Ақтылы қой өргізген аяулы ана
Балқашқа бет алған күрежолмен жүйткіген көліктер легі Ақжалдың тұсына таяғанда бір сәтке аялдайды. Жол жиегінен сәл әріректе, жота үстінде менмұндалаған екі қабатты үй тұр. Қараған жанға – жай ғана қоныс. Ал, үңіле қарағанға – тұтас бір ғұмырдың, алпыс жылдық маңдай тердің, ұрпаққа ұласқан еңбектің, көптеген жыл бірге соққан қос жүректің белгісіндей. Тасжолдың бойында қала тіршілігінің тынымсыз ырғағы соғып жатса, бергі бетінде – дала тынысы, малдың күйі, тіршіліктің табиғи өзегі бүлкілдейді. Осы бір қарапайым көріністің өзінде қазақтың кешегісі мен бүгіні, еңбектің үзілмеген жібі, ұрпақ сабақтастығы қатар өрілген.
Сол шаңырақтың шырағын жаққан, іргесін бекітіп, ортақ тағдырдың көсегесін еңбекпен көгерткен жан, әйгілі әрі майталман аға шопан, Ленин орденінің иегері, елге сыйлы биыл 80 жасқа толып отырған – Алмагүл Молдаханова.

Алмагүл Молдаханқызының ғұмыры – қазақ даласындағы еңбек адамының классикалық тағдыры. Әр тағдырдың өзіне ғана тән болмысы, қайталанбас мінезі болады. Оның өмір жолына үңілгенде, ең алдымен, көзге түсетіні – таңдау. Иә, ол небәрі 17 жасында-ақ, өз жолын өзі таңдады. Бұл – 1963 жыл болатын. Көп бойжеткен тұрмыс құрып, басқа тірліктің қамына кіріскенде Алмагүл Шопан атаның қасиетті таяғын қолына алып, атқа қонды.
Бұл шешімге келуі де кездейсоқ емес еді. «Мал баққанға бітеді» демекші, әкесі Молдахан – малдың жайын жетік білетін, еңбекті өмірінің өзегі еткен адам болған. «Мал – аманат!» деген түсінік өрімдей Алмагүлдің санасына бала күнінен сіңді. Сондықтан, оның шопандықты таңдауы кәсіби бағыттан гөрі, өмірлік ұстанымға айналды. Сол бір шешім оның бүкіл тағдырын айқындап берді.
Жас шопанның еңбекке қалай кіріскенін замандастары әлі күнге дейін ерекше ілтипатпен еске алады. Қырқым науқаны мал шаруашылығындағы ең ауыр, ең қарбалас кезеңнің бірі екені мәлім. Жұмыс күші жетіспегендіктен, сол жылдары мектеп оқушыларын да жұмысқа жұмылдыратын.
Сондай бір сәтте шамамен 17-18 жастағы шопан Алмагүлдің күніне 100 қой қырқып, ересектерді таңғалдырғаны болашақ соқталы тұлғаның алғашқы қадамдары еді. Қойды жығып үлгермей жатқан жастардың ортасында оның шапшаңдығы, ептілігі, ең бастысы жұмысқа деген жауапкершілігі айқын байқалған.
Мұнда физикалық күштен гөрі, ішкі дайындық, еңбекке деген құрмет басым еді. Ол өзін көрсету үшін емес, жұмысты сапалы жүргізіп, нәтиже көрсету үшін еңбек етті. Дәл осы ұстаным оны өзгелерден ерекшелендірді.
Шопанның тіршілігі – көзге көрінбейтін, бірақ, күн сайын қайталанатын күрес. Бірде ақ түтек боранда жол таппай, ықтасын іздеп, бірде аптап ыстықта жердің тынысын бағып, малдың шөлін басумен өтетін күндер. Бұған Арқаның қысы қатты әрі ұзақ болатынын қосыңыз.
