Бас тақырыпРесми

Жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды – Президент

Президент медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шарада соңғы жылдары ана мен сәби өлімінің азайып, халықтың өмір сүру ұзақтығының артқанын айтып, дәрігерлердің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістерге тоқталды.

Сурет Ақорда

– Баршаңызға белгілі, мемлекет медицина саласын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Қазір де осы бағытта ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нәтижелер бар. Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш.

Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Медициналық сақтандыру саласы да заман талабына сай жаңғыртылды. Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді. Олардың мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет болып қала береді.

Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Осы мәселеге былтыр кәсіби мереке қарсаңында өткен жиында арнайы тоқталдым. Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді.

Тағы бір өзекті мәселе. Өздеріңізге мәлім, ауқымды реформалардың арқасында Қазақстан жаңа тұрпатты елге айнала бастады. Азаматтарымыздың болмыс-бітімі, мінез-құлқы, дүниетанымы өзгеріп жатыр. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Еліміздің Бас құжаты – Конституциясында дәл осылай жазылды. Бірақ құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет. Бұл – әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті, мінез-құлқы заңға қайшы болмауы керек деген сөз.

Ата Заңға сәйкес, біз – зайырлы мемлекетпіз. Алайда, зайырлы болу ұлт болмысынан аттау немесе халқымыздың бойында бар құндылықтарды ұмыту деген ұғым емес. Озық, заманауи елдің азаматтары ең алдымен қоғамда, яғни, көпшілік ортада, әсіресе, жұмыс орнында өздерін орынды ұстай білуі қажет. Мысалы, соңғы уақытта көп адамдардың, тіпті, амандасу кезінде өрескел, орынсыз әрекеттерге жол беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейте түсу қажет. Бұл – жай ғана шағын мәселе емес. Әр халықтың тұрмыстық салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қарап шетел адамдары сол елдің қаншалықты мәдениетті, дамыған жұрт екендігі жөнінде пайым жасайды.

Өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуға тиіс. Мұның бәрі, тағы да атап өткім келеді, қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау, өзара құрмет көрсету сынды негізгі қағидалардан басталатыны анық. Біз осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыруымыз қажет. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Медицина қызметкерлері осы өте маңызды мәселе бойынша бүкіл қоғамымызға үлгі көрсетуі керек, – деді Президент.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button