Руханият

Қабылсаят ӘБІШЕВ: “Тәуелсіздік идеясы – ұлттың тағдыры”

Тәуелсіздік! Ғасырлар бойы халықпен берге жасап келген асыл арман, ұлы ұғым! Еліміз тұғырлы болуы үшін тәуелсіздігіміз ғұмырлы болуы шарт. Ол үшін тәу етер жалғыз киеміз – тәуелсіздікті қастер тұтып, қорғай білуіміз керек. Ендеше, әлем таныған Қазақстан үшін тәуелсіздік күні – ең қастерлі мереке! Солай бола тұра, біз неге осы мерекеге лайықты маңыз бере алмай жүрміз? Бәлкім, өскелең ұрпақ – ұлы мұрат мұрагерлерінің санасына тәуелсіздіктің бағасын жете ұғындыра алмай келеміз… «Тәуелсіздіктің қасиеті», «тәуелсіздік құндылығы»… Көсіле сөйлеп, шешіле жазғанда, осы тіркестерді жиі қолданатын болып алдық. Меніңше, тәуелсіздікке дәл осы тіркестерді қосақтап қолданудың қажеті жоқ. Өйткені, тәуелсіздіктің өзі – қасиет, өзі – құндылық. Тек, оны бағалау керек. Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Қабылсаят Әзімбайұлының тәуелсіздік туралы ой-толғамы біздің осы пікірімізді қуаттайды.

– Қабылсаят Әзімбайұлы, мереке құтты болсын! 1991 жылы 16 желтоқсанда қайда болдыңыз және Тәуелсіздікті қандай көңіл-күймен қабылдадыңыз?

– Мен ол кезде осы Қарағандыда, Е.Бөкетов атындағы университетте кафедра меңгерушісі едім. Өз ортамыз бар. Барлық достарым – елдің ертеңі, ұлтымыздың тағдыры үшін алаңдап жүрген азаматтар. Одақ ыдырап, кешегі ұлы держава үйіндіге айналды. Сол жылғы наурыз айында ғана одақтық шарт қабылданып қойған. Біз алаңдап жүрдік. Ғасырлар бойы бабаларымыз қанын төгіп, жанын берген Азаттық атты ұлы күннің шапағына бөленетін мүмкіндік туды. Неге кешігіп жатырмыз? Енді нені күтіп отырмыз? Қоғам іштен тынып тұр. Осылайша тағатсыздана күткен тарихи сәт те туды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Бөркімізді аспанға атып, өз басым ғажап сезімде қабылдадым. Қуандық. Бір-бірімізді құттықтадық. Тура сол сәтте мен достарыма: «Жаңа қоғам орнады. Жаңа дәуір басталады» – деген едім. Міне, Тәңірдің теңдессіз сыйы Тәуелсіздіктің игілігін көріп, жаңа дәуірдің куәсі болып жатырмыз.

– Қоғам болған соң, кереғар пікір айтылмай тұрмайды. Дегенмен, қазір жиі айтылып жүрген «Біз Тәуелсіздікке ешқандай қантөгіссіз қол жеткіздік» деген пікірмен келісесіз бе?

– Мемлекет болу үшін Тәуелсіздігі болу керек. Мемлекеттің бес белгісі бар. Олар – жері, Тәуелсіздігі, заңы, басқару аппараты және салығы. Осылардың ішінде ең басты нышаны – Тәуелсіздік. Бұл – көне гректерден бастап мемлекеттік нышан ретінде мойындалып келе жатқан классикалық талап. Десек те, кез-келген мемлекеттің Тәуелсіздігі мойындалуы шарт. Әлем мойындамаған Тәуелсіздік қабылданбайды. 1934 жылы БҰҰ қабылдаған халықаралық шарттың талабы – бұл.

Жер бетінде 40 миллион күрд бар, Тәуелсіздігі жоқ. 20 миллион ұйғыр бар. Жері бар, жағдайы бар. Бірақ, Тәуелсіздігі жоқ. Сондай-ақ, әлемде 6 мыңнан астам этнос бар. Соның 287-сінде ғана мемлекет бар. Яғни, бұлардың барлығы – халықаралық деңгейде мойындалмаған ұлттардың тағдыры. Міне, Тәуелсіздіктің кейбір саяси топтар айтып жүргендей, оп-оңай келе салмайтын бақыт екендігі.