Бір түнде бұрқасын соғып, таң ата жайылымды көміп тастауы мүмкін немесе аяқ астынан соққан ызғар төлдің жанын қыл үстінде қалдырады. Осындай сын сағаттарда Алмагүл Молдаханқызы жай бақылаушы болған жоқ, керісінше, малдың қамқоры, тіршіліктің сақшысы бола білді. Ит-құстың көзіне түскен малды аман алып қалу, қасқыр шапқан түндерде кірпік ілмей, күзетте тұру оның өмірінің үйреншікті дағдысына айналды. Ал, төлдеу науқаны келгенде, әрбір әлсіз қозыны бауырына басып, суықтан арашалап, тіршіліктің нәзік жібін үзіп алмау үшін бар мейірімін төгетін. Осындай тынымсыз еңбек пен төзімнің арқасында ғана ол шопандықтың шын мәнін терең меңгеріп, бұл кәсіпті жай жұмыс емес, өмірлік мұратқа айналдырған аңыз шопанға айналды.
Сондықтан да, Алмагүл Молдаханқызы малдың тілін біліп, табиғаттың мінезін танитын шопандардың сирек буынына жатады. Оның ерен еңбегі еңбегі елеусіз қалмады, нақты нәтижемен өлшенді. 100 саулықтан 110 қозы алу – кездейсоқ жетістік емес, кәсіби шеберліктің шыңы.
Жыл сайын 500 қойдан 550 қозы алып отыру – жүйелі еңбектің, бақылау мен есептің, тәжірибе мен түйсіктің үйлесімі. Мұнда тек еңбекқорлық жеткіліксіз. Стратегиялық ойлау, тәуекелді сезіну, табиғатпен үндесе білу ауадай қажет.
Осы қыруар еңбегі үшін Алмагүл Молдаханова кеңестік кезеңнің ең жоғары марапатының бірі – Ленин орденімен наградталды. Сонымен қатар, Лениннің 100 жылдығына арналған медаль және басқа да мерейтойлық марапаттарға ие болды. Оның есімі Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылғандардың қатарында аталды. Бұл – оның еңбегі мемлекет деңгейінде мойындалғанының айқын дәлелі.
Халық ұғымында «Шопан ата қолдасын!» деген тілек – тіршіліктің өзегіне айналған сенім. Қой баққан жан сол пірдің аманатын арқалап жүргендей қабылданған. Сондықтан да, қазақ шопанды ырыс сақтаушы, тіршілік күзетшісі деп таныған. Осы өлшеммен қарағанда, Алмагүл Молдаханова – сол көне танымның бүгінгі жалғасы. Малды көбейте отырып, құт-берекені еселеген жан.
Сондықтан да, оның 60 жылдық шопандық ғұмыры – Шопан атаға адалдықтың, қазақы дүниетанымға беріктіктің, тіршілікке деген терең құрметтің өлшемі.
1966 жыл – Алмагүл апаның өміріндегі тағдырлы кезең. Осы жылы ол өзінің өмірлік серігі Мұхтар Мағауовпен мәңгілікке серт байласып, шаңырақ көтерді. Екеуін табыстырған да – ортақ еңбек, ортақ тағдыр.
Мұхтар Мағауов – 1948 жылы Шет ауданы, Қарабұлақ ауылында туған. 1966 жылы мектеп бітірісімен-ақ, шопан таяғын қолға алған. Мал шаруашылығын әкеден көріп өскен ол да бұл салаға кездейсоқ келген жоқ.
Екі жастың одағы – отбасы құрып, ұрпақ жалғау ғана емес, еңбек бірлігі болды. Сол 1966 жылдан олар бір кәсіптің жүгін бірге көтеріп келеді. Биыл – осы бірліктің 60 жылдық мерейлі белесі. Бұл – сирек кездесетін өмірлік және кәсіби серіктестік.
Осы еңбек шежіресінің өзегінде Алмагүл апаның тұлғасы айрықша көрінеді. «Әр мықты азаматтың үйінде мықты жары болады» демекші, ол – ұйымдастырушы, тірек, бағыт беруші. Отбасының ішкі тәртібі мен еңбек ырғағын қалыптастырған – оның болмысы.
Белгілі шопан Мұхтар Мағауовтың да еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1980 жылы оған «Мал шаруашылығының бірінші санатты шебері» атағы берілді. 1972 жылы «Урал» мотоциклі, 1991 жылы 25 жылдық еңбек өтілі үшін «Москвич-412» автокөлігі сыйға тартылған.
