Аграрлық сектор экономиканың драйверіне айналуы тиіс

  Жұмада аграршылармен бейнебайланыс арқылы жүздескен Ауыл шаруашылығы министрі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ көптің көкейінде жүрген көп сауалға жауап берді. Былтырғы жылды түйіндеп, биылғы жоба-жоспарларды баяндады. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, шаруа қауымының қарекетіне қан жүгіртер ілкімді істер аз емес секілді. Негізі, агрокешен – экономиканың драйверіне айналатындай қор бар елде. Соны тиімді пайдалану үшін қайтпек керек? Сондықтан, кездесуде шаруагердің шаруашылығын шыр айналдыруға ықпал ететін тетіктер де назардан тыс қалмады.

АӨК дамытудағы

жаңалықтар

Кездесу барысында министр ауыл шаруашылығы саласының 2016 жылдағы даму қорытындыларын әңгімелеп, ведомствоның алдында тұрған жаңа міндеттерді тізбеледі. Министрдің хабарлауынша, өткен жыл экономиканың аграрлық секторы үшін табысты болған. Айталық, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2016 жылы 3,6 трлн. теңгені құраса, бұл алдыңғы жылдың деңгейінен 5,5%-ға жоғары көрінеді. Айта кетерлік бір жайт, өндіріс көлемінің өсімін соңғы 10 жылда алғаш рет барлық облыстар қамтамасыз еткен.

Ал, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 164 млрд. теңгеден 253 млрд. теңгеге дейін 1,5 есе өсіпті. Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді басымдық берілген сала ретінде атап өткені мәлім. Соған орай, министрлікке нақты тапсырмалар жүктелген. Сөйтіп, аграрлық сектор ел экономикасының драйверіне айналуға тиіс.

Межеленген мақсаттарға жету үшін биыл ақпанда АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Оның басты басымдықтары – ішкі нарықты қамтамасыз етіп, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылығы кооперациясына шағын және орта шаруашылықтарды барынша тарту, су ресурстарын тиімді пайдаланып, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Аталған міндеттерді іске асыру мен Мемлекеттік бағдарлама көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін іс-шаралар жоспары да бекітілген екен.

Атап айтқанда, субсидияның 65 түрі қайта қаралып, нәтижесінде 11 тиімсіз түрі алынып тасталды. Оның ішінде 40-ның критерийлері өзгеріске түсіп, қалған 14-і өзгеріссіз қалды. Мұның нәтижесінде жыл сайын 25 млрд. теңге үнемделмек. Өзгертілген критерийлер сол бюджеттің аясында ауыл шаруашылығы өндірісі көлемін орта есеппен 29%-ға арттырмақ.

Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарлама аясында егіс алқаптарының диверсификациясы басталды. Бұл үшін министрліктер мен әкімдіктер арасында арнайы меморандумға қол қойылған. Яғни, оның аясында майлы және жемдік дақылдардың аумақтары кеңейтіліп, жарма мен мал азықтық дақылдары, сондай-ақ, қант қызылшасы аумағын 930 мың га арттыру қарастырылған.

Сондай-ақ, көктемгі далалық жұмыстар үшін несиелердің ақырғы бағамы тұңғыш рет 6%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіш былтыр 9%-ды құрапты. Өз кезегінде, бұл жағдай несие беру құрылымдары сатыларының қысқаруы арқылы мүмкін болып отыр. Сондай-ақ, несиелер бойынша талап етілетін құжаттар саны азайды.

Субсидия алушылар

ұлғайды

Биыл бірегей және асыл тұқымдарды субсидиялау қайта қалпына келтірілді. Тұқым шаруашылығына бөлінетін бюджет көлемінің былтырғы жылдың көлемінен 3 есе артық екендігін атап өткен жөн. Минималды нормалар тоқтатылды. Бұл фермерлерді субсидия алуға ынталандырады. Ал бұрынғы схема бойынша тұқымның аз ғана көлемі субсидияланатын. Соңғы жылдары тұңғыш рет тыңайтқыштар қажеттіліктен 14% артық. Бұған дейінгі енгізілім 10% болатын.Минералды тыңайтқыштарды субсидиялау механизмдерінің қайта қарастырылуы оның енгізу көлемін 1,5 есеге ұлғайтты.

