Бас тақырыпРесми

Президент Қарағанды медицина университетіне Петр Поспеловтің есімін беруді қолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық білім беру жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызын атап өтті. Президент «Астана медицина университетіне» Ұлттық университет мәртебесін беруді қолдап, оқу орнына Төрегелді Шармановтың есімін беру, сондай-ақ Қарағанды медицина университетіне Петр Поспеловтің атын беру жөніндегі бастамаларды қолдайтынын мәлімдеді.

Сурет Ақорда

– Медициналық білім беру жүйесін дәйекті түрде жаңғыртудың ел болашағы мен ұлт саулығын сақтаудағы стратегиялық мәні зор. Салалық жоғары оқу орындары бұрынғыдай дәстүрлі білім беру мекемесі емес, іргелі ғылым мен жоғары технологиялар орталығы ретінде жаңғыра бастағаны қуантады. Білім беру үдерісі жетілдіріліп, клиникалық оқыту тәсілдері кеңеюде. Интернатура кәсіби даярлықтың толық кезеңіне айналады. Енді оны тәмамдаған түлектер базалық білімді меңгерген дәрігер ретінде жұмысқа кіріседі. Жаңа буын мамандарын әзірлейтін ұстаханаға айналған еліміздің жетекші медициналық оқу орындарын одан әрі нығайтуға қолдау көрсету маңызды деп санаймын.

Маңдайалды отандық жоғары мектептердің бірі ретінде танылған «Астана медицина университеті» цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицинаны табысты дамытып келеді. Үкімет аталған оқу орнының айқын жетістіктерін ескеріп, ол ең жоғары – Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық деп санайды. Бұл ұсынысты қолдаймын.

Сонымен қатар астаналық университетке көрнекті ғалым, отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін салушы, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды болар еді. Мұның символдық мәні де зор.

Қарағанды медициналық университетіне осы оқу орнының негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар бойы басқарған Петр Моисеевич Поспеловтің атын беру туралы Үкімет пен медициналық қоғамдастықтың бастамасын қолдаймын. Белгілі Қарағанды медицина мектебінің бастауында тұрған әйгілі тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында мұндай шешімнің қабылдануы – тарихи әділеттілік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button