2010 жылы Мұхтар Мағауов І дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталса, одан бөлек 2018 жылы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін, 2023 жылы «Құрметті ардагер» атағын және Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасын алды. 2024 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Осы толағай табыстың арғы жағында Алмагүлмен бірге атқарылған ортақ еңбек жатқанын ұмытпаған жөн.
Тәуелсіздік кезеңі ауыл адамдары үшін үлкен сын болды. Совхоздар тарап, бұрынғы жүйе күйреді. Көпшілік жаңа жағдайға бейімделе алмай, тығырыққа тірелді. Ал, Мұхтар мен Алмагүл бұл кезеңді мүмкіндікке айналдыра білді. Олар өз еңбегіне, тәжірибесіне сүйеніп, «Мәнет» жеке шаруашылығын құрды. Бүгінде олардың шаруа қожалығы – ірі шаруашылықтың бірі. Қазір тізгін екі ұлы мен бір немересінде.
Отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр айдап, шекесі шылқып отырған шаруашылық иелері елдің әл-ауқатын арттыруға да үлес қосып келеді. Өйткені, шаруашылықта ондаған отбасы еңбек етеді. Бұл – басқару мәдениетінің, еңбек тәртібінің, отбасы бірлігінің көрінісі.
Алмагүл апайдың тағы бір үлкен еңбегі – ұрпақ тәрбиесі. Отағасы екеуі жеті бала өсіріп, оларды өмірге бейімдеп, еңбекке пісіріп жеткізді. Бүгінде бәрі еңбектің қадірін білетін, тәрбиелі әрі көргенді болып өскен.
Кейіпкеріміздің перзенттерінің басым бөлігі отбасылы, немере-шөбере сүйіп отырған үлкен әулетке айналған. Шаруашылықты да осы ұрпақ жалғастырып отыр. Бұл – еңбектің үзілмеген желісі.
Мемлекеттік қызмет ардагері, Шет ауданының Құрметті азаматы Әділ Бәкіров бұл отбасымен бала кезден таныс.
– Мұхтар екеуміз 10-шы ауылдың тумасымыз. Керней деген елденбіз. 1966 жылы Ақшатау кентінде 11 класты бірге бітірдік. Мен оқу қуып кеттім. Мұхтар оқу бітірісімен Ленин орденді шопан, менің руласым Алмагүл Молдахановаға үйленіп, шопан таяғын ұстап, бірден еңбекке араласты. Екеуі де бақытын еңбектен тапқан. Елге сыйлы, қоғамда өз орны бар тұлғаға айналды. Отбасымызбен араласып тұрамыз, той-думанда бас қосамыз. Қазір шаруашылық адамдары бұрынғыдай насихатталмайды. Мақала жазып, ұлықтап жатқан «Орталыққа» мың алғыс. Жастар осындай тұлғалардан үлгі алса құба-құп, – дейді Әділ Қадырұлы.
Бүгінде Алмагүл апай қалада, немересінің жанында. Бірақ, оның өмірінің негізгі бөлігі далада өтті. Сол Ұлы Дала оның мінезін қалыптастырды. Сабырлы, бірақ қайсар, қарапайым, бірақ берік.
Оның өмір жолы – табанды еңбектің жолы. Әрбір марапат – маңдай тердің өтеуі. Әрбір жетістік – төзімнің нәтижесі.
Кейіпкеріміз туралы таңды-таңға ұрып айтуға болады. Ақжалдың тұсындағы жол жиегіндегі қос қабатты үйден басталған әңгімеміз кенді өлкенің іргесін ен жайлап жатқан терең тарих пен Алмагүл Молдаханованың тағдыры жайлы ауқымды әңгіменің бір шеті ғана. Заманымыздың белді тұлғасы арқылы тұтас бір дәуірдің портретіне үңілдік. Ол – адал әрі табанды еңбектің терімен жазылып, уақытпен дәлелденіп, ұрпақпен жалғасқан өмір.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



