Астанада оқушыларға арналған AQUA LAB зертханасы ашылды
Астанада оқушылардың су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы зерттеу және жобалық жұмыстарын дамытуға арналған AQUA LAB зертханасы таныстырылды,деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Жаңа жоба елордадағы «TANYM» көпфункционалды кешенінде өткен «AQUA LAB: СУ. STEAM. ЖАСЫЛ МЕКТЕП» практикалық семинары барысында таныстырылды. Іс-шараға Астананың 20 тірек мектебінің тәрбие және бейіндік оқыту бағыттарына жауапты директор орынбасарлары қатысты.
Жобаны Су ресурстары және ирригация министрлігі бастамашылық етіп, «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ Оқу-ағарту министрлігі және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп жүзеге асыруда. Бастамаға бірқатар компаниялар мен ұйымдар серіктес ретінде атсалысып отыр.

AQUA LAB зертханасында оқушылар тәжірибе жасап, зерттеу жүргізіп, STEAM жобаларын әзірлейді. Сондай-ақ су үнемдеу бойынша өз идеяларын сынақтан өткізуге мүмкіндік алады.
Зертхананың әдістемелік базасы «Су және білім» жобасы аясында әзірленген «Су сандығы» ресурсына негізделеді. Бұл ресурс педагогтерге қажетті оқу-әдістемелік материалдар ұсынса, AQUA LAB оқушылардың алған білімін тәжірибе жүзінде қолдануына жағдай жасайды.

Жоба аясында алдағы уақытта елордалық мектептердің қатысуымен бірлескен зерттеу және экологиялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ білім беру тәжірибелерін сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



