Абырой асқарында
Жаңаарқа жампоз ұлдарын төбесіне көтерді. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?!» дейтін сөздің құлағы осы тұстан қылтияды. Ел деп туған екі ұлдың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі актер Қайрат КЕМАЛОВ болса, бірі – тарих тұңғиығынан маржан теріп жүрген өлкетанушы ғалым, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске сақтау музейі директорының орынбасары Ібірахым (Жақан) ІСЛӘМОВ. Екеуіне де Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Қайрат Кемаловты жалпақ жұртшылыққа таныстырып жатудың өзі артық шығар. С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында бірнеше спектакль, тарихи драмаларда басты рөлдерді сомдап, өзі де тарихи тұлғаға айналған актер. Басқасын былай қойғанда, күні кеше Қазақ хандығының 550 жылдық тарихының баяны – «Алмас қылыш» кинотуындысында Керей ханның рөлін сомдағанының өзі неге тұрады?! Жұрт сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген танымал тұлға – Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы.
Жаңаарқалық жампоздың бірі Жақан Ісләмов – аймақ тарихының астарына үңіліп, өлкеміздің өткенін байыптап жүрген бірден-бір зерттеуші. Бірнеше кітаптардың авторы. Ел тарихын тасқа қашап, ертеңге жеткізуші елеулі тұлға енді Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы. Қалай десек те, орынды. Қалай атасақ та, байыпты міндет атқарған жанға лайықты құрмет ләзім-ақ. Ендеше, ел азаматтарына жасалған құрмет ұзағынан сүйіндірсін!
Жәнібек ӘЛИМАН