Тарих

Аңыз бен ақиқаттың арасы…

Арқа мен Бетпақтың бітісі – өмір мен өлімнің екі арасы сынды! Екі өмірдің еншісіне де тиесілі мекен. Өлім мен өмір айқасқанда арасында ақиқат қана ту көтеріп, тік тұра алады. Басқасына орын жоқ. Өкініш пен арманда өткен ғұмырдың қайғы-қасіретінің салмағы сонда ғана анық сезіледі. Өмір мен өлім шекарасында! Науанның «Ақкелеген» азалы үні құлағынан жүрегіне жетіп, бойына өкініш боп жайылған Ағыбай батыр Тайатқан-Шұнақты мәңгілік қоныс еткелі ол құбылыстың болмысы, тіптен, ашыла түскендей. Зеңбірекке жалаң қылышпен шапқан, туы жығылып көрмеген Алаштың рух түтеткен жүрегі өрт-өкінішіне Тәңірден дауа тілеген жер де – осы Арқа мен Бетпақтың бітісі. Елдік жолындағы ұлы мұрат көкке ұшқан, асқақ арман ажал құшқан зауал шақ еді ол. Өзекті өрттей өкініш өртеп барады. Арманы өлген, мұраты майып, тарланы ғайып болған ұлы қолбасшының сол кездегі өмірінің өтпелі кезеңін бір Құдайдан басқа түсінеді деу – ақылға сыймайды. Орта Азия даласында 5 ғасырға жуық уақыт үстемдікке жеткен, ұлы Шыңғыс қаған құрған алып империяның Жебе, Мұқылай сынды соңғы бас қолбасшысы Тайатқан-Шұнақ топырағына осылай келіп отырған еді. Содан мәңгілікке мекендеп қалды. Басшысыз қалған жетім елге Тәңір мейірімін таянтқан жер шығар ол, кім біліпті?!

***

Ұлы Далада жеті керемет (қыры) болса, бұл жерден соның санын тоғызға толтыруға болатын шығар. Әуелі Шоқан, Мәшһүр, Әлихан Бөкейхан қаламына ілігіп, кейін Қазақ даласының бар қасиетін бойынан өткізіп, жүрегіне түйген Әлкей Марғұлан назар аударып, зерттеу нысанына айналған да осы қастерлі аймақ. Әлкей Марғұлан заманында, бірақ, Ақжолтай Ағыбай батыр тақырыбына қалам тарту – ажалмен пара-пар. Сөйте тұра, Ақжолтай батыр мазары тұсындағы тас кітаптарды Ә.Марғұландай зерделеп, еңбек жазған ғалымды біз бүгінде көре алмай отырмыз…

Аттың басын Киіктіден оңға қарай бұрғанда, жапан түздің жалтаңдары бой салады да, ірілі-ұсақты шоқылар арасына сүңги барасыз. Біріне бірі ұшқаспай бөлек-бөлек біткен жекежеке болмыстар. Артта Ағыбай батырдың 190 жылдығы өткен Айыртау қалған оқшырайып. Оқшау жатқан ана бір дөң жуан сауырлы пілге ұқсайды. Тастарына шейін пілдің мұрыны мен құлағын бедіздегендей. Мына бір шоқы әлдебір жорықта басынан ұшып, сол беті қалып қойған батырдың дулығасын елестетеді. Жанына жантая кеткен ұзын жалдың өзі дулығасын шешіп қойып, демалып жатқан батырдың сұлбасындай. Батыр кесенесіне бара жатқан соң осылай қиялдайсың да!

Алаш даласына даңқы кеткен Ақжолтай Ағыбай батыр атын бала күннен білеміз. Тіпті, ес кіргелі десек, артық емес шығар. Оқушы кезімде Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» жырын оқып арманда қалғаным есімде…

«Халық иесі хандарды,

Қалай айтсам, мін бар ма?!

Шегірткеге таланған

Қырғауылда жүн бар ма?!

Жапалақтан сескенген

Жалғыз қазда үн бар ма?!

