Ірі болудың іргетасы
Қарағанды облысының тумасы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері Сағынбек Тұрсынов 80 жасқа толды. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.Сағынбек Тоқабайұлы Талдықорған облысының әкімі, Қазақстан Республикасының Германия Федеративті Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Президент Әкімшілігінің басшысы, Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елші, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдарындағы Тұрақты өкілі, Венгрия және Болгария, Румыния, Чехия мен Словакия елдеріндегі Төтенше және Өкілетті Елші қызметтерін атқарады.2007-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияны басқарды. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің, Қазақстан Республикасы 4-шақырылған Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.Бұған дейін «Құрмет Белгісі», «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Алтын медалімен, Венгрияның Корольдік орденімен марапатталған.Сағынбек Тұрсынов – экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Ф.Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Дипломатиясының еңбек сіңірген қайраткері.Жерлес ағамызды мерейтойымен және соған орай алған жоғары наградасымен құттықтай отырып, бүгін біз Сағынбек Тоқабайұлы туралы жазылып жатқан кітаптың бір тарауынан үзінді жариялаймыз. Авторы – бұған дейін Мұстахим Ықсанов, Ұзақбай Қараманов туралы ғұмырнамалық кітаптар жазған белгілі журналист Қайнар Олжай.
РЕДАКЦИЯДАН

Сағынбек Тоқабайұлы өскен Қызылту ауылының маңайында тарихи ескерткіштер тұнып тұрған. Жамантас тауы, ондағы үңгірдің өзі неге тұрады. Беріде үңгірге Венгрияның ғалым-этнографы Питер Кум арнайы келіп сипаттамасын жазған. Табылған құнды жәдігерлердің сырын ашуға ұмтылған.
Біз Питер Куммен 1998 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында жолыққанбыз. Олар мұнда көне қыпшақтарды зерттеу бағдарламасы бойынша келіпті. Сонда Питер бұл сапардың алдында Орталық Қазақстанды аралағанын, бағзы замандардың табы мен ізін көптеп тапқанын айтқан. Біз Питерді телекамераға түсіріп, «Хабар» агенттігінің эфирінен көрсеткенбіз.
Питер Кум Венгриядан келді демекші, өз кезегінде Сағынбек Тұрсынов дәл осы мемлекетте Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін абыроймен атқарған. Әне, адамдардың тағдыры қалай өзара өріліп жатыр десеңізші. Әлбетте, Тұрсыновтың елші болуына дейін қаншама уақыт пен алынатын асулар жатыр, сондықтан оларды кезегімен баяндауымыз керек.
Бала кезінен мал баққан Сағынбек Бесобаның айналасындағы тастардан талай рет таңба көретін. Қазақтар қолына үйреткен түйе мен жылқыны айтпағанда, ол таңбаларда жабайы аңдар, оларды аулауға келген аңшылар қашап салынған. Күн шыққан ертеңгілік пен күн батардағы кешкілікте жылтыр қара тастағы таңбалар жалтырап көрінетін.
Ал ол неге мектепке барудан бұрын мал бағып кетті? Бұл сұрақтың жауабын тағы солақай саясаттан іздеу керек. Соғыстан соңғы уақытта ел біртіндеп есін жинап, қолына мемлекеттікінен басқа аз-кем мал ұстауға көшті. Соның еті мен айран-сүтін азық етіп, колхоздың еңбек күні қашан қолға тигенше күн көре бастады.
Міне, осы сәл-пәл жақсылықты озбыр Орталық тағы қазақтан қызғанды. «Жекеменшік малды үкіметтің малымен қосып ұстауға болмайды» деген ызғарлы пәрмен түсті. Мәскеуден Алматыға, Алматыдан бүкіл облыс орталықтарына жеткен пәрмен енді аудандарға тарап, әрі қарай бүкіл даланы шарлап кетті. Баяғы отыз екінші жылғы ашаршылықтан аман қалғандар тағы сол кепке ұшырағалы тұрды. Қара халықтың күнкөріс көзі, жалғыз тірегі – азын-аулақ мал болса, екінші рет содан айыратын өктемдік белең алды.
