Руханият

АҚЫН тағдырының ӘНГЕ айналуы

Әуелден ақсүйек өнер – поэзияның толысып, кемеліне келгенде әнге айналып кететіні бар. «Балуанға оң-солы бір» демекші, ақындық тағдырды арқалап жүру үшін өлең жазу аздық етері анық. Біз мұны біртуар ақындардың шығармашылығынан айқын көреміз. Бұл сөзімізге Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ әнге айналған туындылары дәлел.

Негізінде, шынайы ақындардың жүрегінде бір ырғақтың бары анық. Өйткені, өлеңге де ырғақ, музыка керек. Онсыз ол – сөздің жиынтығы. Ал, Қасымның өлеңдерінің әнге айналуын, жалпы, әнге бейімділігін оның өмір жолы мен ақындық тағдырынан іздесек, қателеспейміз. Себебі, онда балалық шақ болған жоқ. Әкесінен өлідей, анасынан тірідей айыралған бала Қасымның жұдырықтай жүрегіне сол сәттерден бастап-ақ, бір мұңды саз, тылсым сағыныштың құпия ырғағы орнаған еді. Сол мұңға толы үн келе-келе қуатты поэзияға айналды. Бара-бара өлмейтін, кез келген жүректі жібітіп жіберетін мұңды әнге айналды. Бұл сөзімізді ешкім жоққа шығара қоймас. Оның дауылға құмарлығының өзі бір ғаламат музыканы, ғайыптан келетін құдіретті әуенді аңғартса керек.

Дауылпаз ақынның 100 жылдығынан бері «Қасымның әндері-ай!» атты әндерін насихаттауға арналған ән кеші өткізіліп келеді. Бұл жобаның авторы әрі продюссері – белгілі әнші Гүлбаршын Тергеубекова.

Онда елімізге танымал күміс көмей, жезтаңдай әншілер «Жыр жазамын жүрегімнен», «Туған жер», «Сарыарқа», «Айтшы, жаным» «Дариға, сол қыз» «Өзім туралы», «Ақ сәуле» сынды көптеген әнімен қатар, орыс тілінен аударған «Аһ, Самара, жас қала!» туындыларын әуелете орындайды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін айтулы шарада Қасым өлеңдеріне жазылған жас сазгерлердің әндері де шырқалады. Бұл – Қасым тұлғасын асқақтатудағы соны қадам екені сөзсіз.

Себебі, сегіз қырлы, бір сырлы Қасымның сан қырын зерттеп, зерделеп, кейінгі жас буынның санасына сіңіру – әрқайсымыздың парызымыз. Ұлт біртуар азаматтарымен асқақ десек, Қасым сол ұлттың ұстынына айналған кесек тұлға.

Қасымның музыка ғылымынан бір кісідей хабары болғанын, мына пікірден аңғарамыз.

 – Әбілахат Еспаев пен Қасым Аманжоловтың шығармашылық тандемінен туған керемет ән «Ақ сәулем» әншілердің репертуарынан әлі күнге түспей келеді. Бірақ, тыңдарман тұрмақ, орындаушылардың кейбірі сөзін Қасым Аманжоловтың жазғанынан бейхабар. Ән авторы ретінде сазгер есімі аталады да, ақын аты сырт қалып қояды. Қасымның ел аузында айтылмай келе жатқан мұндай әндері өте көп. Осының барлығын жинастырып, халық назарына ұсынып, Қасым Аманжолов есімін қайта жаңғырту мақсатында «Қасымның әндері-ай!» жобасы өмірге келді. Жалпы, ақынның рухы өршіл, мінезі өткір келгенімен, әндеріндегі иірім, нәзік лиризм мен терең толғанысқа құрылған. Қасым әндері кейде маған ақынның жүрек түкпіріне тұнған жан дертін, қайғы-қасіреті мен арыз-арманын ғаламат бір отты, қуатты, бірақ, соншалықты сыршыл да нәзік сезіммен ән ноталарына әкеліп жанартаудай жарып жібергендей көрінеді. Кейде өлең өзегіне сыймаған кеудесіндегі теңіз-толқынысты, «дауыл сырды» поэзия құдіреті жетпегендіктен де, ән арқылы жеткізді ме екен деп ойлаймын, – депті бір сұхбатында әнші Гүлбаршын Тергеубекова.

Шындығында, Қасымның әндері сынды классикалық туындыларды білмейтіндер жеңіл-желпі әнсымақтарды бес саусақтай жатқа соғады. Ән өнеріне қадам басқан әр өнерпаз Қасымның өлмейтін әндерін бойына сіңірсе, құба-құп болар еді.

Шайырдың сынаққа толы өнегелі өмір жолын қарап отырсақ, оның мақсаты айқын, алыстағыны көре алатын кемеңгер екенін байқаймыз. Себебі, ол өлең жазумен шектелген жоқ. Музыкалық аспаптарда да шебер ойнаған. Тіпті, Оралда жүргенінде халық театрын ашып, жетекшілік еткен. Қалай да елдің рухын көтеру жолында белін бекем буғанын осыдан-ақ көруге болады.

– Музыкалық әрі есту қабілетінің ерекше екенін ол жайлы естеліктерден оқып жүрміз. Домбыра, баян, скрипка, фортепиано сынды аспаптарда шебер ойнаған. Сонымен қатар, Мәдидің «Қаракесек», «Қарқаралы» сынды әндерінің сөзін жетілдіріп, редакциялапты. Иманжүсіп, Жаяу Мұса, Ақан Сері, Біржан салдың әндерін түрлі аспапта тамаша орындайтын болған, – депті дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай бір сұхбатында.

Алайда, деректерге зер салсақ, Қасым өнерпаздықты жеке қызығушылық ретінде қабылдап, көбіне елге көрсетпеген сыңайлы. Бар ынтасы мен уақытын құдіретті поэзияға арнаған. Десек те, оның жүрегіндегі музыка өлеңдеріне нәр беріп, өлмейтін туындылар қатарына қосты. Бүгінде оның жанартау жырлары мен мұңды әндері халыққа кең тараған. Сол туындылардан оның тағдыры көз алдыңа келеді.

Қазақ жазба поэзиясында ұлттық музыка өнеріне алғашқы жаңаша форма әкелген Абай десек, одан кейін тілімізге Сәкен мен Мағжан оралады. Дауылпаз ақын Қасымды да жоғарыда аталған игі дәстүрді жаңа биікке көтеруші, жалғастырушы ретінде мақтан тұтамыз. Әсіресе, «Өзім туралы», «Дариға сол қыз», «Туған жер» сияқты құнары мол әндері сай-сүйегіңді сырқыратып, төбе-құйқаңды шымырлатады. Өйткені, бұл әндердің астарында Қасым өмір сүрген дәуірдің ащы запыраны мен сол кездегі қалың қазақтың қиын өмірі һәм тауқыметке толы тағдыры бар. Сонысымен де, ол әндер халықтың жанына жақын.

Иә, Табиғат-Ана туа сала оның аяулы жүрегіне құйып берген саф өнердің бірде өлең, бірде ән болып төгіліп отыратыны ақиқат. Ал, кейде ақын көңілінің ішкі сазынан туған өлеңнің әнге айналып кететінін жоғарыда айттық. Бұл Абайда, Сәкенде де бар.

Бір жағынан сол жүрегіндегі мұңды сазды Қасым туған топырақтың тылсым киесімен де астастыруға болады. Мүмкін Қарқаралысына деген мәңгілік сағыныш па екен?.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button