Адал еңбек мұратқа жеткізеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру маңызды екенін атап өтті. Осы орайда биыл сала мамандықтарына бөлінген мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға көбейді. Оның ішінде, 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді.
«Жұмысшы мамандықтары жылында» еңбекқорлық пен кәсіби маман қалыптастыру идеясы дәріптелуде. Президент осы орайда «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажет. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы біз қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік идеяларын насихаттаймыз» деген болатын. Облыста бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылдармен салыстырғанда 1 100 орынға ұлғайтылып, 9 244 орынды құрады.
Жұмысшы маман – сұраныста
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет екенін баса айтты. «Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» деп атап өтті. Сол себепті, Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Бүгінде осы бағытта аймақта мамандарды сапалы даярлау мақсатында «Жас маман» жобасы сәтті қолға алынуда. Бұл орайда жарақтандырылған 9 тірек колледж және тиісті даярлық бейіні бойынша 45 магниттік колледж жұмыс істеп тұр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, осы колледждерде білім алған жастардың қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттері жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырып, қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтереді. Аймақта Мемлекет басшысы атап өткен өреден шығатын жастар жетерлік. Мәселен, теміртаулық Ақылжан Елеуғазиннің мамандығы – токарь. Ә.Сағынов атындағы Қарағанды университетінің түлегі бүгінде жұмысшы мамандығын одан әрі дамытып, өз тауарларын брендке айналдырып үлгерді.
– Президенттің жастарға ерекше көңіл бөлетіні қуантады. Қазіргі таңда әрбір жас өзінің ойлап тапқан өнімін брендке айналдыра алады. Мемлекет ұшқыр ойлы жастардың бизнес бастамаларының, жастардың стартап жобаларының белсенді жүзеге асуына қолдау көрсетуде. Бүгінгі күні әрқайсымыздың ең үлкен арманымызды іске асыруға және жеке табыс жолымызды жүріп өтуге мүмкіндігіміз бар. Тек мақсаткерлік, еңбекқорлық және креатив қажет, – дейді Ақылжан Елеуғазин.
«Әкемнен үлгі алдым»
Металдан түрлі мүсіндер жасайтын Ақылжан Елеуғазиннің ұсталық өнерге келгеніне көп болған жоқ. Солай бола тұра, оның жұмысы ерекше өнерді сүйетін қауым арасында үлкен сұранысқа ие. Ұсталықтың шекарасын кеңейтуге Теміртау қаласы әкімінің гранты мүмкіндік берді. Бүгінде қолдан жасалған бұйымдарды сатып алушылар шет елдерден де кездесуде.
Ақылжанның ұсталығы әкесінен дарыған. Бүгінде әкесі мен ұлы «Металды соғу дағдысы және осы саладағы терең білім әрқашан табыс әкелуі керек» деген ұстанымда. Осылайша олар отбасылық кәсіпті дөңгелетуге кіріскен. Кәсіпті ашпас бұрын шеберлер «Qarmet» металлургиялық компаниясында жұмыс істегенін айта кеткен жөн. Зауытта кәсіби тәжірибе жинап, дағдыларын шыңдаған.
– Әкем Теміртауда «Машина жасаушы» мамандығында білім алған. CNC станогында токарь болып жұмыс істеді. Әкемнен үлгі алып, осы іске қызықтым. Содан кейін өз ісімді ашқым келді. Жеке кәсіп ашып, неше түрлі құрылымдар мен пішіндер ойлап тауып, өндіріске шығаруға бел будым, – дейді Ақылжан.
Шеберден бір күнгі жұмысын сипаттап беруін сұрағанымызда, әр күні бір-біріне ұқсамайтынын айтты.
– Егер бір күнгі процесті қысқаша сипаттайтын болсақ, онда алдымен CAD бағдарламаларында дизайн жасалады. Содан кейін металл лазерлік машинаның көмегімен кесіліп, бүгіледі. Алынған бөліктерді жинаймыз, дәнекерлейміз. Кейін тегістеу, праймер, бояу жұмыстары жүреді. Дәнекерлеу ісін де әкемнен, нақтырақ айтсам, кәсіби дәнекерлеушіден үйрендім, – дейді Ақылжан.
Тұтынушылардың географиясы үлкен
Кәсіпкер ұсталық іспен үш жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. 2024 жылы ол гранттық байқауға қатысып, жеңіске жеткен. Жалға алынған шеберханаға қосымша жабдық сатып алған. Осы уақыт ішінде шебердің қолынан 50-ге жуық дайын мүсін шығыпты. Бүгінде кәсіпкердің өнімін тұтынушылардың географиясы кең. Жұмысты тек аймақ тұрғындары ғана емес, сонымен қатар Астана, Алматы, сондай-ақ, Ресейден сатып алушылар бар.
– Жұмыстарым арқылы Қарағанды, Астана, Алматыдағы үйлер мен ғимараттардың қабырғаларын безендірдім. Кейбір конструкциялар Украинаға, Ресейге және АҚШ-қа тапсырыспен жіберілді, – дейді кәсіпкер.
Өткен жылы темір ұстасы қала әкімінің грантын және мемлекеттік грантты алып, қаржылық қолдауға шеберхананы жаңартқан екен.
– Біз әкімнің 1 миллион теңге грантын иелендік. Оған металда өрнектер жасайтын машина алынды. Сонымен бірге, 400 айлық есептік көрсеткіш сомасына грант алып, қолдаудың арқасында дәнекерлеу машинасы мен кесу машиналарын сатып алдық, – дейді темір ұстасы.
Терезе торлары сұранысқа ие
Шеберлер мүсіндерден басқа, терезе торларын да жасайды. Қауіпсіздік үшін жасалатын мұндай өнімдер – кәсіпкерлердің негізгі табыс көзі. Жаз бойы шеберханада 200-ден 300-ге дейін тор жасап шығарады.
– Тапсырыс берушінің кез келген идея, ұсынысын шындыққа айналдыра аламыз. Қазіргі таңда қала тұрғындары арасында торлар танымал. Жасап жатқан ісіміздің пайдалы тұсы да бар. Олар үйдің қауіпсіздігі үшін ғана емес, сонымен қатар, балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермейді, – дейді темір ұстасы.
Шебер әр бұйымның сапасына жауапкершілікпен қарайды. Әрбір тапсырыстарды миллиметріне дейін өлшеп, орындау үшін алдымен компьютерде сурет салады. Үш өлшемді кескін зергерлік дәлдікті қажет ететін жұмыстарды орындауға көмектеседі.
Темір ұстасы болашақта ауқымды жұмыстарды қолға алмақшы. Мемлекеттік тапсырыстармен айналысып, сол арқылы қала мен аймақты абаттандыруға үлес қосуды жоспарлап отыр.
– Еңбек адамы – қоғам дамуының негізі деп жиі айтамыз. Жастар еңбек адамына құрмет көрсету арқылы адал және табанды еңбектің арқасында жеңіске жететінін түсінеді.
Мемлекет пен қоғам еңбек адамдарына лайықты жағдай жасап, олардың еңбегін жоғары бағалайды. Жастар мемлекет берген мол мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануы тиіс. Тірліктің көзін тапқан жандар қашанда дамуға бейім болады деген ұстанымдамын, – дейді жас кәсіпкер.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер ұйымдастырушылардан