Тоқабай үкіметтің ұзын құрығы ұзын екенін бұрыннан сезетін. Қарқаралыға жетіп, енді ауылдың шетіне ілінген тәртіптен елдің берекесі қаша бастағанда алдымен қимылдады. Бірнеше күн қабағынан қар жауып, үнсіз жүрді. Ақыры мынандай шешімге келді.
1952 жылдың қақаған қатал қысы. Дүние аппақ кебін жамылып, аяз бет қаратпай тұрған шақта Тоқабай ат шанаға салып, Төлеубек апайы мен алты жасар Сағынбек екеуін ел аяғы баспайтын, адам ізі түспейтін қиыр шет, айдаладағы иен қыстаққа апарып тастады. Бұл кезінде қызылдарға қарсыласып, олардан қашқан, сол үшін де өкімет «банда» атандырған ұлттық қозғалысқа қатысқандардың тығылған жері екен. Оны Тоқабайдың қалай білгені жұмбақ.
Жан-жақта меңіреу таулар. Айқайласаң дауысың жаңғырыққанымен басқа «ау» деп үндесетін ешкім жоқ. Пысық Тоқабай бірнеше жыл колхоз малын баққанда құрап-септеп өсірген төрт-бес сиыр мен он шақты қойды осында айдап әкелді. Әпкесі мен баласының тіршілігіне қажетті бірер қап бидай, малға аз-маз шөпті шанаға тиеп және келді. Бары осы ғана. Басқасын Аллаға аманат етіп өзі колхоз қойын бағуға кетті. Айдалада алпысты алқымдаған кемпір мен алты жасар бала қалды.
Апасы Сағынбектің ерте есейгенін қалаған шығар, әлде амалсыздықтан болар, әйтеуір алғаш рет атқа мінгізіп, тізгінді қолына ұстатты. Күннің жарық уақытында мына малды жайып келу керек. «Дала жыртқыштарына сес болсын» деп иығына ауыр мылтықты асып қойды.
Бұлар мекен еткен ескі там мен мал қора жапсарласа салынған. Түн баласында үйдің кішкентай терезесінен сыртқа қараудың өзі қорқынышты: қараңғылық қойнауынан бұларды торуылдаған аш қасқырлардың оттай жанған көздері жылтырайтын. Суық түндерде олардың ұлыған үні сүйектен өтіп, жүректі сыздататын, адам бойын еріксіз дірілдететін.
Азық-түліктен бары – бидай. Тамақ жасап ішу үшін қол диірменді айналдыру керек, Сағынбектің әлсіз қолының оған қауқары жетпейтін. Жасы алпысты алқымдап қалса да, қайсар апайы бар күшін жиып, диірмен тасын айналдырады. Осы көріністер Тұрсыновтың көңілінен ешқашан өшкен емес.
Өлместің күнімен екеуі көктемге жетті. Оған дейін жан баласын көрмей, айдалада екеуі ғана қыстап шыққан. Сол кездері ауылдағылар: «Бұлар тірі ме, әлде үсіп өліп қалды ма?» деген үрейлі сұрақты іштей ғана қояды екен. Өйткені, жеке малды тығып отырғанын өкімет білсе, тағы да кәмпескелеп алады. Әрі Тоқабайды соттауы да ғажап емес. Аратұра амандықты білуге ол заманда хабар беретін байланыс құралы атынмен жоқ.
Мамыр айының соңына қарай, айнала жасыл желекке оранғанда, жапан даланы гүр-гүр еткен дыбыс дүр сілкіндірді. Әлі өзі көрінбеген трактордың гүрілінен апа мен баланың зәресі ұшты. Сөйтсе, бұл Тоқабайдың өтінішімен іздеп келген ағайындар екен. Амандық-саулықтан соң Сағынбек осы бір оқшау өмірден қашқысы келіп, трактордың соңындағы шанаға тығылып қалады. Оны көрген апайы:
– Қарағым-ау, мені мына меңіреу далада жалғыз қалдырмақсың ба? Мен жалғыз қалай күн көремін? – деп еңіреп қоя берді.
Сол сәтте баланың жүрегі шым ете қалды. Өзін ғана ойлаған еркелігі үшін ұялып, ана орнына ана болған апайын мұндай жалғыздыққа қия алмайтынын түсінді. Бұл – өмір атты үлкен мектептен алған алғашқы қатал да ащы сабағы еді!
