Жаңалықтар

Адал дос, асыл азамат

Жазмыштан озған пенде жоқ. Шыр етіп дүние есігін ашқан күні маңдайыңа жазылған пешенеңнің өлшеулі екендігін біле тұра, қызылды-жасыл алдамшы өмірдің әлем-жәлеміне әуестеніп кететін пенделігіміз бар ғой. Жасыратыны жоқ, адами келбетін пенделікке былғап алған замандастарымыз көп. Ал, менің аяулы досым, асыл азамат Балапан Зипатоллаұлы – кіршіксіз арын кірлетпей өткен тұғырлы тұлға.

Елін сүйді, асыл жарын аялады, балапандарын шексіз әкелік махаббатқа бөледі, дос қадірін білді. Адал қызмет етіп, кісілік келбетін танытты. Биік парасатымен, шексіз адалдығымен, көшелі көпшілдігімен, әдемі әзілімен мыңдаған жүректерді баурады. Сол қасиеті сағындырады бізді. Міне, осындай азаматпен, асыл доспен мәңгіге қоштасқанымызға да жыл толып отыр.

Өмірдің өзі пенде баласына сынақ үшін берілетінін айтады үлкендер. Бұл жалғандағы іс-әрекетің, жасаған жақсылығың яки жамандығың, бәрі-бәрі ескеріледі екен. Қияметтің қыл көпірінде иығыңдағы қос періштеңнің есебімен пейіш немесе тамұқ нәсіп етіледі дейді шариғат шарттары. Мен Балапан досымның пейіштің нұрына малынғанына бек сенімдімін. Асылық айтты демеңіздер, ол жұмаққа періште болып кірді. Иә, мен білетін Балапан біреуге қиянат жасамақ былай тұрсын, жақсылық жасай алмаса, жабығып қалатын жайсаң жан еді.

…Екеуміз ерте табысқан едік. Тура 41 жыл жұбымыз жазылмапты.

Менің туған жерім – Жаңаарқа ауданындағы Ақтүбек ауылы.

Біздер оқып жүргенде ауыл мектебі сегізжылдық болатын. Әрі қарай оқуды жалғастыру үшін 1975 жылы Қарағанды қаласындағы №2 мектеп-интернат (қазіргі Н.Нұрмақов атындағы) табалдырығын аттадым.

Сол 1975-1976 оқу жылының 1 қыркүйегінде Балапан екеуміз қол алысып танысқан едік. Сол сәттен бастап жұбымыз жазылған жоқ. Тек, Балапан өмірден өтер сәтте ғана қол алысып, қоштаса алмадық.

Облыс бойынша аудан-аудан, ауыл-ауылдан келген балалар бар, қаланың басынан оқитындар бар, тоғызыншы сыныпты үш сынып болып бастап кеттік. Бір сыныпта отыздан астам бала оқыдық.

Интернаттың өз «заңы» бар. «Бесіктен беліміз шықпаған» балаң жігіт шағымыз ғой. Ешнәрсенің байыбына бара қоймаймыз. Бірақ, бізді интернаттың әлгі «заңы» бауырмалдыққа, достықтың қадірін білуге, «ортақ» деген ұғымның қасиетін түсінуге баулыды. Ортақ ой, ортақ мүдде, ортақ абырой деген асыл дүниелердің негізі біздің санамызда сол бір балғын шақта салтанат құрған еді.

«Интернаттың қара наны» дегеннің өзі қасиет екен ғой. Оны бөліп жеудің өзінде тойымсыздықты кері ысырған қанағат атты асыл қасиеттің қазығы жатыр. Біз осыны ұғынып өстік. Әсіресе, осының барлығында Балапанның үлкенше ойлап, ересек адамдай алды-артын бағып жүретін қасиетінің ықпалы көп болды.

Әрине, интернат болған соң, ондағы ер балалар арасында көшбасшылыққа әркімнің-ақ дәмесі болды. Балапан марқұм ешкімге жұдырық ала жүгірмей-ақ, басбұзарлық танытпай-ақ, өз ортамыздың екі тізгін, бір шылбырын қолына алды. Ұлдар арасындағы, сыныптағы кез келген мәселе Балапанның ұйғарымы бойынша шешіліп, небір тығырықтан да Балапанның ақылымен шығып жататынбыз. Балапан айтты – орындалады, Балапан шешті – талқыланбайды. Біздің арамызда осындай жазылмаған заң, қабылданбаған қарар қалыптасты. Жас болса да, ақыл-парасатымен, алыстан болжайтын аңғарымпаздығымен достарының да, ұстаздардың да құрмет-сеніміне ие болды. Кейбір озат оқушылардай күндіз-түні кітаптан бас алмай, әбігерге түскен жоқ. Сонда да, үздік оқушылардың қатарын толықтырып жүрді. Қатарын толықтырып қана емес, кәдімгідей көш бастап жүрді. Мұның өзі Балапанның туа бітті алғырлығын, зерделі зеректігін, өмірдің өзін мектеп деп таныған көрегендігін аңғартса керек.

Мектеп-интернатты бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түскеніміз түсіп, жолы болмағандар ауылға қайттық. Ол уақытта қазіргідей телефон байланысы, ұялы телефон деген жоқ. Хат жазып, хабар күтіп жүреміз. Мұның барлығына да Балапан ұйытқы болды. Кетерімізде қатты тапсырып, шегелеп шешті. Мекен-жайымызды алмастырып, хат жазысып тұруға уәде еттік. Және орындадық та.

