Абай мұрасы мен кітап оқу мәдениеті бір алаңда тоғысты
10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, философы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Қарағанды қаласында тағылымды іс-шара өтті. «Шалқыма» концерт залының алдындағы скверде Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылып, ғұламаға құрмет көрсетілді. Іс-шара барысында ақынның шығармашылығына арналған концерттік және поэзиялық бағдарлама ұйымдастырылды. Қатысушылар Абайдың әндерін тыңдап, ақын шығармаларынан көркемсөз оқылымдарын тамашалады.

Салтанатты шараға Қарағанды қаласының зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Іс-шара барысында ақын шығармашылығына арналған концерттік және поэзиялық бағдарлама ұсынылып, Абайдың әндері орындалды. Сондай-ақ ақын шығармаларынан көркемсөз оқылды.
Жиында сөз сөйлеген Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Абай мұрасының ұлттық руханияттағы маңызына тоқталды.

– Бүгін қазақ руханиятының ұлы тұлғасы, хакім Абайдың рухына тағзым ету үшін жиналып отырмыз. Абай – бір дәуірдің ғана емес, ұлттың әр кезеңіне жол көрсететін ойшыл. Ол барша адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеген кемеңгер. Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла», «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиеті бүгінде ел дамуының, интеллектуалды ұлт болып қалыптасудың темірқазығы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың рухани мұрасы еліміздің жаңғыру жолындағы басты бағдарларының бірі екендігін атап өткенін білесіздер. Бүгінде Абайдың «Толық адам» ілімі Мемлекет басшысы ұстанған Әділетті қоғам идеясымен үндеседі. Сондықтан Абай мұрасын насихаттауды болашаққа салынған инвестиция деп қабылдаған жөн.
Өздеріңіз білетіндей, Қарағанды өңірінің Абай әлемімен тарихи байланысы терең. Қарқаралы – Құнанбай қажы ел басқарған, Ибраһимнің жастайынан ат басын бұрған киелі мекен. Бұл тарихи сабақтастық Абай әлемінің Арқа жұртына айрықша жақын екендігін аңғартады. Ғұламаның ізі қалған киелі топырақта өмір сүріп жатқан біз – сол рухани сабақтастықты жалғастырушы ұрпақпыз.
Бүгінде Қарағанды облысында ұлы ойшылдың мұрасын дәріптеуде көптеген жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мектептерде «Абайтану» курстары ашылып, ақынның өлеңдері мен қара сөздерін насихаттауға бағытталған түрлі байқаулар ұйымдастырылып жатыр.
Былтыр Абайдың 180 жылдығына орай өңірде кешенді жоспар қабылданып, көптеген іс-шаралар іске асырылды. Биылдың өзінде 155-ке жуық шара жүзеге асырылды. Абайды оқитын, сөзінің мәніне үңіліп, өмірлік бағдар табатын жастардың қатарын көбейту маңызды.
Былтыр өңірімізде бастау алған «Кітап оқитын ұлт» жобасы да осы мақсатты көздейді. Әр санат бойынша оқылатын кітаптардың тізіміне Абайдың өлеңдері мен кітаптары енгізілген. Бұл қарағандылықтардың ұлы ойшылды оқып қана қоймай, оның идеяларын өмірлік ұстанымына айналдыруына жол ашады.
Кітап оқитын қоғам – ойлайтын қоғам. Ойлайтын қоғам ғана дұрыс таңдау жасай алады. Яғни болашаққа жауапкершілік ала алады деген сөз.
Осы идеяны негізге ала отырып, облыс әкімінің идеясымен Қарағандыда жалпы көлемі 180 мың шаршы метр болатын қала орталығындағы «Керуен» заманауи ойын-сауық орталығында арнайы кітапхана ашылатынын естіген шығарсыздар. Біз үшін бұл ерекше мәнге ие. Біз кітапты оқырманға жақындатамыз. Себебі кітапхана адамдар еркін келетін, пікір алмасатын, кітап оқитын, жаңа идеялар туындайтын алаңға айналуы тиіс.
Қорыта келгенде, «Абайды ұлықтау деген не?» деген сұраққа жауап берсек, бұл – адал еңбек ету, білімге ұмтылу, әр адамның өз саласына жауапкершілікпен қарауы.
Абай сөзі оқылған жерде ой оянады. Ой оянған жерде сана өзгереді. Сана өзгерсе, қоғам өзгереді. Ендеше, Абайдың сөзі кітап бетінде ғана емес, әрқайсымыздың санамызда, ісімізде және өмір салтымызда көрініс табуы керек.
Сонда ғана біз ұлы ойшыл айтқан мықты, озық ойлы, рухани тоғысқан ұлт ретінде қалыптасамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Іс-шара барысында қазақ әдебиеті мен Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған «Paraqta.kz» цифрлық платформасының таныстырылымы да өтті.
Платформа оқырманға кітап оқуды жүйелеуге мүмкіндік беретін үш негізгі функция ұсынады. Біріншісі – оқу сессиясы. Оқырман таймерді қосып, кітап оқуға жұмсаған уақытын белгілей алады және оқыған бетін тіркейді. Екіншісі – оқылған кітапқа пікір қалдырып, басқа оқырмандармен ой бөлісу мүмкіндігі. Үшіншісі – жалпы оқырмандар арасында өз нәтижесін бақылау мүмкіндігі. Яғни платформа пайдаланушыға кітапты жалғыз оқымай, ортақ оқырман қауымымен бірге оқуына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда платформада 4182 оқырман тіркелген. Жоба іске қосылған 11 ай ішінде пайдаланушылар жалпы 752 615 бет кітап оқыған.
Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігі – ашық аспан астындағы «Book Picnic» әдеби оқу алаңының ашылуы болды. Жоба кітап оқу мәдениетін дамытуға және зерделі ұрпақ қалыптастыруға бағытталған.

Алаңда қала тұрғындары мен қонақтары табиғат аясында кітап оқып, Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріне үңіліп, рухани тынығуға мүмкіндік алды. Әдеби алаң оқырмандардың басын қосып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруды көздейді.
Ашық аспан астындағы кітапхананың ең жас оқырманы – 8 жастағы Алуа. Әріп танығаннан бері кітап оқуды әдетке айналдырған ол қазір Абай Құнанбайұлының және басқа да ойшылдардың шығармаларын сүйіп оқиды.
– Кітап оқу маған білімді болуға көмектеседі, – дейді Алуа.
Іс-шараға қатысқан қала тұрғыны Алтынай Мұхтарова да Абай шығармашылығының жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Мектеп жасымнан бастап кітап оқимын. Абайды да мектеп қабырғасынан бастап сүйіп оқимын және әндерін жақсы көремін. Қазіргі жастар Абайды көп оқыса, болашаққа дұрыс жол ашуына көмектесер еді, – дейді қала тұрғыны.
Ұлы Абайдың мұрасын дәріптеуге арналған іс-шара ақын шығармашылығының бүгінгі қоғам үшін маңызын тағы бір мәрте айқындап, кітап оқу мәдениетін насихаттауға және өскелең ұрпақтың рухани дамуына ықпал етті.
Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»