Кенесары-Наурызбай

Бір көрінер күн бар ма?!» деген жолдар жадыма бала күннен тоқылып қалған. Өлгенше өше де қоймас, білем. Оқушы кезімде «Хан Кене» кітабынан оқыған Нысанбай жырау, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Доскей, Досқожа ақындардың жыр-дастандарының сұлбасы дәл бүгінгідей әлі есімде. Соның бәрінде Кененің бас батыры Ақжолтай Ағыбай баһадүр жөнінде кеңінен суреттелген. Тіпті, көп жағдайда Кенесары хан әскерінің жолы болып, жеңіске жетуінің өзі осы Ақжолтай есімімен байланысты айтылатын тұстары да аз емес. Жырау, ақындар шығармаларындағы бұл мысалдарды Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы мен Ермахан Бекмахановтың еңбегінен де молынан кездестіргенімізбен, көбі есте қалмапты. Бүгінгі ұрпаққа толық жетпей отырған – Жүсіпбек Алтайбаевтың «Ер Ағыбай» повесі. Біз кейбір әдебиеттерден үзінділерін ғана оқығанбыз. Кезінде жарық көрмей, баспада ұзақ жатып, автордың көзі кеткен соң барып 1996 жылы ғана басылған. Оның өзінде баспадағылар түпнұсқасын қидалап, қысқартып жібергенін Рахманқұл Бердібайдың мақаласынан кейін білдік. Берідегі Жүсекеңді қазір ел біле бермейді, Нысанбай жырау, Жүсіп Шайхислам есімдері көнергелі қашан?!

Ақжолтай баба басына тәу еткелі барып мұндай кереметпен қауышам деп ойламағам. Бұрыннан жиі естіп жүретін Тайатқан-Шұнақ – бөлек-бөлек екі тау екен. Ағыбай батыр басына Киікті ауылынан бұрылып барғанда, әуелі жеке-дара шұнақ шоқылардың арасымен жетесіз. Шұнақ аталуы содан ба деп қалдық таулардың. Батыр басына жете бере Шұнақ таулары аяқталып, Тайатқан тауы жалғасады. Бір қарағанда жатаған ғана, момақан көрінген Тайатқан тауының арғы беті тұтасқан жақпаржақпар тастар. Одан әрі – ұшы-қиыры жоқ Бетпақдала.

Ақжолтай Ағыбай батыр баба мазары осы Тайатқан-Шұнақтың арасында, Қаратал (Босаға) өзенінің бойында. Терістігінде Қалмаққырылған тауы тұр. Қазақ-жоңғар соғысының соңғы шешуші шайқастарының бірі өткен, атақты «Шаңды жорық» ұрысында жауға ойсырата соққы берген – Қалмаққырылған. 1771 жылғы қиян-кескі ұрыс аймағы. Қаншама шаһит тыным тапқан қастерлі топырақ. Батыр басынан шамамен 5-6 шақырымдай ғана. Киіктіден бара жатқан жолда оң жақ қапталда қалады. Ал, Ақжолтай батыр мазарының түстік беті біз көрген кереметтер әлемі – Шоқан, Әлкей бастаған ғалымдар қола дәуіріне жатады деп тапқан «Таңбалы тас». Ежелгі мәдениет пен өркениеттер таңбаланған тас кітаптар.

«Сәби шыр етіп жерге түскенде, түбі сол адамның қабірі қазылар тұстың топырағы әйтеуір бір белгі беруге тиіс» дейді елдің ескі нанымы. Бұл – шүбәсіз. Бірнеше мысал жетелетуге болады. Ақжолтай Ағыбай баба жерленген тұсқа ежелгі адамдардың өмірі басталған дәуірлерден бұрын метеорит құлаған деседі. «Шұнақ тауларында, дүние жүзiндегі ең көрнектi геолог-ғалымдарды дүрліктірген ежелгi метеорит кратері орналасқан. Бұл 12 млн. жыл бұрын миоцен дәуiрiнде метеорит соққысы нәтижесінде пайда болды. Кратердің көлденеңі – 3,1 шақырым, ал тереңдiгі – 400 метр. Салыстырмалы түрде: бүкіл әлемге танымал АҚШ-тағы Аризондық метеорит кратерінің көлденеңі екi жарым есе қысқа, ал оның тереңдiгі бар болғаны – 175 метр» депті археолог, тарих ғылымдарының докторы Алексей Марьяшев.

