Құсбегінің ізбасары бар ма?
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихымен бірге келе жатқан құсбегілік бүгінде ұмыт болудың алдында тұр. Бір кездері сайын далада қыран құсын баптап, аңға салған құсбегілер ел ішінде зор құрметке иеленсе, қазір бұл ұлттық спорт түрімен айналысатындардың қатары сирек.

Құсбегілік – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі өнері әрі ұлттық спорт түрі. Бүркіт, ителгі секілді жыртқыш құстарды қолға үйретіп, аңға салады. Бұл тек аңға шығуға ғана үйретіп қоймай, жігерлі болуға, батылдыққа баулиды. Десек те, бүгінде қатары жасармай отыр. Жастар арасында құсбегілікке қызығушылықтың азаюы, расында, алаңдатарлық жағдай. Бүгінде заманауи технологияға әуес жастардың бұл өнерге мән бермеуі дәстүр сабақтастығына кері әсер етуі мүмкін дейді аға буын.
– Елімізде құсбегілер санаулы. Құсбегілерге Үкіметтен гранттар немесе тағы да басқа түрлі қолдау көрсетілсе, жастар қызығар ма еді? Біз қазақ табиғатқа сыр айтқан халықпыз. Атбегілік, құсбегілік, тазы ұстау – қанымызға сіңген дүние. Екі қазақтың біреуіне ат немесе құс көрсетсең, делебесі қозары сөзсіз. Құсбегілік өнерін дүние жүзі мойындайтындай дәрежеге көтеру қажет. Салт-санамызға қазықтай қағылған бұл өнер жоғалып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді, – дейді Бұқар жырау ауданы мемориалды кешен филиалының директоры, құсбегі Әлихан Уәлиев. Оның айтуынша, ауданда бүгінде екі құс ғана тіркеуде бар.
– Қазір қолымда Байқоңыр атты құсым бар. Байқоңырды 2023 жылдың қазан айының ортасында жол бойынан әлсіреген күйде тауып алдым. Ол кезде әлі сарыауыз балапан еді. Жағдайы мүшкіл болғандықтан, оны үйге әкеліп, бағып, күтім жасап, әл жинауына көмектестім. Құс әлсіздіктен бе, маған тез үйреніп кетті. Кейін сауығып, қанаты қатайған соң табиғатқа қайта жіберген едім. Алайда, арада екі-үш күн өткенде ауыл шетінен қайта көрінді. Содан бері бауыр басып қалдық. Қазіргі технологияның дамыған заманында интернет арқылы қыран құсты баптаудың қыр-сырын үйрене бастадым. Тәжірибелі құсбегілермен танысып, олардың ақыл-кеңесін тыңдап, құс күтудің жолдарын меңгердім. Аңшылық атадан қанымызға сіңген қасиет, құсбегілік өнеріне де тез бейімделдім. Алдағы уақытта қандай да бір келеңсіз жағдай туындамауы үшін құсқа арнайы құжаттарын рәсімдеп алдым. Бүгінде Байқоңыр біздің отбасымыздың бір мүшесіне айналды. Оның күтімі мен бабын жасау күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болып отыр, – дейді Әлихан Уәлиев.
Қарқаралы өңірінің тұрғыны, құсбегі Қайыржан Дүйсековтің айтуынша, бұл өнерге екінің бірі, егіздің сыңары батылы жетіп, бара бермейді.
– Әрине, құсты қолға үйрету оңай шаруа емес. Мысалы, маусым айының соңына қарай балапанның қанаты қатайып, қара қанаттана бастаса, шілде айында еркін ұшуға бейімделеді. Шілдеде қолға түскен балапанды күзгі саят маусымына дейін аңға салуға дайындайды. Осы кезеңнен бастап, оны баулып, қолға үйрету жұмыстары жүргізіледі. Құсқа арнайы қансоқта, қызыл секілді күшті жем беріліп, іш-ырғағы ретке келтіріледі. Оған қоса томағаға, балақ бауға көндіру жұмыстары басталады. Кейіннен қоянға тірілтіп, аңшылыққа бейімдеу арқылы құстың саятшылық қабілеті шыңдалады, – деді құсбегі.
Еске салсақ, 2007 жылы Англияда бүкіл дүниежүзілік құсбегілердің фестивалі өтті. Сол фестивальда Қайыржан Құсайынұлы бас жүлде алған.
– Қазақтың саятшылық өнерін халықаралық деңгейде насихаттаудың маңызы айрықша. Оның дамуы мен бүгінге жетуінде қазақ халқының үлесі зор. Сондықтан, құсбегілікті халқымыздың төл мұрасы, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі деп толық негізбен айта аламыз. Әлі де бұл өнерімізді қолға алу керек, – дейді Қайыржан Құсайынұлы.
Саятшылық өнерді серік еткен Қарқаралы өңірінің тұрғыны Қайыржан құсбегі баптап өсірген бүркіттерінің ешқайсысының обалына қалмаған, қартайған шағында еркіндікке жіберген.
– 4-5 бүркіттен ұстайтындар бар. Оның баптауы бар емес пе? Бір бүркітті баптаумен жыл бойы алысасың. 3-4 бүркітті ұстап, ие бола алмай қалады. Көзқимастық бар. Сөйтіп, бүркіттер азайып жатыр. Ол дұрыс емес. Осының алдындағы бүркітті жеті жасында табиғатқа жібердім, – дейді құсбегі.
Құсбегінің Алпан, Ақбілек деген құстары болған. Олар ел біріншілігінде бірнеше мәрте жеңіске жеткен. Құсбегінің айтуынша, қазіргі таңда Қарқаралы ауданында 2-3 бүркіт тіркелген.
Бүгінде құсбегілердің басым бөлігі – аға буын өкілдері. Бұл өнерді өмірлік серік еткен ағаларымыз ата дәстүрді көздің қарашығындай сақтап келеді. Дегенмен, олардың ізін басып, тәжірибесін жалғастыратын жастар аз. Сол себепті, аға буынның білімі мен тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жалғау – уақыт күттірмейтін маңызды міндет.
Санжар ТАМПЫЛБАЙ,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті



