Мәселе

Адам өмірі – басты құндылық

Қарағанды медицина университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіби денсаулық институты «Кәсіби патология мамандарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен бірге ғылыми-практикалық конференция өткізді. Екі күндік шара еңбек медицинасы және медициналық экологияның дамыту перспективалары тақырыбын қаузады. Елдің өзге өңірлерінен бөлек, мамандар Ресей мен Өзбекстаннан келді. Талқыланған мәселелер аймақтың ғана емес, елдегі еңбек медицина бағытын дамытуға үн қосады.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Басқосуда талқыланған негізгі мәселелердің қатарында жұмысқа қабілетті тұрғындардың денсаулығын сақтау, кәсіптік аурулардың алдын алу, диагностикасы және емі, хризотил-асбестті қолдану, еңбек қорғау, өндірістік және қоршаған орта факторларының гигиеналық регламенттері секілді мәселелер бар.

Пленарлық отырысты ашқан оқу орнының ректоры, профессор Анар Тұрмұхамбетова еңбекші халықтың денсаулығын сақтау маңыз­ды екенін айтты.

– Кез келген қоғамда адам өмірі – басты құндылық. Мұны Мемлекет басшысы да Жолдауларында айтып келеді. Жұмысқа қабілетті халықтың денсаулығын сақтау ісінде үш мақсат бар. Біріншісі – жұмыскерлердің жұмысқа қабілетін, денсаулығын сақтау, нығайту. Екінші – өндірістік орта мен технологиялық процестерді денсаулыққа зиян тигізбейтіндей жақсарту. Еңбек қауіпсіздігін сақтауға бағытталған жұмыс пен өндіріс мәдениетін қалыптастыру – үшінші мақсат. Елдегі тау-кен, көмір, мұнай-газ өндірісі, металлургия мен машина жасау халыққа да, аймақтың экологиясына да зиянын тигізеді. Өндіріс орындарының адам ағзасына әсерін, тәуекелдерді бағалау мен басқару, кәсіби және еңбек түрімен байланысты ауруларды емдеудегі инновациялық әдістерді енгізу мәселелері осындай басқосуларда кеңінен талқыланады, – деді Анар Ақылбекқызы.

Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіби денсаулық институтының директоры Бауыржан Омарқұлов институттың биыл 65 жылдығы екенін атап өтіп, оның тарихы мен даму жолына тоқталды.

Институт тарихы ірі өндіріс орны – Қарағандыдан 1958 жылдан бастау алады. Бүгінде ол – еңбек жағдайларының адам денсаулығына әсерін зерттейтін ғылыми, клиникалық және білім беретін орталық.

– Институтта кәсіби денсаулық клиникасы, қоғамдық денсаулық мектебі, санитарлық-гигиеналық ғылыми-зерттеу зертханасы бар. Клиникада амбулаторлық-емханалық, консультациялық-диагнос­тикалық, стационарлық, оңалту көмегі көрсетіледі. Кәсіби ауруларды анықтау бағытында жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, былтыр 260 жағдай анықталды. Оның алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 65 болатын. Өткен жылы клиникада барлығы 900-ге жуық адам тиісті көмегін алды. Соңғы үш жылда кәсіптік аурулардың артып келе жатқанын байқаймыз, – деді ол.

Бауыржан Омарқұлов сөзінде медициналық тексерулердің дұрыс жасалмауы, оңалтудың жүргізілмеуі, кәсіптік аруларды жасыруды, гигиена және кәсіптік аурулар мамандарының тапшылығын да атап өтті.

– Еңбек медицинасы саласында бірқатар мәселелер бар. Еңбек жағдайын бағалауды сапасыз жүргізу салдарынан кәсіби тәуекелдерді, зиянды және қауіпті еңбек факторын толық бағалау мүмкін емес. Содан, еңбек талаптарын орындаумен байланысты сараптама жүргізу мүмкін болмайды. Мұнай-газ, құрылыс, теміржол, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда кәсіптік аурулар анықталмайды. Кәсіпорындарда медициналық профилактикалық шаралар жасалмайды. Соның салдарынан көмір және тау-кен өндірісінде 2 мыңнан астам адам кәсіптік ауруларға ұшырау қаупі бар. Жұмыскерлердің санитарлық-гигиеналық талаптарға жауап бермейтін еңбек жағдайларын жақсарту қажет. Еңбекақысын көтеру, сапалы медициналық көмек көрсету, жұмыс уақытын азайту, қосымша төленетін еңбек демалысы, міндеттік кәсіптік аударымдар сияқты әлеуметтік сипаттағы қолдау шаралары еңбек медицинасы саласындағы көптеген мәселелердің шешімін табуына мүмкіндік берер еді, – дейді Бауыржан Омарқұлов.

Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас профпатологы Айгүл Аманбекова елдегі еңбек медицинасының жай-күйі жайлы баяндады.

Былтыр Ұлттық статистика бюросының дерегінше, зерттелген 1,6 млн. жұмыс орнының ішінде 375 мың адам санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмейтін орында жұмыс істейтіні анықталған.

– Жоғары шу мен діріл жағдайында – 45,2%, жұмыс орнындағы газ бен шаңның жоғары деңгейінде – 32,2%, ауыр физикалық еңбекпен – 25%, қалыпты емес температуралық жағдайда – 16,5%, қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін орындарда жұмыс істейтін адамдардың үлесі – 1,2%. Санитарлық-гигиеналық нормаларға сай келмейтін жұмыс орындарында істейтіндердің көбісі Павлодар облысында – 44,3%, Қарағанды обылысында – 42,6%, Маңғыстау облысында – 38,4%, Жамбыл облысында – 27,4% және Шығыс-Қазақстан облысында 27,2%-ды құрайды, – деді Айгүл Аманбекова.

Санитарлық-эпидемиология­лық бақылау комитетінің дерегінше, былтыр ел бойынша өндіріс орындарында 1 млн-ға жуық адам, нақтыласақ, 999 203 адам жұмыс істеген. Оның 228 мыңнан астамы – әйелдер. Зиянды жұмыс орындарында 700 мыңға жуық адам еңбектенеді. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндердің 61 336-сы – Қарағанды облысы тұрғындары.

– Кәсіптік аурулардың құрылымына келсек, 40,37%-ы – кәсіптік аэрозольдерді пайдалануға, 30%-ы – жекелеген органдар мен жүйелер жұмысының бұзылуына байланыс­ты, 23,77%-ы – физикалық факторлардың әсеріне байланысты. Одан басқа химиялық, биологиялық, аллергиялық факторларға, қатерлі ісіктің пайда болуына қатысты аурулар бар. Ел бойынша барлығы 8 168 адам кәсіптік аурулармен есепте тұр. Ең көбі – Қарағанды облысында. Аймақта – 4 557 адам есепте. Кәсіптік аурулар көрсеткіші – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Востокцветмет» ЖШС, «Қазцинк» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС кәсіпорындарында жоғары. Науқастардың 30%-ында екі-үш ауру түрінен екенін де айта кету керек, – деді Айгүл Өкенқызы.

Баяндамашының айтуынша, елде кәсіптік ауруларға шалдыққандар саны артып келеді.

– 2020 жылы алғаш анықталған 281 науқаста 394 жағдай анықталды. 2021 жылы 413 науқаста 625 жағдай тіркелді. Былтыр 703 науқаста алғаш рет кәсіптік аурулар анықталып, жағдайлар саны мыңнан асты. Былтырғы деректерді 2021 жылмен салыстырсақ, кәсіптік аурулардың 70%-ға артқанын көреміз. Ауырғандардың негізгі тобын 40-59 жас аралығындағылар құрайды. Олардың үлесі 72%-дан асады. 30-39 жас аралығындағы адамдардың 18%-ында, 60 жастан асқандардың 5,4%-ында кәсіптік аурулар кездеседі. Анықталатын кәсіптік аурулардың көрсеткіші нақты жағдай емес. Кәсіптік аурулардың негізгі бөлігі жалпы ауру-сырқау қатарына қосылып кетеді. Сондықтан, еңбек жағдайы барысында денсаулығына нұқсан келген жұмыскерлер тиісті медициналық көмекті алмай, берілуі тиіс әлеуметтік төлемдерден қағылады, – деді Айгүл Аманбекова.

Мәскеуден келген Н.Измеров атындағы еңбек медицинасы ғылыми-зерттеу институтының профессоры Евгений Ковалевский хризотил-асбесттің әсерінен пайда болуы мүмкін қатерлі ісік жайлы баяндама жасады.

Конференция жұмысы үш бағыттағы секция жұмысымен жалғасты. Еңбек медицинасы саласындағы гигиеналық, экспериментальді, эпидемиологиялық, клиникалық зерттеулер талқыланды. 56 баяндама ұсынылғанын айта кету керек. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің COVID-19 жұқтыру тәуекелдері туралы дөңгелек үстел, медициналық тексерулер жүргізу мен еңбекке жарамдылық мәселелерін қамтыған семинар да, жас ғалымдардың конкурсы да ұйымдастырылды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button