Батыр басына таяу «Шұнақ кратері» әуеден түсірілген суретінен анық байқалады. Шөп те шығатын жеріне шықса, тас та түсетін жеріне түспей ме? Оған иландыратын – Тайатқан тауының күнгей бетіндегі «Сырғанақтаста» қалған «Ағыбайдың балуан тасы». Жай тас емес, метеорит тасты балға, не қара таспен ұрсаңыз, темірді төске соққандай шың-шың етеді. «Балуан тасты» көтерген адам кемдекем. «Қазақ барысы» Ержан Шынкеев тізесіне дейін апарған деседі. Аса көлемді де емес. «Балуан тастан» сәл әріректе тағы осындай, кішірек метеорит тас жатыр. Аты тас демесеңіз, ол да темір. Адамдар маңдайын тигізіп, Алладан тілеу тілейді. Жалпы, Ағыбай батыр басына келіп түнеп, құрбан шалып, Алладан сұрағандардың тілеуі орындалмағаны кемдекем екен. Ақжолтай баба мазарының шырақ шысы, шұбыртпалы Хамит атаның айтуынша, қазағы былай тұрсын, мұнда соқпаған ұлт өкілдері аз көрінеді. Іргесінде тұрған біз біле бермейтін батыр кесенесін сонау Иерусалим, Грециядан іздеп келіп, тәу етіп кеткендер бар көрінеді. «Қазақстанда қанша ұлт өкілі болса, соның бәрін көрген шығармын» дейді Хамит ақсақал. Бала сұрап, болмаса, басқа да мұқтаждықпен барғандар кейін хабарласып ізет білдіріп, немесе сәлемдеме салып жіберетін көрінеді ақсақалға. Осы жерде айта кету керек, Халық қаһарманы Тоқтар ағамыз ғарышқа ұшқанда, төс қалтасында әжесі сандығынан алып берген ұлы нағашысы Ақжолтай Ағыбай батыр суретінің болғандығы. Оны Тоқаң бұрынырақ бір хабарда өзі мәлімдеген әрі Хамит атаға да оңаша сыр қылып айтыпты. Бабамыздың егде тартқандағы суреті өз бейнесі екенін ел білетін шығар? Қазақ даласындағы соңғы ұлт-азаттық соғыс қайғылы жағдайда аяқталған соң, Ақжолтай бабамыз ауылымен қоныстануға орыс патшасынан басқа емес, осы Тайатқан-Шұнақты сұраған. Кенесары хан түбіне қырғыздар арқылы жеткен патшалық Ресей Орта Азия қолбасшыларының арасынан Ағыбай батыр мен Шәмілге ғана кешірім берген деседі тарих. Тайатқан-Шұнақты аларда Орынбор генерал-губернаторы қабылдауына құжатқа қол қоюға барған батыр бабамыздың суретін орыстар сол кездегі таңдаулы суретшілерге салғызып алған. Ол суретті атақты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек ері Жазылбек Қуанышбаев Ресейде демалыста Эрмитажды аралап жүріп көріп, суретке түсіре қойған. Келе сала Д.Қонаев мырзаға қоңырау шалып, сүйінші сұраса, Димекең сөзге келмей, сүйіншісіне автокөлік мінгізгенін қайта қопсытып қойған артық емес шығар. Мұндағы айтпағымыз да аруақтың шарапаты.

Алам десе, жер құрып қалған жоқ. Ақжолтай баба Тайатқан-Шұнақты тегін таңдады ма?! «Абылай аспас Арқаның сары белі» – Сарыарқа мен Бетпақдала шектескен, мыңмиллион жылдар бұрын метеорит түскен, қола дәуірінің тылсым тұнған дұғалы таңбалары қалған, Қазақ-жоңғар соғысының соңғы шешуші шайқасында Алаш баласы жеңіс туын көтерген Қалмаққырылған етегі, Бетпақсу бойында Айжігіт қалпе жер асты мешітін салған киелі жер батырға бұйырыпты. Көшпелілер өркениетінің іргелі тарихы осында шөгіп жатыр, демек. Тастағы таңбаларды, осы өлкеде жерленген қазақтың жеті батырын айтпағанда, Ағыбай баһадүрдің өзі – ұлы Шыңғыс қаған құрған алып империяның ең соңғы бас қолбасшысы санатында. Орта Азиядағы даңқты Жебе, Мұқылай нояндардың жалғасы. Алтын орданың бел баласы Қазақ ұлысының соңғы ханы Кенесарының сенімді бас сардары. Ұлы қолбасшының атақ-даңқы мен адам баласынан артық қасиеттерін айтып тауысу мүмкін емес. Аты тірісінде ұранға айналған. Кенесары ханға бәйбішесі «Хан ием, басқа батырларыңның бәрінде жүзбасы, мыңбасы атағы бар, сондай әскери мансаптың бірін Ағыбай батырға неге бермейсің?» деген екен. Сонда хан «қолдың басы жауға Абылайлап шапқанда, соңы Ағыбайлап шабады. Оған енді түсіп тағымды бермесем, басқа лайықты орын көріп тұрған жоқпын» депті.