Бірде әкесі бұл тұратын апайдың үйіне келіп, 8 жасар Сағынбекті өзімен алып кетіп Бесобада киноға апарған. Апасының қасында жүргенмен ара-тұра қойшы әкесінің үйіне де барып, бірнеше күн қолғабыс жасайтын. Ол кісі мал соңында. Кейінгі әйелінен бірнеше жас бала бар. Қарайласып, көмектесетін ешкім жоқ. Көктем мен күзде қыстаудағы үйді сылайды. Қораны жөндейді. Қорадан қиды ойып, шығару мен тоғайдан отын тасып алу сияқты ауыр жұмыстар болса міндетті түрде істеп береді. Әкесіне алаңсыз қой баққызып, өзі мініс аттары мен сауын сиырларға ие болады.
Бірде ерте көктем еді. Күн жылынып, айнала балбырап тұрған. Енді көк шығып, Арқаның даласы аз уақыттан соң құлпырып кетпек. Каникулға шыққан соң тағы қыстаудағы әкенің үйіне барған. Демалу емес, жәрдемдесу үшін.
Ымырт үйірілген шақта өрістен қайтпаған сиырларды іздеп, төбеге шығады. Ол кезде Сағынбек әлі он жасқа толмаған. Іздеген малы өзеннің арғы бетіндегі алыстау тұста жайылып жүр екен. Асықпай атпен баяу ағып жатқан өзеннен өтіп, сиырларды қайырып әкелмек болған.
Бірақ қайтар жолда күтпеген кедергі кездесті. Таулардан еріген қар суынан өзеннің деңгейі күрт көтеріліп, арындап кетіпті. Сиырларды қанша айдаса да гүрілдеп жатқан ағыстан жасқанып, өзенге түсе алмады. Көпір деген атымен жоқ, жұрт тек өткелден өтетін заман емес пе.
Қас қарайып, айналаны қою қараңғылық басқанда он жасқа толмаған бала жапан далада жалғыз қалды. Қорықса да бойын намыс буды, жігерін жинады. Енді өзеннен әрірек қырдан пана іздеді. Талай кезген даласы емес пе. Иен тұрған ескі қыстауды білетін. Соны адаспай тауып алып, малды қораға қамайды.
Қай жылдан қалғанын кім білсін, қораның төбесінде азғантай шөп бар екен. Соны төмен түсіріп, ат пен сиырларды алдарына себелеп тастады. Өзі қора ішіндегі оттықтың ішіне ер-тоқымды жастанып жатады. Бәрібір көзі ілінер емес. Қайтадан шоқиып отырады.
Аспандағы Айдың ақ сәулесі қораның жарық-жарық тесіктерінен сығалап, ішке себезгілейді. Сол тесіктерден әлдебір жыртқыштың суық жанары қарап тұрғандай, қораға қасқыр кіріп келетіндей бойын үрей билейді. Бірақ, ара-тұра атының пысқырған, сиырлардың күйіс қайырған дыбысы үлкен медеу болды. Балаға «қорықпа, біз қасыңдамыз» дейтіндей. Сиырда мүйіз бар, аттың артқы аяқпен тепкені кез келген арлан қасқырды сеспей қатырады ғой. Соларды ойлап жатып ақыры ұйықтап кетіпті.
Таң жарқырап атқанда оны бозторғайдың шырылы оятты. Бала әрі қарай не істеуді ойлады. Бұл маңда ел-жұрт бар шығар деп атын ерттейді. Сиырларды шығармай қораның қашасын мықтап жауып, төбеден-төбеге көтеріледі. Биіктеу бір тауға шыққанда алыстан будақтаған жұқа түтінді көрді. Жүрегі қуаныштан жарыла жаздап, сол бағытқа қарай атының басын бұрған.
Бұл колхоздың малшысының үйі екен. Есік алдында самаурын түтетіп жатқан егде тартқан апай қарсы алды.
– Қарғам-ау, Тоқабайдың үлкен ұлысың ба? Бұл жақта қайдан жүрсің? – деді ол кісі таң қалып.
Сағынбек аттан түсіп, амандасқаннан кейін басынан өткен жайды баяндап береді. Әлгі әйелдің көзі жасаурап:
– Ой, қарғам-ай, мына айдалада жалғыз қалған екенсің ғой! – деп, мұны құшақтап, бауырына басты. Аналық мейіріммен үйіне кіргізіп, ыстық шайы мен асын беріп, бәйек болды.
