«Отан отбасынан басталады»
Қазіргі қоғамда адамдар бұрынғыдан да көп сөйлеседі. Есесіне, бір-бірін тыңдау кем. Байланыс құралдары көп, жақындық аз. Тек бір институт қана мұндайда айнымайтын, ол – отбасы. Бала өмірдің не екенін алғаш отбасынан таниды. Мейірімді, құрметті, жауапкершілікті, кешірімді ең алдымен туған үйінен үйренеді. Сондықтан отбасы қандай болса, ертеңгі қоғам да соның көшірмесіне айналмақ. Ал отбасы мейірімін бере алмағандар қаншама? Ол мейірімсіздік отбасындағы зорлық-зомбылықпен көрінеді бұл күні.

Осы арада Мұхтар Әуезовтің бұдан тура 99 жыл бұрын айтқаны еске түседі. «Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» деген. Қазіргі қазақ қоғамы түзей алды ма? Статистикалық деректер көңілді жабырқатады.
Отбасының шырқы бұзылса, оның зардабы бір әулетпен шектелмейтінін мына қоғам ұғатындай-ақ болды. Бірақ әлі де ес жиған жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық отбасы-ошақ қасында, жауырды жаба тоқитын проблема емес негізі. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарды құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар, дағдарыс орталықтары, психологтар мен еріктілер де бірлесе жүргізіп келеді. Қарағанды облысында да отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстар күшейтілген.
2026 жылдың 1 сәуіріндегі статистикалық мәліметтерге сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастарда жасалған қылмыстар саны 3,8 пайызға төмендеген. Өткен жылы 26 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 25-ке түскен. Қылмыстық кодекстің адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, азаптау, зорлық сипатындағы әрекеттерге қатысты баптары бойынша да өзгерістер байқалады. Кейбір қылмыс түрлері азайғанымен, жекелеген баптар бойынша өсім де тіркелген. Бұл мәселенің әлі де өзекті екенін аңғартады. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Содан әкімшілік жауапкершілікке тартылған құқық бұзушылар саны 7,6 пайызға төмендеген. Жыл басынан бері 1481 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, 2122 қорғау нұсқамасы шығарылып, ерекше талаптар 553 адамға белгіленген.
– Алайда, статистика аздығы оның ізі қайым жоғалғанын көрсетпейді. Мұның сыртында үнсіз қалатын зорлық қаншама?!
Сондықтан да өңірде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара байланысы күшейіп келеді. Бүгінде әйелдер мен балаларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында 13 үкіметтік емес ұйым және құқық қорғау бағытындағы қоғамдық бірлестіктермен бірлескен жұмыстар жолға қойылған. Оның ішінде, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 6 дағдарыс орталығы жұмыс істейді.
Қарағанды, Теміртау қалаларындағы отбасыға көмек көрсету орталықтары, «Мой дом», «Ана үйі – Дом мамы», «Мир добра» секілді ұйымдар қиын жағдайға тап болған жандарға пана болып отыр. Жыл басынан бері сенім телефондарына 351-ден астам адам хабарласқан. Тікелей көмек сұрап келген 11 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылып, жалпы 20 адам, оның ішінде, 9 бала қауіпсіз жерге жеткізілген, – дейді облыстың полиция департаментінің жанындағы Отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығының жетекшісі Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева.
Мұнда психологтар қолдау көрсетеді, заңгерлер кеңес береді, медиаторлар отбасындағы дауды ушықтырмай шешуге көмектеседі.
Соңғы жылдары Қарағанды облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жаңа деңгейге шықты. Соның бірі – 2023 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Бірыңғай отбасына көмек көрсету орталығы. Бұл орталық полиция департаментінің бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған. Жыл басынан бері орталыққа 1358 адам жүгінген. Оның ішінде 32 өтініш ресми тіркеліп, 86 адамға психологиялық кеңес берілген. Заңгерлік көмек 93 адамға көрсетілсе, медиатор көмегіне 42 адам жүгінген. Сонымен қатар қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға құжат рәсімдеу, жұмысқа орналастыру, алимент өндіру мәселелерінде нақты қолдау көрсетілген. Әсіресе, алимент өндіру мәселесі қоғамдағы өзекті проблеманың бірі болып тұр. Орталыққа жүгінген 1052 азаматтың өтініші бойынша жалпы көлемі 196 миллион теңге алимент өндірілген.
Қазақ отбасы мәселесіне ешқашан жеңіл қарамаған. Себебі ұлттың мінезі де, тәрбиесі де шаңырақтан бастау алатыны мәлім. Байырғы қазақ үйінде балаға тек ата-ана емес, тұтас әулет жауапты болған. Әженің әңгімесі, атаның батасы, ананың мейірімі, әкенің тәртібі, бәрі қосылып тұлға қалыптастырған.
Бүгінде қоғам өзгерді. Уақыт жылдам. Адамдардың өмір сүру форматы да тым-тым басқа. Бірақ адамға керек негізгі құндылықтар өзгермегенін есте сақтау ләзім. Қазір де адам түсіністік, қамқорлық, сенім, жылулыққа зәру. Мұның бәрін өтеусіз тек отбасы ғана бере алады екен.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары қоғамда отбасы мәселесі жиі талқыланатын болды. Ажырасу көбейді, адамдар арасындағы эмоционалдық байланыс әлсіреді.
Қазақ қоғамында «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бекер айтылмаған. Себебі, мемлекет те отбасылардан құралады. Сондықтан, отбасы құндылығын сақтау – болашақты сақтап қалудың ең төте жолы.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



