Аграрлы аймаққа айналамыз
Бүгінде Қарағанды экономикасының тынысын атақты алпауыт өндірістер ғана ашып тұр деу ақиқатқа қиянат болар еді. Тап осы кезде қазына қоржынын агрокешен де шаршамай, шалдықпай толтыра алатын дәрежеде. Бір кездері болашағы бұлыңғырлау елестеген агроөнеркәсіптің өрісі баяғыдай тар емес. Үңілсек, Қарағанды аймағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзінің ғана емес, көршілес қоңсы қонған өңірдің де өзегін талдырмайтын халде. Сондықтан да, жыл он екі айдың осы қарашасында бұқара тас төбесін күн сүйіп, ен далада ерінбей, атқан таңмен, батқан күнмен таласа еңбек еткен аграрларға құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Бұл – ел экономикасының бір пұшпағын илеп жүрген, сол арқылы азықтүлік қауіпсіздігіне кепілдік берген қырдағы ағайынға бүтін елдің зор ықыласы, кең пейілі.
Индустриалды Қарағандының аграрлы Қарағандыға айналуы мүмкіндігі соңғы он-жиырма жылда жиі айтылды. Ал, ширек ғасырда аграрлық сала арбасының жүрісін түзеді. Мемлекеттік қолдаудың сан алуан құралдары бұған кәдімгідей демеу болғанын жоққа шығару да қиянат. Соның жарқын көрінісіндей қазіргі уақытта Қарағанды аймағында агроөнеркәсіпте жыл сайын жаңа тың жобалар жүзеге асып келеді. Биенің ұнтақ сүті, сүтті-тауарлы фермалар, табиғи, экологиялық таза ет те, рекордтық егін де, шет елдік өндірушілер аттай қалап сұрап алатын сапалы сұрыпты картоп та осы кеншілер мекенінің топырағынан нәр алғанын мақтанышпен айтуға толық негіз бар.
Жалпы, ауыл шаруашылығы мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығынан тұрады десек, бұл екеуінің де Қарағандыда таразы басы тең. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтері жыл сайын мал басының артып келе жатқанын көлденең тартады. Өсімдік шаруашылығындағы өсімі де ондағы ахуалдан хабар береді. Суармалы жердің де аумағы молайды. Игерілмей жатқан жер де қайтарылды ел игілігіне. Агрокешенге құйылып жатқан қаржы да қомақты. Оның жемісін жылдар беруі тиіс.
Мәселен, биылдың өзінде аймақта аграрлық өнеркәсіп кешеніне жыл соңына дейін 23 млрд теңгеден астам сомаға 30 инвестициялық жоба іске асырылады.
Мұның сыртында, ауылдарды дамыту аясында «Ауыл аманаты» жобасының шарапатын да шаруалар көріп отыр. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар беріп, осы бағдарламаның тиімділігін атағаны мәлім.
«Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет.
Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды.
Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек», – деді Президент Жолдауында.
Ресми деректерге сүйенсек, облыста «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 483 шағын несиеге 4,4 млрд теңге бөлінген. Оның жартысы мал шаруашылығын дамытуға, қалған бөлігі ауыл тұрғындарының бизнес жобаларына бағытталған екен. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында ауылдық жерлерде 816 жұмыс орны ашылған көрінеді. Бұдан бөлек, алпыстан астам ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылған.
Аймақтағы мұндай ауыл шаруашылық кооперациясын қолдаудың сәтті мысалдары жоқ емес. Ақтоғай ауданында «Saq NS» СК неміс технологиясымен бие сүтін өндіретін цехтың ашылуы – мұның бір дәлелі. Бұл цех ай сайын 30 тонна қымыз өндіретін әлеуетке ие. Қарқаралы ауданындағы «Мәди-Агро 7» СК ет өндірісін жолға қойған. Ал, оның өнімдерін Qarmet компаниясы тұтынады. Бұл секілді мысалдар өңірде көп. Оның бәрінде ауылдағы ағайынның, аграрлық саланың ыстық-суығына, тура мағынасында тоңып, күйіп жүрген шаруалардың зор еңбегі тұр.
Үйдегі дастарқанның молдығы, көңілдің де тоқтығы осы – аграршылардың арқасы. Ата кәсіптен нәсіп тапқан, ол нәсібін бұқарамен теңдей бөліскен ағайынға алғыстан басқа айтар жоқ, негізі.
Қалай десек те, аграрлы Қарағанды қуатты.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz