Аграрлық саясаттың жаңа тренді

      Жуырда Нұра ауданының Ахмет ауылында республикалық мал шаруашылығын асылдандыру орталығы «Асыл түлік» акционерлік қоғамы мамандарының қатысуымен семинар өтті.

Аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың ұсынысымен өткізілген шараға аудан әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, ауыл әкімдері, ауданның ауыл шаруашылық саласын дамытуға ат салысып жүрген мамандар қатысты.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жыл – республика бойынша ауыл шаруашылық кооперативтерін дамыту жылдары болып белгіленді. Өткен жылы аудан көлемінде сүт өнімдері бағытындағы 12 ауыл шаруашылық кооперативі тіркеліп, Нұра ауданы пилоттық жобаға енді. Биылғы наурыз айында аталған кооперативтер өз жұмысын бастамақ.

Ендігі міндет – ауданда, әсіресе, Теңіз өңірінде ет бағытындағы кооперативтерді дамыту. Кооперативтердің мультипликативті тиімділігін пайдалана отырып, мал азығын өндіруді жаңа деңгейге көтеру. Ірі қара малдың генетикалық қорын жақсартып, мал тұқымын асылдандыру. Сүтті, етті отбасылық мал бордақылау алаңдарын ашу. Қолдан ұрықтандыру арқылы малды түрлі аурудан сақтап, жеке меншік шаруашылық әлеуетін пайдалану және өнім пайдасын көру. Ауыл тұрғындарының арасында жұмыссыздықты жою да осыған тікелей қатысты болмақ. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды өнімді жұмыспен қамтылғандар қатарына ауыстыру арқылы кәсіпкерлікке баулып, ауыл тұрғындарына қосымша табыс көзіне қол жеткізуге жол ашу.

Бұл семинардың басты мақсаты да осы. Құрылған кооперативтер өнімді жұмыс атқару үшін, мал басын асылдандырудың заманауи тиімді жолын таңдау.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын» қабылдауға байланысты аграрлық саясаттың жаңа трендінің алдағы бес жылға арналған басты тақырыбы – ол кооперация. Осы кооперативтердің одан әрі дамып, тиімділігін арттыру мақсатында мемлекет нақты шаралар белгілеп, қолдау көрсетпек. Мемлекет тарапынан сүтке субсидия және сүт қабылдау пункттерін құру үшін несиелік ресурстар бөлінеді. Алайда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шаралармен шектелмей, сүт жинауды ұйымдастырумен қатар, мал басын көбейтіп, оның өнімділігі мен асыл тұқымдылығын жақсартуды жоспарлап отыр. Ет және сүт өндіру көлемінің тұрақтылығы ірі қара мал басының өсу қарқыны мен оның өнімділігіне тікелей байланысты. Статистика бойынша ірі қара мал басының жылдық өсу қарқыны республикамызда – 2,5-4% (жылдық өсім10-12%-дан кем болмау керек).

Осы жағдайларға байланысты, «Асыл түлік» акционерлік қоғамы биылдан бастап ірі қара малды диагностикалау және аналық басты қолдан ұрықтандыру бойынша кең көлемді бағдарламаны іске асыруды жоспарлап отыр.

«Асыл түлік» мамандары отандық және шетелдік селекция бойынша алынған жоғары өнімді тұқымдық бұқаларды өсіріп, асыл тұқымдық өнімдерді (ұрық, эмбрион) өндіру, жинау, сақтау, ірі қара мал басын асылдандыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Биылдан бастап, Нұра ауданы аталған қоғаммен мал басын асылдандыру саласы бойынша тығыз жұмыс жасамақ. Әр ауылда қолдан ұрықтандыру пунктері ашылып, мал басын тиімді асылдандыру жолдары қолға алынады.

Семинардың екінші бөлімінде «Асыл түлік» АҚ-ның мамандары ауыл шаруашылығы малдарын тексеріп, ауруларды диагностикалау жөнінде қазіргі заманауи әдістер мен мүмкіншіліктер негізінде тәжірибесімен бөлісті.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.