің салмағы тікелей ықпал етеді. Бекітілген ереже бойынша бір білікке түсетін салмағы 13 тоннадан асатын көліктер үлкен жолға шықпауы керек. Алда көктем келе жатыр. Мұндай кездері, тіпті, салмағы 8 тоннадан астан көліктердің өзі жолды бұзып жіберуі мүмкін. Ал, қазір біздің жолдардағы жағдай қандай? Кен орындарынан көмір тасыған 30-40 тонналық жүк көліктері еркін жүріп жатыр. Осыдан келіп жолдың қызмет ету уақыты қысқарып, сапасы төмендейді.

Кеше ғана «Жаңаарқа – Қаражал» жолының 60 шақырымы жөнделді. Оның дәл іргесінен «Керегетас» деген кен орны ашылды. Бізге сол кен орнынан жүк көліктері кен тасып жатыр деген хабар келді. Оны транспорттық полиция өкілдері назарға алып, барынша бақылауда ұстауы керек. Әйтпесе, жақында ғана жөндеуден өткен жол жарамсыз болып қалады. Қазір бұл мәселе Үкіметте де қаралуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев жаңадан салынған жолдарға үлкен жүк көліктерін жүргізбеу мәселесі шешілетінін айтқан болатын. Бірақ, ол қалай жүзеге асатынын айта алмаймын.

  • 2020 жылға қандай жоспарларыңыз бар?

Биыл аудандық және ауылдық маңызға ие жолдардың да сапасын бақылауды жоспарлап отырмыз. Қазір аудан басшыларымен қаржыландыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде.

  • Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.