Абыройлы міндет
Отан алдындағы ұлы жауапкершілігін сезінген қарқаралылық жастар әр әскерге шақыру маусымында ерекше құлшыныс білдіріп келеді.
«2017 жылғы наурыз-маусым, қыркүйек-желтоқсан айларында Қазақстан Республикасының азаматтарын кезекті әскери қызметке шақыру» туралы Қазақстан Республикасы Президентінің N449 Жарлығына сай, ауданда қызу науқан басталып кетті. Медициналық комиссияның тексеруінен өтуге келген жастармен әскерге шақыру комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы арнайы кездесіп, Отан алдындағы борышты абыроймен атқару, еліміздің күш-қуатын нығайта отырып, оның бейбіт күндегі тыныштығын сақтау – әр азаматтың міндеті екендігін баса айтты.
Аудандағы қорғаныс істері бөлімінде басталған әскерге шақыру науқанында ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметіне 23 азамат жіберілді. 9 сарбаз Ақтау, Гвардейский, Луговая қалаларының әскери бөлімдеріне аттанды. Ендігі кезекте Қорғаныс министрлігінің тектері жабдықталуда.
Сағыныш ӘБІЛОВА
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.