Түске қарай қойды қыстауға жақындатып үйдің иесі келді. Барлық оқиғаға қаныққан соң Сағынбекті ертіп, манағы иен қораға келді. Екеулеп сиырларды қамаудан шығарып, шопанның қыстауына айдап келді. Бірер күн осы үйде түнеді. Тау басындағы қар толық еріп, өзендегі тасқын басылғанда сиырларды судан аман-есен өткізіп, Тоқабайдың қыстауына оралды.
Ұлын көре сала жайшылықта мінезі тым қатты, тіпті қатыгездеу көрінетін әкесі жылы жүзбен қарсы алды. Сағынбекті бауырына қатты қысып:
– Сен нағыз ер-азамат болғаныңды дәлелдедің! – деді дауысы дірілдеп.
Баласы үн қатпады. Тек ішінен:
– Сіз мені іздеп келе алмадыңыз, маған Құдай мен өзімнің намысым ғана көмектесті, – дегенді ойлады.
Бұл төтенше оқиға Сағынбектің бойында алғаш рет өз күшіне деген сенімді ұялатты. Әрі өмірге деген құштарлығы еселене түсті.
Оның тағдырындағы күрт бұрылыс мынадай. Аялап өсірген апайы мұның 14 жасында дүниеден озды. Әкесі қияндағы қыстауда. Бесобада орта мектеп болғанмен, жанында интернат әлі ашылған емес. Ауылдағы мектепті енді бітіретін бозбала әркімнің жұмысын істеп беретін. Бәрі қолынан келеді. Әр үйден тамақ ішеді. Сабағын қарап алған соң кімнің үйінде қандай шаруа бар, соны тындыруға барады.
Бүкіл ауылдастары жақсы көреді. Жаны ашиды. «Осы сары бала пысық. Шаруаға епті. Бәрін тындырып, тез істейді», – деп мақтайды. Бірақ, суырылып бұған көмек беруге дәрменсіз.
Әкеден де дәрмен кеткен. Жасы жетпіске жетіп, зейнетке шыққан. Бұрынғыдай адуынды емес, қауқарсыз күйге түскен. Не совхоздың, не бөлімшенің орталығында баспанасы болмағандықтан сол баяғы қиырдағы қыстақта, сыз тартқан ескі қабырғалардың арасында қала берді. Балалары жүдеу. Олар енді мектепке баруы керек.
Бұл сияқты әр туыстың үйін сағалап оқып жата ма? Осы жағдай Сағынбекті қатты ойландырды. Жасы кіші болса да, жүрегінде бір батыл шешім пісіп-жетілді. Кезінде өзіне қарамай қойған әкесін бәрібір мұндай оқшау жерде қалдыруға хақысы жоқ екен.
Алайда не істей алады? Бесобада да, Қызылтуда да дайын тұрған үй қайда?
Бір күні тосын шешім қабылдады. Тәуекелге бел буып, «Бесоба» совхозының Қызылту бөлімшесінде тұратын, ел сыйлайтын қадірлі Жақан ақсақалдың үйіне бет алды. Ол әрі Тоқабайға ағайындас қария болатын. Ара-тұра онда да отын жарып, су тасып, малын жайғап беріп дегендей көмегін көрсетіп кететін.
Ол кезде жұрттың бәрі жаңа үй салып, ауылға шоғырланып жатқан. Ақсақал да ересек ұлдарын жұмылдырып, сыңғырлаған үй салып алған. Сағынбектің әкесіне осы үйден уақытша басын сұғатын бір бөлме болса да пана керек еді.
Бозбала Жақан ақсақалдың алдына барып, сәлем берді. Ол кісі – етікші. Тағы сол кәсібімен айналысып отыр екен. Сағынбек шегесін әперіп, біз бен тарамысты ыңғайлап қойып, біраз көмектесті. Қарттың бәйбішесі мұны бала санамай лезде шай демдеп, дастархан жаяды.
Сонда барып Сағынбек ізетпен сөз бастаған:
– Жақан ата, өзіңіз білесіз, әкем зейнетке шықты. Қазір оған сізден басқа қол ұшын созатын жақын адам жоқ, – деді.
Сақалын саусағымен тарамдаған Жақан қария бұған сәл таңырқай қарап:
– Е-е, балам-ай, сенің әкең екеуміз қай бір жылы ренжісіп қалғанбыз ғой, – деп өткенді есіне алған.
Сонда Сағынбек саспастан:
– Мен ондай реніш туралы естімеппін. Керісінше, өткенде көптің ортасында әкем сізді мақтап, «қазіргі көзі тірі үлкеніміз де, ең жақын ағайынымыз да – осы Жақан ағамыз» деп отырғанын естіп едім, – дейді.
Бұл сөз ақсақалдың жүрегіне жылу ұялатқандай болды. Көздері мейірленіп:
– Расымен солай деді ме? – деп қайта сұрады.
– Әрине! Ол кісі сіздің ерліктеріңіз бен азаматтығыңызды үнемі үлгі етіп айтады, – деп Сағынбек өзінің де, алдындағы ақсақалдың да сенімін бекіте түсті.
Көп ұзамай қарияның жібіп:
– Үйімнің бір бөлмесін берейін, үйлерің дайын болғанша сонда тұрыңдар. Аулаға киіз тігіп алыңдар. Әне, жер жетеді, – деген сөзін естігенде төбесі көкке жеткендей болды.
Дереу мал фермасына баратын жүк машинасын тапты. «Жол-жөнекей тастап кетесіз ғой» деп шофермен келісті. Қыстаққа келіп, әкесіне «сүйінші» хабарды жеткізді. Әкесі бұған Жақан солай деді ме еді. Алғашында сенбегенімен, баласының «Бір апта бойы сол кісінің үйінде болдым, бәрі сізді күтіп отыр» деген сөзіне иланып, көшуге бел буды.
Сол күннен бастап жетінші сыныпты жаңа бітірген Сағынбек әкейді шаңырағының іргетасын қалауға кірісті.
Ауылға жыл сайын үй салуға келетін армяндар болатын. Олар бұл жылы мектепке қосымша жалғас ғимарат салуға келіпті. Ауылда біреу оларға тұрғын үй салғызуға келісіпті. Мұндай келімсек құрылысшылар кітап авторы туған Семей облысында да кездесетін. Кавказдың чешен, ингуш, армян сынды ұлттарынан тұратын құрылыс бригадалары жаз шыға қазақ даласына ағылатын. Сөйтіп үш-төрт айда бір жылдық табыстарын тауып, елдеріне қайтып кететін.
Бозбала Сағынбек солардың басшысы болып жүрген бригадирмен жолықты. Онда сатырлаған ақша жоқ кез, армяндардың еңбекақысын малмен есептесуге ұсыныс айтты.
«Сіздер жаз бойы шашлык пен басқа тамаққа ет аласыздар ғой. Сонымен қой мен, тіпті, сиыр сойып беріп біз қамтамасыз етейік» дейді бозбала.
Осылайша әлгілермен екі бөлмелі, кіреберісі далаңы бар, жанында қора-қопсысы болатын үй салып берулеріне келісті.
Әкесі Тоқабайдың қолында біраз меншік мал қалған. Сонымен Сағынбек сүйікті күрең атын мініп, саман құятын балшық қырманды айдады. Не керек армяндардың қасында күндіз-түні бел жазбай еңбек етті. Балтыры боршаланып, қолы қажалды. Бәрібір жалдамалы құрылысшылармен қосылып кірпіш қалау мен іргетас құюдың қыр-сырын өз көзімен көрді, өз қолымен бірге істеді.
Қазақтың балаға қарата айтылатын «істегенің бізге жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» дейтіні айна қатесіз екен.
Көп ұзамай екі бөлмелі еңселі үй мен оған жапсарлас қора да дайын болды. Жасы жетпіске іліккен әкесінің барар жері, сүйенер туысы жоқтай көрінгенмен, баласы екеуі жұдырықтай жұмылып, тағдырдың тауқыметін жеңіп шықты.
Ел қатарлы бұлар да Қызылту ауылында өз баспаналарында тұратын болды. Бұл Сағынбектің өмірдегі алғашқы үлкен іргетасы – тек үйдің ғана емес, ер азаматтық намыстың іргетасы еді.
Қайнар ОЛЖАЙ,
журналист