Ақжолтай бабаның батыр, би, шешендігі өз алдына, айтыла бермейтін ұлы қасиеті – Алланың назары түсіп, әулиелікке жеткендігі. Кенесары ханның баласы Сыздық сұлтан әкесі өлгенімен, орыспен соғысты тоқтатпайды. Қоқан, Бұқар, Хиуа хандықтарында әскербасы бола жүріп, кек алуға көшеді. Сөйтіп жүргенінде, орыстар Түркістанды қоршауға алғанда Сыздық төре көмек сұрап, Ағыбай батырға хабар салады. Оны естіген батыр: «Кәпірлер Қожа Ахмет бабамызға да жеткен бе? Сыздық балама айт! Атқа мініп, найза ұстар мұрша бар», – деп Ақжолтай бабамыз шұбыртпалы жігіттерімен суыт жүріп отырып, бір тәулікте жетеді. Бетпақдала жағынан шабуыл күтпеген орыс әскерлері алғашқы күні қырғын жеңіліске ұшырайды. Мерейі үстем баһадүр орыстар жағының бір зеңбірегі мен жиырма шақты мылтығын олжалап, Сыздық төре мен Әлімқұл хан жасағына қосылады. Батыр осы Түркістан үшін шайқастың екінші күні жараланып, түс көреді. Түсінде Әзірет сұлтан аян береді: «Ақжолтай батыр, батырлығыңның біткен жері – осы, енді найзаңды таста, қолыңа құран ал!», – дейді. Осыдан бастап еліне қайтқан ер Ағыбай (1864 жылдың шамасы болса керек) Алланың ақ жолына түсіп, Айжігіт (сопы) қалпенің соңынан ерген деседі.

«Осы жасқа келерімді білгенімде, «Ақкелеп» соңымда қалған Науанды қырғыз қолынан құтқарып алар едім. Құлағымнан «Ақкелеген» даусы кетпейді» деген өкінішпен дүние салған батырдың «мен өлгенде мазар салып, күмбез көтеріп, әуре болмаңдар. Өз адамдарым келіп тұрғызады» деуінің өзі әулиелігі. Айтқанындай, Ақкең дүние салған соң, күмбезін белгісіз үш адам келіп көтеріп кетеді. Келген-кеткен жағы белгісіз, үсті-басын түк басқан беймәлім үш кісі дейді аңыз. Қайбір жылдары қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенде, саманнан салынған кесененің кейбір кірпіштерінен таңбалар табылған. Бұл жұмбақ жазу-таңбаларды әлі күнге оқыған жан жоқ. Ислам дінінің жілігін шағып, майын ішкен небір ғұлама, шайқылар басын шайқап қойған. Осы тұста Әлкей Марғұланның мына сөзін мысалға тартқанды жөн көрдік: «Аягөз өзеніндегі Қозы Көрпеш – Баян сұлу кешеніне ұқсас Жұбан-Ана (VІІІ-ІХ ғ.) кешенінің «дыңы» формасындағы күйдірген кірпіштен салынған қабырғасындағы өрнектерді зерттедік. Таң қаларлық жағдайда сақталып қалған бұл кешен Махмұд Қашғари картасында Балқаштың терістік жағында, Рашидеддинде Сарысу өзенінде көрсетілген Юанж қаласының жанында, Ортауға жақын жерде. ЖұбанАна кешене жайында Шоқан Уәлиханов оның қабырғасында мұнда жерленген Жұбан-Ананың қасиеттілігін дәлелдейтін жазулар көп деп жазған». *** Тылсымға толы жұмбақ мұнда осы жерде ғана ма? Ағыбай батыр кесенесінен 3-4 шақырым оңтүстік-шығыс бетте «Таңбалы тас» бар. Небір ғажаптың атасы сонда. Батыр кесенесінің шырақшысы Хамит ақсақал «бұл жердің байырғы атауларының бірі Сарбұлақ екен» деп қалды. Әлкей Қаһанұлы еңбектерінде Сорбұлақ, Қалмаққырған тауы жанындағы Қаражартас деп көрсетілген. Ал, жалпы атауын Әлекең Солтүстік Бетпақдала, Батпақсу атайды да мынадай тұжырымға келеді:

«Жаңаарқа ауданында (ертеде сол ауданға қараған – Ж.Ә.) Ақтау және Ортау тауларының жүйелеріне кіретін Қалмақ қырған тауының жанындағы Қаражартас деген жерде адам пішіндері, түйелі керуен, таутеке және басқа жануарлар суреттерінен тұратын көне композиция кездесті. Бұл гравюралар оңтүстік-шығысқа қараған қия жартастарға салынған.

