Руханият

Аңызға айналған ақын

«Кімде-кім талантты болса, елдің басын қатырмай соңына аңыз қалдырсын» депті бір данышпан. Осы сөз Мұқағалиға арнап айтылғандай. Өйткені, ол табиғи таланты һәм тынымсыз еңбектің арқасында соңына мол мұра қалдырды. Мұқаң жайлы аңыздың жөні бір бөлек. Әйгілі кунг-фу шебері Брюс ЛИ: «Егер жұрт сізді сынап, әңгіме қылса, демек бәрін дұрыс жасап жүрсіз» деген. Бұл – болмыс-бітімі бөлек біртуар тұлғаларға ортақ тағдыр. Олар өмірге келеді де, ештеңеге басын ауыртпай, айтарын айтып, жазарын жазып, істейтінін істеп, жалғаннан жарқ етіп өте шығады. Мұқағали да сондай кесек талант. Өз дәуірі туғызған санаулы ақындар қатарында.

Шындығында Мұқағали туралы аңыз көп. Оның кейбірі ақынның ноқтаға басы симайтын болмысын дәл ашса, енді бірі қисынға келмей жатады. Ел аузында айтылып жүрген аңыз-әңгімелерден халықтың шайырға деген үлкен махаббатын көреміз.

Алматыда жүрген бір жылда түрлі әңгімеге қанық болдым. Соның бірін автобуста кетіп бара жатқанда танысып, сұхбаттасқан ағадан естідім. Аты-жөні есімде жоқ.

Мұқағалидың есімі дәуірлеп тұрған кез болса керек. Бірде Мұқаңның іні досы, ақын Еркін Ібітанов Нарынқолдан Алматыға Мұқаңды іздеп келіпті. Түні бойы тойлап, ауылдан әкелген тіскебасардың бәрі бітіп, ақша түгесіліп, екеуі бас жазуға түк таппай қалыпты. Бас сынып бара жатқандықтан, Еркін ағамыз: «Мұқа, осы сенің Алматыда менен гөрі абырой-беделің биік, ел таниды. Дүкеннен қарызға сұрап көрсеңші» десе керек. Содан тік мінезді, алып денелі ақын шашын сілкіп тастап, дүкенге кіріп келсе, бір қазақтың қара домалақ қызы отыр екен. Қызға қарап Мұқаң:

«Ассалаумағалейкум, қарындасым,

Ағаң келді өзіңді сағынғасын.

Қарызға бір бөтелке ащы су бер,

Ақшасын сосын берем, табылғасын» деп тарс еткізіпті.

Сонда қарсы алдында тұрған алпамса денелі кісінің ел аузында жүрген ерке ақын Мұқағали екенін бірден таныған сатушы қыз, сұрағанын қолына ұстатып жіберіпті-міс. Осылай елдің сүйіктісі тығырықтан шығып, қонақтың алдында бір көтеріліп қалса керек.

Бұл әңгімеден дидактика іздеп қажеті жоқ. Өмірде болсын, болмасын ақынның бөлек болмысын ашып тұр. Оның асқақ рухты қазақ дейтін халықтың перзенті екенін және халқының оны қалай еркелеткенін байқауға болады. Сонымен қатар, ақынға деген құрметтің өте жоғары екенін де меңзеп тұр. Жұрт оны сол қалпында жақсы көреді.

Кейде жұп-жұмыр өлеңдердің және анайы жыр жолдарының Мұқағалиға телініп кететініне куә боламыз. Мұны да елдің біртуар ақынға деген махаббаты деп ұғамыз.

Бір қызығы, осы аңыздар оны қарапайым халыққа жақындата түсті. Мұның да себебі бар. Өйткені, ол сол қоңыр тіршілік кешетін қоңыр жұрттың ішінен қайнап шыққан талант.

