Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы 65 жылдығын атап өтті

Баланың ақылды болып ер жетуі үшін не істеу керек? Кезінде дәл осы сұраққа атақты ғалым Альберт Эйнштейн «Балам ақылды болсың десең, ертегі оқы. Егер, ғұлама болсын десең, онда көп ертегі оқы» деп жауап берген екен. Расымен де, балалар әдебиеті жас өреннің қиялына қанат бітіріп, білімге деген құлшынысын оятады. Танымал адамдардың өз жетістіктерін бала кезде оқыған кітаптармен байланыстырып жатуы да осыдан.

Биыл Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасына 65 жыл. Жарты ғасырдан астам уақыт балаларға қызмет көрсетіп келген қарашаңырақтың мерейтойы аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Балалардың кітап оқуы – елдің зияткерлік әлеуеті: проблемалары мен шешу жолдары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция.

Жиынға еліміздің әр өңіріндегі балалар кітапханаларының өкілдері, балалар жазушылары, кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелер қызметкерлері қатысып, ортақ тақырып төңірегінде ой бөлісті. Балалар кітапханасын мерейтойымен құттықтап келгендердің арасында Толымбек Әбдірайым, Дәрия Жұмагелдинова, Ернұр Сейдахмет, Татьяна Дубовская, Елена Пономаренко тәрізді қаламгерлер бар.

Белгілі кәсіпкер Ерлан Әшімнің айтуынша, жетістікке жету үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Бар болғаны кітап оқи білу керек.

Жастармен кездескенде менен табысқа жетудің құпиясын сұрайтындар көп. Оларға кітап оқыңдар деймін. Кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүние-танымын өзгертеді. Адам әдеби дүниені оқығанда ерекше шабыт алады, жұмысқа деген құлшысы артады, жаңа дүниелер үйренеді, – дейді Ерлан Әшім.

Конференцияға қатысқан қаламгерлер көтерілген тақырыптың маңыздылығына айрықша тоқталып өтті. Белгілі жазушы Толымбек Әбдірайымның айтуынша, өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, патриот болып ер жетуіне әдебиеттің қосар үлесі зор.

Қазақтың рухы, жан-дүниесі балаға кітап арқылы беріледі. Балаларға арналған кітаптың ең алдымен сыртқы пошымы, безендірілуі дұрыс болуы керек. Өйткені, бала алдымен кітаптың мұқабасына зер салады, содан кейін мазмұнына үңіледі. Балаға арнап жазылған дүниенің тілі жеңіл, ойы орамды болады. Онда атыс-шабыс, қатігездік пен трагедияға жол жоқ. Бала кітаптан ізгілік пен мейірімділік қасиетін сіңіре білуі тиіс. Сондықтан, біз балаларымыз не оқып жүргенін қадағалауымыз қажет, – дейді жазушы Толымбек Әбірайымов.

Түс ауа Абай кітапханасында жас оқырмандармен кездесу өтті. Балалар өздері сүйсіне оқып жүрген кітаптардың авторларымен жүздесіп, көңілде жүрген сауалдарын қойды. Естелік суретке түсті. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, мұндай кездесулер балалардың кітапқа деген құлшынысын арттырады.

Бізде балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Солар бірі – жазушылармен кездесу. Балалар жазушының бар екенін көзбен көруі керек. Сол кезде әдебиетке деген қызығушылықтары артады. Мұндай кездесулердің жазушылар үшін де маңызы зор. Қаламгерлер өздерін іздейтін, оқитын балалардың барын білсе – шабыт алып, құлшыныспен жұмыс істейді деген ойдамын. Әрі, қоғамда «балалар кітап оқымайды» деген жаңсақ пікір бар. Балалар кітап оқиды, тек, олардың талғамы жоғары. Өкінішке қарай, қазір балаға арнап кітап шығаратын қаламгерлер аз, – дейді Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының басшысы Баян Уатаева.

Абай атындағы Қарағанды облыстық кітапханасы 1953 жылы ашылған. Әуелде №1 гимназияның шағын кабинетін иеленген ұжым кейіннен Бұқар жырау даңғылының бойындағы ғимаратқа көшірілді. Бүгінде он екі мыңға тарта оқырманы бар. Олардың басым бөлігі 1-9 сынып оқушылары екен. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, қарашаңырақтың алтын қорында 160 мыңнан астап кітап жинақталған. Кітап қоры жыл сайын жаңа кітаптармен толықтырылып тұрады.

Кітапхана – кітап беретін орын ғана емес, мәдениет ошағы. Мұнда жас оқырмандарға арналған семинарлар, дөңгелек үстелдер мен түрлі байқаулар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, мерейтой қарсаңында кітапханашылар арасындағы «Кітап. Жаңа формат» және оқырмандар арасындағы «Туған өлкем, өзіңмен мақтанамын!» эссе байқауы жарияланған. Ұсынылған жұмыстар әлеуметтік желіге жарияланып, ашық дауысқа түскен. Байқауға Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Рүстемова, облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің мәдениет жөніндегі және «Театр.kz» республикалық журналының штаттан тыс тілшісі Наталья Инжевская, видеограф Антон Петров қазылық етті. Кітапхананың 65 жылдық мерейтойы аясында аталмыш байқаулардың жеңімпаздары анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.