Қола дәуірінде патриархалдық-рулық қоғамның дамуына байланысты петроглифтердің сюжеттері күрделене бастаған. Бұл уақыттағы өнердің дами бастауы – шаруашылықтың жаңа түрлерінің, металл өңдеудің, мал шаруашылығының, жер өңдеудің пайда болуына байланысты. Қола дәуірінің петроглифтері діни нанымдарды, аңшылық сахналарын, тұрмыстық, әдет-ғұрыптық сюжеттерді бейнеледі. Ертедегі суретшілердің өнері даму барысында образдылықтың биік шыңдарына жеткен. Олардың бәрі алысқа, аспанға ұмтылып, Көк Тәңірге жетуге тырысып, ру мен тайпаның жебеуші аруақтарының Құдайға, мәңгілікке жету жолдарын меңзейді.

Тәңіршілдік ертедегі көшпенділер дүниетанымының негізі болатын. Олар өмір сүрген әлемнің рухани толыққандылығы, барлық болмыстың көзі Көкте деген сенім олардың дүниетанымының негізін құрады. Және жартас гравюралары Ұлы Дала тұрғындарына тән санадағы реалдық және идеалдық бастаулардың бірлігін аса көркемдік қуатпен көрсетіп берген»

Жыпыр-жыпыр таңбалар түскен Қаражартасты Қаратал өзені жарып өтеді. Өзеннің екі беті бірдей тұтасқан қия жартастар. Бір зерттеушілер мұнда 200 таңба бар десе, енді біреулері 400-ге жеткізеді. Қаншамасы тасқа сіңіп кеткен. Көрінбей көмескіленіп бара жатқандары және бар. Осында арнайы келген ЮНЕСКО-ның ғылыми экспедициясы құрамындағы ғалымдар және ресейлік тарих ғылымдарының докторы, профессор Надежда Сергеевна (тегі Широкова болса керек) аузын ашып, көзін жұмғанын айтады Хамит ақсақал. Олардың бұл тас кітаптарды оқып, түсінуі Әлкей Марғұлан тұжырымдарынан сәл өзгерек. Тіпті, кейбір тұтас таңбаларды дүниежүзіндегі алғашқы ғаламшар картасы деп ұғындырады.

Ал, Әлекеңдікі ақылға қонымдырақ. «Күн таңбасы», «Көк аспан» немесе «Бақсы және ашық аспан астындағы құрбандық шалу ғұрпы» деген тақырыппен бере салады. Осы бір ауыз сөзде бәрі тұр түсінгенге. Күн Тәңірі, Көк Тәңіріге құрбандық шалған көшпелі тайпалар таңғажайып тылсым күштің сырын анығырақ ұққан бақсыларды тыңдаған. Қазақта бақсы – әлі күнге үлкен қасиет иесі. Және жоғалып кетпеген. Өліні құрметтеп, құрбандық шалу, сөйтіп Құдайдан рахым тілеу, отқа май құю қазір де бар. Бір кездері Шоқан да жазған бұны. Ұлы Даламызда бұдан кемі алты мың жыл бұрын солай болыпты. Бүгін де дәл солай. Өзгеріп кеткен түк те жоқ. Тіпті, құрбандық шалатын орынның өзі ауыспаған. Ағыбай батырдың басына Қазақстанның түпкір-түпкірінен іздеп келіп, құрбандық шалып, Алладан тілеу тілеп жататын жұрт – соның дәлелі. Тіпті, күніне мұнда екі-үш құрбандық шалынатын кездер болады. Сонау қола дәуірінен, мүмкін одан ертеден сондай ғұрыптың куәгері қасиетті мекен, қастерлі алқап. Қазақ құрбандықты үйінде, болмаса, осындай әулиелі жерге апарып шалады. Әңгіме қола дәуіріне тән тастағы таңбалар мен бейнелерден шыққан соң мынаны айтпай кетпейік. 2013 жылдың тамызында осында жасаған сапарында археолог, тарих ғылымдарының докторы, петроглифтерді зерттеу саласындағы маман, қазақстандық альпинизм ардагері Алексей Марьяшев былай дейді: «Тайатқан, Шұнақ тауларының аймағы өзінің сұлулығымен, ұлылығымен және көнелiгімен таң қалдырады. Бұл аймақтарда ғылыми зерттеулермен айналысқан Шоқан Уәлиханов, Григорий Потанин, Әлихан Бөкейхан, Императорлық орыс географиялық қоғам өкілдері, Әлкей Марғұлан және басқалары болған. Шұнақ, Қалмаққырылған және Айғырұшқан шаршысында мыңдаған тасқа салынған ежелгі бейнелер бар. Ескерткiштің мерзімі мен міндетін анықтауға болатын көріністер мен сюжеттер сақталған. Бұл петроглифтердiң негiзгi бөлiгi қола дәуiрiне, яғни, жаңа дәуiрдің II мыңжылдық ортасына жатады. Бұл ненi білдіредi? Бұған ұқсас ескерткiш Алматыдан 170 шақырымдағы Тамғалыда белгiлi болған. Бұл стилистикалық жағынан Тамғалыдағы суреттерге жақын адамдардың фигуралары, бұл адамдардардың мұрындары түрiңкi, адамдардың көбі ұқсас қаруланған, иықтарына шоқпар асынған (жекпе-жек көріністері).