1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін бірінші болып Түркия, одан кейін АҚШ ресми түрде мойындады. Яғни, сол сәттен бастап Қазақстан толыққанды тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қауымдастықтың табалдырығын аттадық.

Ал, Тәуелсіздік үшін күрес белгілі бір ұлттың саяси һәм саналы элитасы қалыптасқан кезде басталады. Әуелі Тәуелсіздік идеясы өмірге келеді. Бұл идея сол халықпен бірге өмір сүреді, бірге жасайды. Яғни, ұлттың тағдыры. Әрине, элитасы бар, саналы халық болса, Тәуелсіздік идеясын түптің-түбінде жүзеге асырады. Бізде де Тәуелсіздік идеясы ғасырлар бойы ұлт тағдырымен тамырлас болып, қазақ халқымен бірге жасап келді. Әрине, бізде ХХ ғасырға дейін мемлекеттік құрылым болмады емес, болды. Сонау Алтын Ордадан бастап, қазақ хандығы, кешегі «Алашорда»… Осының ішінде «Алашорданың» ғана асыл мұраты идея күйінде тұншықтырылды. Әлихандар бәрібір тәуелсіз мемлекет құра алмайтын еді. Өйткені, олардың идеясы ғажап, мақсаты қуатты болғанымен, мүмкіндігі шектеулі еді. Оларға қызмет ететін оқыған азаматтар аз болды. Тіпті, болған жоқ десе де, болар…

Ал, Тәуелсіздік идеясының көшбасшыларын тарих, заман өзі тудырды. Біздің Тәуелсіздік жолындағы ұлттық идеямыз ХІХ ғасырдың екінші жартысында ағартушылық сипатқа ие болды. Абай, Шоқан, Ыбырайлардың идеясы «Қазаққа Тәуелсіздік алып беруге болады. Ол үшін халықтың көзін ашып, санасын ояту керек» деген мақсатқа жұмылды. Жалпы, Тәуелсіздік жолындағы күрес – ұзақ процесс. ХХ ғасырдың өзінде бір ғана Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» шығармасы бірнеше ғылыми институттың жасайтын жұмысын бір өзі атқарып, бүкіл халықтың санасын сілкіндіріп жіберді емес пе?! Сол шығармасы үшін, азаттыққа деген астыртын ұмтылысы үшін, халықтың санасын оятуға жасаған орасан еңбегі үшін Есенберлиннің тағдыры тәлкекке түсті емес пе?! Ендеше, біз қалай Тәуелсіздікті бір күнде, оп-оңай келе салған бақытқа балаймыз? Бұл пікірмен келіспеймін.

– Бәрекелді! Ал, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» азаттық аңсаған халықтың ашу-ызасы, Тәуелсіздікке деген ұлы ұмтылыс сол сәттен басталады деп жатамыз. Сіз қалай ойлайсыз?

 – Сіріңкені қауіпсіз жерде тұтатсаң, ши жанып, өшеді. Әрине, қажетіңе жаратасың. Ал, сол сіріңкені мұнай құйылған бөшкенің жанында тұтатсаң немесе қураған шөптің арасында жақсаң, арты не болады? Алапат жарылыс болуы мүмкін немесе қураған шөп лап етіп өртке айналуы мүмкін ғой. «Желтоқсан оқиғасы» тұтас Одаққа әсер етті дей алмаймын, қазақтың ұлттық санасына керемет рух алып келді. Ұлтты оятты. Бірақ, біз осы Тәуелсіздік жылдарында сол кездегі рухтан айырылып қалдық. Сол 90-шы жылдары тура осы Қарағандыдағы элитаның өзі балаларын қазақ мектебіне бере бастады. №41 мектепке мен де баламды бердім. Өзім танитын басшы-қосшылардың біразының баласы сол мектепте оқыды. Яғни, қазақтың өзін-өзі қазақ деп тануына «Желтоқсан оқиғасының» әсері күшті болды. Кейбір саясаткерлер айтып жүргендей, алаңға шыққан жастар белгілі бір тұлғаның сойылын соққан жоқ. Ғасырлар бойы әр жүректе булыққан арманның, ашу-­ызаның жаңғырығы еді.

