Аңыз актриса – Арқада
Қазақтың Қыз Жібегі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешова Қарағандыда. Екі күн бойы қарағандылықтармен шығармашылық кештерін өткізді. Сонымен қатар, түсірілгеніне 55 жыл толған «Қыз Жібек» фильмі мен басты рөлде ойнаған Меруерт Өтекешова туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді.
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі Меруерт Өтекешова Қарағандыдағы Қазақ киносының күндері аясында Қазақстан Республикасының Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттарымен, Қарағанды құрылыс-техника колледжінің студенттерімен кездесуде болып, ұлттық құндылықтар мен өнер турасында жастардың түрлі сұрақтарына жауап берді.
Классика – өміршең. Студенттердің 55 жыл бұрын түсірілген «Қыз Жібек» фильмін білетіні көңілге қуаныш ұялатты. Бәрі жаппай құрметті мейманға сауалдарын қойды. Меруерт Өтекешова түсірлім барысында орын алған қызықты оқиғаларымен бөлісті. Фильмге түскеннен кейінгі өмірі туралы да сыр шертті.
«Сарыжайлау» кинотеатрында «Қыз Жібек»: рецепт любви и успеха» атты деректі фильм көрсетілді. Аңыз актрисаны бұл жерде қызыл кілемде қарсы алды. Гүл шоқтарын беріп, құрмет көрсетті. Деректі фильмді тамашалауға қаланың жастары жиналыпты. «Сарыжайлау» кинотеатрында ине шаншыр орын болған жоқ. Әуелі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстың Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова мен «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Саят Әбдіғали құрметті мейманмен бірге сахна төріне шықты.
– Арқа жұрты Меруерт Өтекешованы жүрегінің төріне шығарып қойған! Аңыз актрисаға деген құрметімізде өлшем жоқ. «Қыз Жібек» фильмі – қазақтың мәдениетін, өнерін биікке шығарған туынды. Фильмде шырқалған ән де, айтылған сөз де халқымыздың жоғары мәдениетін жұртшылыққа паш етті. Төлеген мен Жібек – әлі күнге дейін адал махаббаттың символы. Экранға шыққанынан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзіміз қайталап көре бергіміз келеді, – деді Рымбала Омарбекова.
Меруерт Өтекешованың ғибратты ғұмырынан түйген өнегелі сөздері залдағы көрерменге еріксіз қол соқтырды.
– Әр адамға таудай талап, бармақтай бақ керек. Мен өміріме ризамын. Жаратқан менің бағымды жақты. Әйтпесе, қазақта бұрымы сарқырамадай төгілген, көздері мөлдір, қылықты, арлы, ұятты қыздар өте көп еді сол уақытта. Бірақ, таңдау маған түсті. Мен осынау аңыз туындыдағы бас кейіпкердің бейнесін сомдау бақыты бұйырғаны үшін қуанамын. Бармақтай бақ деген – осы. Әрдайым жақсылыққа сену – адам баласының міндеті. Осы жерде отырған әрқайсыңның жұлдыздарың күндердің бір күні жанарына сенемін! Тек, жүректі кірлетпей, ар-ұятты таза ұстасаңдар болды. Жолдарың ашыла бермек, – деді Меруерт Өтекешова.
Шара соңында кинотеатр директоры аңыз адамға естелік сыйлық табыстады.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»