Тыңайтқыштарды субсиядиялау механизмдері өзгерді. Бұған дейін субсидия нормасы пайыздық негізде түзілсе, ал биылдан бастап нақты сандармен көрсетіледі. Бұл да фермерлерге тыңайтқышты сапасы мен бағасына қарай қай елде жасалғандығына қарамастан, еркін таңдау жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, тыңайтқыш ассортименті ұлғаяды. Биыл тыңайтқыштарды субсидиялау түрлері 156-ны құрап отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 85 болған.

Мал шаруашылығындағы крийтерийлердің өзгеруі сол қаражаттың аясында субсидия алушылар санын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Егер бұрын сиыр еті бойынша субсидияны 175 шаруашылық алса, бүгінгі таңда субсидиямен қамту 522 шаруашылықты немесе 100 пайызды құрайды, сүт бойынша субсидия алушылар 2 есеге, яғни 269-дан 532 шаруашылыққа дейін, қой еті бойынша субсидия алушылар 1,3 есеге, яғни 180-нен 234 шаруашылыққа дейін, жүн бойынша субсидия алушылар 3,6 есеге, яғни 50-ден 180 шаруашылыққа дейін ұлғайды.

Сондай-ақ, қой етін субсидиялау сұранысқа көбірек ие қозы етімен алмастырылды.

Жұмыс істеп тұрған жүн өңдеу кәсіпорындарының жүктемесінің аз болуына байланысты тек жұқа ғана емес, жартылай жұқа жүндерді де субсидиялау қарастырылды.

Бұрын құс еті бойынша субсидия 3 деңгейге байланысты норматив бойынша төленсе, қазір ондай деңгей — бесеу. Бірақ, талаптар азайған. Егер бұрын кұс фабрикалары 1,5 мың тонна өндірісі қуатымен субсидия алып келсе, қазір талап 1,0 мың тоннаға дейін төмендетілді. Ал 15,0 мың тоннадан аса құс етін өндіретін ірі құс фабрикаларында норматив бір келі үшін 70 теңгеден 80 теңгеге артты.

Ауыл шаруашылығы

кооперациясы:

бірлік болмай,

тірлік болмайды

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың негізгі қадамдарының бірі – шағын және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылық кооперацияларына тарту.

«АӨК-тің ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болып қалыптасуына байланысты ауыл шаруашылығы кооперативтері зор мәнге ие. Өйткені, онда аграрлық саланы және ауылдарды дамытудың үлкен әлеуеті бар. Кооперация – бұл ауылдың болашағы», – деді А.Мырзахметов.

Барлық 160 ауылдық аймақтағы ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді біріктіру үшін семинарлар өткізілді. Бірыңғай тегін Call-Center және кооперация мәселесі бойынша кеңес алу үшін fermers.kz порталы құрылды, ауыл шаруашылық кооперативтері үшін кепілсіз және бастапқы жарнасыз модулді сүт қабылдау және қасап пунктерінің сызбасы енгізілген. Кооператив мүшелері үшін несиелерді кепілдендіру механизмі қарастырылды.

Ауыл шаруашылығы кооперацияларын қолдау үшін биылғы жылы 52 млрд. теңге бөлініп отырса керек. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамту бойынша 27 млрд. теңге және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы – 25 млрд. теңге. Егер Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2017 жылы 326 кооператив құру жоспарланған болса, енді оның санын 467-ге жеткізу жоспарда. Айталық, 30 мамырға дейін 286 бірлік тіркелсе, оның 102-сі сүт дайындау бойынша, 181-і ет өндіру және дайындау бойынша тіркелді. 20136 ірі қараға арналған отбасылық мал бордақылау алаңдары мен 51 жылыжай салынды. Ауыл шаруашылық өнімдерінің тауар өндірісіне 40 мыңнан аса ЖҚШ мен шағын фермерлік шаруашылықтар тартылды.

