ҚаражалРухани жаңғыру

Абай мүсіні – шаһар шырайы

    Қаражал қаласында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу шаралары аясында Абай көшесі бойындағы жаңғыртылған саяжолдың таныстырылымы өткізіліп, Ұлы Дала данышпаны атанып кеткен ойшыл ақынға орнатылған еңселі мүсіннің ашылу салтанаты өткерілді. Бұқара халық, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен қала қонақтары қатысқан жиында жұртшылықты мерейлі қуаныштарымен қала әкімі Тілектес ДОСАЕВ құттықтады.

– Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты өзегі өткеннің өнегесін бағамдау, оның қасиеті мен киесін жас ұрпақтың санасына сіңіру екендігі белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, қазыналы қала төрінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың ескерткіш-мүсінінің ашылуы – барша қаражалдықтар үшін тарихи маңызы бар айтулы оқиға. Абай бейнесі – әр қазақтың жүрегінде. Ұлттың рухани ағартушысы, халқына өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде мойындатқан тұлға рухына лайықты құрмет көрсете білу – қастерлі парыз. Бұл мүсін – сол парызды өтеудің болмашы бір айғағы. Даналық пен даралықтың символы іспетті кемеңгер бабамызға қойылған осынау мүсін береке-бірлігі жарасқан жергілікті халықтың лайықты мақтанышы боларына күмәнсіз сенемін, – деді қала басшысы өзінің жүрекжарды лебізінде.

Мүсіннің шымылдығын салтанатты жағ­дайда түсіру рәсімін Қаражал қаласының Құрметті азаматы, білім беру саласының ардагері, Ақтай елді мекеніндегі №6 мектепті үздіксіз 25 жыл басқарған батагөй қария Аманкелді Тілеубаев пен білім беру саласының ардагері, №1 қазақ орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып 40 жылдан астам уақыт еселі еңбек еткен ардақты ана Мәкіш Жаппарова жүзеге асырды. Қос қария жалпы қауымға жүрек төрінен төгілген жылы лебіздерін арнап, Мәңгілік Ел мұратын ұстанған мемлекеттің басына қонған бақыты баянды болуын тіледі. Елбасы саясатының жасампаз болмысына қала аумағындағы барша ардагерлердің қапысыз қолдау көрсетуге мүдделі екендігін мәлімдеді.

Шағын шаһардың шырайын енгізіп тұр­ған Ұлттың ұлы тұлғасының тұғыры биік мүсіні, шынында да, асқақ рухтың айғағындай әсер қалдырады. Сол төңірекке жаңадан қойылған «Бейбітшілік көгершіні» шағын сәулет құрылымы да тартымдылығымен ерекшеленеді. Жоғарыда аталған қос туындының авторы – қазақстандық танымал суретші Игорь Баграмов.

Жергілікті бюджеттен мақсатты негізде бөлінген қаражат есебінен жаңғыртылған саяжолға көрген көз қуанарлықтай әсем қоршаулар орнатылып, 24 орындық пен 20 шағын қоқыс жәшіктері орналастырылған. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға тас төсеніштер төселген. Жұртшылықтың шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құруына арналған күн көзінен қорғайтын қалқандары бар демалыс орындары да тұрғындардың сүйікті мекеніне айналары сөзсіз.

Қала әкімдігі мен салаға жауапты мемлекеттік органдардың демалыс аймағын жарықтандыру жайына да жанашырлықпен жете мән бергені анық байқалады. Саябақтарға лайықталған күн сәулесінен қуат алатын жарық беру шамдары – соның айғағы. Сол мақсатпен саяжол аумағына 27 бағана орнатылған екен.

Бұлардан тысқары, төңірегіне түн мер­зімінде нұрлы сәуле шашып тұратын «JAN ЖҮРЕК QARAZHAL» сәулет құрылымы – жүректерге жылылық ұялатып, жұртты ізгілік пен туған жерді аялауға үндейтін бөлек бітімді, бірегей шешімдердің бірі.

Қалай болғанда да, қойнауы қазына-байлыққа толы өңірде Мемлекет басшысының  тапсырмаларынан бастау алатын қоғам үшін қайтарымы мол істер ыждағаттылықпен қол­ға алынып, олардың нақты нәтижелері жұртшылықтың сүйіспеншілігін тудыруда. Ең бастысы, билік пен бұқара арасындағы өзара түсіністік ахуалы «көзге ұрып» тұр. Ал, өз кезегінде, бұл – болашақтағы жүйелі һәм бәтуалы жұмыстардың берік іргетасына айналары күмәнсіз.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button