Бір жолы Мұқаң қасында үш-төрт ақын жолдасымен кезекті шыққан жаңа кітабының қаламақысын алып, оны атап өтпекке мейрамханаға келіпті. Шамалы қызған соң, қасындағылар қазақ поэзиясындағы мықты ақындарды атап, салыстыра бастаса керек. Сонда бәрін үнсіз тыңдап отырған Мұқаң ортадағы үстелді төңкеріп тастайды. Жүгіріп келген даяшыға қаламақы салынған чемоданынан бір уыс ақшаны ұстатып, шығып кетіпті деседі. Бұл – ішіне сыймаған жан дерті ғой. Себебі, әр мықты ақынның өз биігі, өз тақырыбы бар, оларды салыстыру – қате. Енді, мына бір дерекке зер салыңыз.

Өзбекстанның Науаи облысында тұрған сол дәуірдің мықты ақыны Өмірзақ Қожамұратов «Жұлдыз» журналында істейтін Мұқаңмен хат алысып тұрған. Ол жайлы деректер де бар.

Ал, сол Өмірзақ ақынның да бунтарь мінезді болғанын біреу білсе, біреу білмес. Жастайынан шымыр өскен Өмекең, жұмыс істеп қаржы жиып, Алматыға Мұқағалиды іздеп келіпті. Қасындағы жігіттерге жөнін айтпайтын көрінеді. Сонда ел аузында аңыз болып жүрген шайырды көзбен көріп, жігіттік арынын байқап көргісі келіпті деседі. Сөзге келіп, жаға ұстасып, қайта жарасыпты. Осылай екі алапат ақын айырылмас дос болған екен.

Аңғарсақ, Хаңтәңірінің мұзбалағы атанған ақиық ақын жайлы аңыздың көбі тентек сумен байланысты. Бірақ, ол жазарын жазып, шығарар кітабын уақытылы шығарып отырған. Үнемі даму үстінде жүрген. Мұны өзі: «Мен жазарымды жазып болып ішем, сендер несіне жетісіп ішесіңдер?» деп айтады екен.

Мәселен, орыстың, ағылшын, француздың да мінезді ақындары туралы түрлі аңыз бар. Сол әлемдік мықтылар жайлы аңыздарды да оқып жүрміз. Алайда, Мұқағали бәрібір бөлек. Өлеңі де, өзі де, ол жайлы аңыз да ешкімге ұқсамайды. Өзіне ғана жарасады. Өлеңі қандай, өзі де, аңызы да сондай.

Біздің буын Мұқағалимен ауырып өстік. Біраз өлеңін жатқа соғамын. Ол жайлы аңыз-әңгімелер өлеңге адал болуымызға оң әсер етті. Бір деммен жазып шыққан «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын Ғабит Мүсіреповке оқығанда, Ғабең риза болып алтын қалам сыйлапты. Оның ақындық қуаты, ішкі дайындығы, еңбекқорлығы – бөлек әлем. Негізінде Мұқаң шығармашылық, қаламақы мәселесінен таршылық көрмеген. Күйінуі адамдардың немқұрайлылығы, талантының уақытылы бағаланбауы, жанын түсінетін достың аз болуы және шыншылдығының билікке ұнамауы шығар. Мұны жырларынан байқаймыз. Шындығында ол көп оқылатын ақын және өлеңінің көбі әнге айналған. Тіпті, бір өлеңіне бірнеше ән жазылған. Мұны ел біледі. Ол хақында аңыз-әңгіме көп. Енді, сол деректерді сұрыптап, кітап қылып шығарса таптырмас қазына болар еді, – дейді ақын Қайрат Асқар.

Байқасақ, ірі таланттардың соңынан осындай аңыз-әңгіме көп ереді. Мұқаңға қатыстысын айтып тауысу мүмкін емес. Бұл олардың ешкімге ұқсамайтын мінезінен. Сонысымен де олардың іс-әрекеті көптен ерекшеленіп, қызық болып тұрады. Қалай десек те, Мұқаңның бар өмірі тұнып тұрған тағылым, үлгі-өнеге. Аңызға айналған ақиық ақынның адам жанын баурап алатын сиқырға ие өміршең жырлары қазақ барда мәңгі жасай бермек.

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button