Мектеп бітірген жылы желтоқсан айында менің әкем қайтыс болды. Сол хабарды естіп, Балапан маған көңіл айтып, басу айтып, жұбатып екі парақ хат жазған еді. Бала болса да, барлығын үлкендерше ойлап, өмірде болып жататын қуаныш-қазаға көңіл білдіріп, ниет таныту дегенді мүлт жібермейтін. Біреудің қуанышына қуанып, қазасына ортақтасу деген шаруаны азаматтық парыздың ең қастерлісі деп білді.

Мектеп бітіргеннен кейін бес жылдан кейін қайта табыстық. Тағдыр жолы табыстырды. 1982 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің дайындық курсына (рабфак) бірге қабылдандық. Сол сәттен бастап баяғы интернаттағыдай қызыққа толы өміріміз, мызғымас достығымыз қайта жалғасты. Есейгенбіз. Ақыл тоқтатқанбыз. Біріміз Кеңес әскері қатарында болып, өмір мектебінде шыңдалып, енді біріміз еңбек майданына араласып, оң-солымызды танығанбыз. Парасатты өмір, шынайы достық салтанат құрды. Қазақстанның әр түпкірінен келген жігіттермен танысып, ортамыз толды. Тағы да көшбасшымыз – Балапан. Менімен ертеден дос болса да, кейін танысқан жігіттерді менен кем көрмеді. Сондай көпшіл, азаматтарды алалау дегенді білмейтін жайсаң еді ғой жарықтық. Достыққа берік болды. Және маңайына шынайы достар жинай білді. Сол достарымен өмір керуеніндегі сапар түйінделгенше бірге жүріп, бір тұрды. Кез келген ортақ қуанышымыз бола қалса, бәрін өзі ұйымдастырып, соңына дейін аяғынан тік тұрып қызмет етуші еді. Балапанның төңірегіне топтасқан сол асыл достар Қазақстанның қай өңірінде қызмет етіп жүрсе де, әлі күнге жұп жазбай, отбасымызбен араласып, бір-бірімізді іздеп тұратын жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Әрине, ортамыздың алтын діңгегі Балапан болатын. Біздер – ру сұраспай, рухпен табысқан достар едік. Ол рухты маздатқан да – Балапан.

Университте мейлінше беделді болды. Ешқандай досын қатардан қалдырмауды ойлап, кейбірінің сабақ үлгеріміне алаңдап жүретін. Егер, нашар баға алып қалса, шәкіртақыдан қағылатын заң бар. Сол үшін барлық достарының қамымен ат болдыртып жүрген Балапанды көретінбіз. Университет оқытушылары алдында да сөзі өткізе алатын абыройға ие болды. Ең қатал деген оқытушының өзі Балапанды күлімсірей қабылдап, барлық бұйымтайын шешіп беруге әзір тұрды.

Қазақстан комсомолының съезіне делегат болып сайланып, бірінші курстан соңғы курсқа дейін студенттер құрылыс отрядының аудандық штабын басқарды. Адалдығымен ажарланып, алдымызда жүруші еді, ақыры, алдымызда кетті.

Қайран, өмір! Бәріміздің басымызды біріктіріп, берік достығымызға дәнекер болған асыл досымыз Балапанды жоқтап, естелік жазамыз деп ойладық па?! Иә, ұзақ уақыт ауырды. Асқынған дертпен тура Балапандай күресіп, Балапандай төзім танытқан жанды көрмеппін. Тура осы дертті жеңетін жігері, қайтаратын қайраты бар еді. Ұзақ емделуден пәк жүрегі шаршап кетті, білем. Қас-қағым сәтте тоқтады да, мәңгілікке мүлгіп кетті абзал дос…

Жалпы, мен үшін өткен 2016 жыл өте ауыр жыл болды. Қыркүйек айында тұңғышым Ақжігіт қайғылы қазаға ұшырап, аспан төңкеріліп жерге түскендей ауыр халге душар болдық. Сол бір қиын сәтте қасымнан табылып, қолтығымнан демеген адал досым Балапан еді.

Аконды (Ақжігітті еркелетіп солай атайтын едік) кішкентай кезінен мойнына мінгізіп, айтқанын істеп, керемет жақсы көрді. Үйленгенде де барлық шаруаны өзі ұйымдастырып, тойын атқарды. Сондай сүйікті болған баладан қапыда көз жазып қалу оңай деймісің?!

Баламның қазасы Балапанға да оңай тиген жоқ. Іші қан жылап отырып, Гүлнар екеумізді жұбатты. Қайғымды бөлісіп, шерімді тарқатты. Сөйткен Балапан Аконнан кейін ортаға тура үш ай салып, (балам 26 қыркүйек күні қайтыс болған) 26 желтоқсан күні аттанды о дүниеге. Акон екеуі бір көшеге жайғасты.

Тірліктегі абыройдың соңғы өлшемі ақырет екен. Балапанның қазасына жиналған елде есеп жоқ. Жер қайысар жұрт жиналды. Қарағанды қамығып, Қарқаралы күңіреніп кетті. Желтоқсанның ызғарлы күнінде тасыр тағдырдың, мейірімсіз ажалдың да ызғарын сезініп біз қалдық.

Мекенің жұмақ, мінгенің пырақ болсын, Асыл дос!

Жақсыкелді КЕМАЛОВ,

әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button