Мұнда күн таңбалары көп кездеседі. Жұлдызды аспан бейнесіндегі бірнеше бірегейлері бар. Сонымен қатар, соғыс сюжетті суреттер, яғни, шайқасты бейнелейтін суреттер өте көп. Олардың орналастырылуы стилистикалық түрде орындалған, олар тамғалылыққа жақын, бiрақ, барлығына емес, тек Тамғалыдағы ең көне суреттерге жақын. Жалпы айтқанда, бұл бейнелер қола дәуiрiнiң дала мәдениетiмен тығыз байланысты.

Жаңа дәуiрдің екінші мыңжылдығында далаға андрон мәдениетiнiң тайпалары қоныстанды, бұл бейнелердің кейбiрі едәуір айқын, бұдан олардың қайта қалпына келтiрілгенін, бұл жер ұзақ уақыт ғибадатхана болғанын болжауға болады. Бейнелер қалпына келтiрілгендіктен, оларға бір ғасыр бойы келіп тұрған деп жорамалдауға болмайды, оларды жаңартып отырған. Бейнелердiң бір жерде топтасып пайда болуы кездейсоқтық емес, бұл ашық аспан астында шіркеу болғанын меңзейді. Өте көне уақыттағы, яғни, ерте көшпелiлер, және де ортағасырлық дәуiрдегі бейнелер де бар».

Біз осындағы жалғыз-ақ пікірге қарсы уәж айтар едік. Маманның «ғибадатхана, шіркеу болған» дегені далалықтардың ақылына сыймайды. Тас ғасырының соңынан бастап жылқыны қолға үйретіп, атқа мінген (аттылы адам бейнесі бар мұнда) Ұлы Дала көшпелілері атам заманнан ат шаптыруға, я, басқа да ғұрыптар өткеруге осындай бір қолайлы жер таңдап, ас беріп, құрбандық шалып, көп болып тілеу тілеген. Соңын ат шаптырып, мерекеге ұластырған. Жоғарыдағы зерттеушінің «таңбаларды жаңартып отырған» дегенін құрбандық шалып, ас беру бәлен жылда бір қайталанып тұрған, дәстүрге айналдырған деуге болады. Елдің бақсысы мен жақсысы сондайда бас қоспай ма? Зиялы, ғұламалары көргенбілгендерін тасқа бейнелеп, сонда таңбаласа керек. Түп негізін тасқа қашап, ұрпаққа үлгі ретінде қалдырған. Содан қалған бір белгі – қазіргі ас беріп, ат шаптырған қазақтың салтдәстүрі. Содан қалған бір белгі – ТайатқанШұнақтағы Ақжолтай Ағыбай батыр басына барып, құрбандық шалып, тәуап қылушы қалың ел. Ұйықтап бара жатып «Ұлттық кодын» іздеп тауып, бір серпіліп, қайта сапарлатқан қара қазақ. Алаш кеңістігіндегі Алланың назары түскен алақандай ғана киелі мекен! «Ұлттық кодтың» ұясы дерлік!

Аңыз бен ақиқаттың арасы осындай-ақ, құрметті оқырман!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button