– «Желтоқсан оқиғасы» ма, әлде, бұл көтеріліс пе?

– Оқиға. Көтеріліс болу үшін ұлттық сипат алып кетуі керек. Бұл оқиға салдарының осынша ауыр болып, жазылмас жараға айналуына сол кездегі биліктің өзі – кінәлі. Қару қолданып, басып-жаншимыз деп, өздері ушықтырып алды

– Тәуелсіздік мерекесінің ұлттық сипат ала алмауында осы «Желтоқсан оқиғасының» салдары жатқан жоқ па?

 – Бұл жерде Тәуелсіздік мерекесін емес, Тәуелсіздік өзін қастерлеу дегенді бірінші орынға шығаруымыз керек. Яғни, бұл күнді мереке ретінде дүркіретіп тойлау үшін әр қазақ Тәуелсіздіктің бағасын білуі керек. Өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, халық 16 желтоқсанға мереке деп емес, «Желтоқсан оқиғасының» құрбандарын еске алу күні деп қарайды әлі. Өйткені, «Желтоқсан оқиғасының» жарасы әлі жазылған жоқ.

– Әлде бұл мереке шырша тойының көлеңкесінде қалып келе ме?

 – Жоқ. Шырша тойы Тәуелсіздік мерекесіне бәсекелес болатындай ұлттық мереке емес қой. Әрине, Жаңа жылдың жалпыхалықтық сипаты төмендеген жоқ. Десек те, біздің идеология Тәуелсіздік күні мен Наурыз мейрамының маңызын арттыруға жұмыс істеуі керек.

 – Қабылсаят аға, «Тәуелсіздік төлдерінің» алды «орда бұзар» жасқа жетіп қалды. Осы буынның әлеуетіне көңіліңіз тола ма?

– Білімді жастар көп. Бірақ, олардың дені бір бағыт, бір пән бойынша әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті болуы мүмкін, ал жалпы өре-танымына көңілім толмайды. Өзінің қарақан басын ғана ойлайды. Біздің буын секілді ата-анасына, бауырларына, жан-жағына көмектесу деген ұғым мүлде жоқ бұларда. Қазіргі жас буынды әлем сарапшылары «Таза судың ұрпағы» деп атап жүр. Краннан, құдықтан емес, құтыдан су ішетін ұрпақ. Тіпті, бұл буынның «ақылдылығы» сонша, Бүкіләлемдік банк «Несие алмайтын ұрпақ келе жатыр. Сол сын-қатерге дайын болыңдар!» деп дабыл қағуда. Неге? Біз – ағайын-бауыр, ата-ана, туыс-туғанның той-­томалағына, өлік-тірігіне несие алып, әлеуметтік-психологиялық күйзеліске көгенделген ұрпақпыз. Ал, өзін ғана ойлайтын адамның шығыны аз болады да, ол ешбір банктен несие алмайды.

Сол үшін осы буынның өзінен ұлттық элита дайындауға кірісуіміз керек.

– Тәуелсіздікке қауіп төндіретін факторлар…

 – Қазақтың рушылдығы, жершілдігі, бүгінгі діни ахуал, осының бәрі – Тәуелсіздікке қатер. Діни наным дегеніміз – Аллаға құлшылық ету. Ал, біздегі наным-сенім араб болу деген идеяның жетегінде кетіп барады.

– Тәуелсіз Қазақстанның болашағы туралы бірер сөз…

– Заңгер ретінде айтамын, бізге дамудың бір ғана жолын таңдау керек. Ол – заңға сүйенген құқықтық дамудың жолы. Біздің той жасау, өлік жөнелту деген сияқты ысырапшыл дәстүрлерімізге заңды тұрғыдан шектеу қою керек. Сонда ғана біз әлемдік өркениеттің талабын еркін еңсеретін ел боламыз. Сонда ғана болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болмақ.

– Сіздің жүрегіңіздегі Тәуелсіздік…

 – Тәуелсіздік ұғымының баламасы – еркіндік. Сананың еркіндігі бар жерде Тәуелсіздік баянды болады.

– Әсерлі сұхбатыңыз үшін рахмет! Тәуелсіздігіміз баянды, еркіндігіміз еңселі болғай!

Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.

 

Басқа материалдар

Back to top button