Жаңалықтар

Ақын өмір һәм өлең жайлы

Ақын, «Ар, рух» кітабының авторы, Қазақстан Жазушылар одағын жұртты бір өлеңімен жалт қаратып қабылданған Руслан Нұрбай оқырманымен жүздесті. Кездесу кеші Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында өтті. Өлең оқылды, оқырманнан сауал жолданды. Ақын өмір һәм өлең жайлы толғанды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Руслан Нұрбай – Қарағандыға тың тыныспен келген толқынның ірі өкілі. Ақынның өлеңдерін жұрт бұл күнде жатқа оқиды. «Үш әріп», «Қарқаралы вальсі», «Алтын адам» атты жырлары Алаштың өлең сүйер қауымына етене таныс. Кездесу кешінің Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында өтуінде мән бар. Руслан Нұрбай бір кезеңде халқының аяулы азаматы болған марқұм Мартбек Тоқмырза кітап­хана жанынан негізін қалаған «БОТА» клубын басқарған. Сол жылдарда рухани шаңырақтан қаламгерлердің жас толқыны түлеп ұшты. Атап айтсақ, Мирас Асан, Қуаныш Медеубаев, Жәнібек Әлиман, Ерболат Қуатбек, Рауан Қабидолдин секілді бүгінде есімін ел таныған ақындар. Бұл еңбегін кітапхана директоры Нұргүл Қаленова атап өтті.

– Құрметті Руслан Нұрбай, шығармашылығыңыздан бөлек қайраткерлігіңізді де атап өткім келеді. Сіз «БОТА» клубының басы-қасында жүргенде, талай қаламгерге жол нұсқадыңыз. Жас қаламгерлер сізге қарап, бойтүзеді. Тау суындай күркіреп өлең оқығанда, өлең десе, ішкен асын жерге қоятын оқырман жалт қарайтын. Сізге шалқар шабыт тілеймін! – деді Нұргүл Қаленова.

Шарада ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Салтанат Смағұлова мен жазушы Сұлтан Дәулетхан, ақын Қайрат Иманбек, ел газеті «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Қасымхан Ғалым, жас ақын Бекзат Берістем, жас ақын Бектас Жұман құрметті мейман болып, Руслан Нұрбайдың шығармашылығы хақында жылы лебіздерін білдірді, өлеңдерін оқыды. Бекзат Берістем «БОТА» клубы жастарының атынан ақынға сыйлық табыстады.

Руслан Нұрбай өлеңдерін іздеп жүріп оқитын оқырмандарының сауалдарына жауап беріп, жалынды жырларын оқыды.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button