Қауіпсіздікке –

қатаң қадағалау

Ветеринария мен фитосанитария қауіпсіздігі мәселелеріне де баса мән берілуде.

Айталық, Қазақстан ағымдағы жылғы 25 мамырда қалған 5 облыс (ШҚО, ОҚО, Алматы, Жамбыл, Қызылорда) үшін аусылдан таза аймақ мәртебесін алды. Осы шешімге Халықаралық эпизоотиялық бюроға мүше 180 елдің делегаттары дауыс берді.

Халықаралық эпизотикалық бюро, бұл мал және өсімдік өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді дейді мәліметтер.

Фитосанитария саласы бойынша ағымдағы жылы аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы өңделетін болжамды көлем 48,8 млн. гектарды құрады, оның ішінде үйірлі шегіртке қарсы өңделетін алаң 1,6 млн. Гектар. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында 500 мың гектар алаң марокколық шегірткеге қарсы өңделді, бұл ағымдағы жоспардан 180 мың гектарға немесе 55%-ға артық екен.

АӨК экспорты –

әлеуетті

Елбасының АӨК өнімдерінің экспорт көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында бірқатар жұмыстар жүзеге асқан. Атап айтқанда, Иран еліне салқындатылған қой еті мен тірі қойларды тасымалдауға арналған ветеринариялық сертификаттар жобалары келісілді және салқындатылған қой етінің экспорты бойынша жұмыс жүргізілуде. Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі қара мал мен ұсақ малды, тауық жұмыртқасын тасымалдауға арналған ветеринариялық сертификаттарға қол қойылды.

Сонымен қатар, Израил және Сауд Арабиясының ветеринария қызметтерімен қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспортына жол ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Қазірдің өзінде Қытай нарығына қазақстандық балық пен балық өнімдерін, асыл тұқымды жылқы тұқымдас жануарларды, бал мен бал ара шаруашылығы өнімдерін экспорттауға болады. Маусым айында мұздатылған қой етінің экспорты бойынша хаттамаға қол қою жоспарланып отыр. Оған қоса, тауарлы жылқыларды тасымалдау шарттары келісілуде.

Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір міндеті – су қорларын пайдаланудың тиімділігін арттыру, сонымен қатар, тұрақты және жайылма суармалы ауыл шаруашылық жерлерінің дамуына қажетті суармалы сумен қамтамасыз ету, жер өңдеу жағдайын жақсарту және өнеркәсіптегі су тұтыну тиімділігін арттыра отырып, суармалы инфрақұрылымды қалпына келтіру.

Суармалы жерлерді қалпына келтіру мақсатында Ислам даму банкімен және Еуропалық қайта құру және даму банкімен 205 мың гектар жерді қалпына келтіру және айналымға тарту үшін 103,4 млрд. теңге сомасына келісімге қой қойылған.

Жиыннан соң Асқар Мырзахметов жергілікті май өндіруші «Евразиан Фудс» АҚ компаниясының зауытына барды. Жергілікті тауар өндірушілер шығаратын майлардың технологиясымен танысты. Қазіргі таңда бөлшектелген және таразыланған май, маргарин, құйма, майонез, «3 желания» сауда белгісінің қышасы, сонымен қатар, маргариндер мен «Золотой стандарт» сауда белгісінің майларын шығаратын зауыттың соңғы онжылдықтағы техникалық модернизациясына көңіл бөлді. Жаңа әлемдік стандарттарға жауап беретін өнім өндіруге көмектесетін еуропалық өндірушілердің жаңа құрал-жабдықтарымен танысып, шығарылатын өнімдердің үздік сапасына тоқталды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.