Ақтоғайдың «төлқұжаты»

«Ақтоғай тарихының тас сандығы» деректі танымдық фильмінің тұсаукесері «Достық үйінде» өтті. Көріністерін бір жүйеге түсірген – Тұңғышбай Мұқан. Фильмнің режиссері, операторы – Медеу Әбузартегі. Тұңғышбай – ата болса, Медеу – немересі. Екеуі де Ақтоғай ауданының тумалары. Фильмнің тұсаукесерінде облыс әкімінің аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайын сөз сөйлеп, киногерлердің діттеген мақсаттарына жеткеніне ризашылық білдірді. Кәдесый ұсынды.

Фильм басталды. Ақтоғайлықтардың мақтанышы Дәртай Сәдуақасовтың «Ақтоғай – алтын бесігім» әні оның көріністерін саз әуеніне орап, самалдай желпіп, теңіздің толқынындай тербеп ала жөнелді. Қойнауы тарихтан сыр шертетін Ақтоғай өңірі әсем ән сазымен шежіресін ақтарып, абыз тарихтың жырын жырлап кетті. Ақтоғай жеріндегі сақ дәуірінен басталатын тарих, оның дәлелдемесі Қазақ хандығына дейінгі кезеңдер кезегімен экраннан өтіп жатты. Дала күзетінде тарих мұрасы болып қалған балбал тастар. Шежіре шерткен тау беткейіндегі тастағы жазулар. Көрпетай өңірін күзеткен 37 батыр ескерткіштері. Ерте дүниеден бүгінге дейін халқымыз кие тұтқан, сыры терең құпия сақтаған үңгірлер (мүмкін алғашқы қауым кезінде тұрақ-мекен болған шығар. Жорамал көп. Тап басары сөз жоқ. Болжам бар) көрсетілген.
Ақтоғай өңіріне археологиялық зерттеу, зерделеу өткен ғасырда басталып кеткен. Оның басында академик Әлкей Марғұлан тұр. Сырын ашқан, кітапқа түскен «БегазыДәндібай кешені». Бұл да кино лентасынан жарқ ете түсті.

Жер тарихы – ел тарихы. Кино лентасы жылжып барады. Қызылтас тауы. Биік шыңы – Қайдауыл-Шеруке. Жігіттің аты – Қайдауыл. Қыздың есімі – Шеруке. Арманда кеткен ғашықтардың құрметіне аталған шың. Олардың тарихы – аңыз-әңгіме. Көрпетай, Нұртай таулары. Арасы тай шаптырым. Сайы нулы, бұлағы булы махаббат мекені. Ән мен жырдың өлкесі. Айдай, Қиратаулары. Арасы қозыкөш жер. Екі ғашықтың сыр ашқан биігі. Ешкіөлмес тауы. Жұтта мал тоқтаған, жан сақтаған мекен. Жауыр тауы – Қозы Көрпеш-Баян сұлу жырындағы Айбас батырдың ат шалдырған жері.
Тағы тағылар, жапан даладағы жалғыз тау – Бектауата (Әулиеата) оның да сыры мен жыры – кинода. Ақтоғай жерінің табиғаты мен таңдай қақтырар көдесі май, суы бал, балығы тулаған, орманы шулаған, аңдары қойдай өрген көкмайса өлке сайы бұлақ, шалғыны құрақ жер шоқтығы.
Қызыларай тауы. Аймақты алақанына қондырған оның Ақсораң шыңы. Бұлақтардан бастау алған жеті өзенді буып әкеп өзіне қосқан, жер үстімен де, жер астымен де Балқаш көліне құятын Тоқырауын өзені. Осы өңірдегі мал шаруашылығы мен егіндік, оның жетістіктері мен жеңістері – фильмнің арқауы. Тарихтан ізі өшпеген ел қорғаған батырлар мен халық қамын жеген би, көсемдерді ұрпақтар есіне сақтатуды көздеген сәттер, көріністер көз алдыңнан өтіп жатыр. Батырлар мен даналардың, даралардың өнегелі өмірі өріледі.
Музыка әуені де мазмұнына сай өзгерген. Ақын Серік Сағынтайдың «Тоқырауын толғауы» өлеңіне жазылған Қуандық Сәденовтің әнін аққуға ән қосқан әнші Дәуренбек Әркенов орындап, домбыраның қоңыр үнімен сүйемелдеп құлпыртады. Қалмақ шапқыншылығында елін қорғаған Жалаңтөс, Жидебай, Аю батырдай қолбасшылардың, ел іргесін бекітуде шешендігімен сөз ұстаған, билігімен ел ұстаған дана билер Қараменде, Сеңкібай, Сана би, Шабанбай, Көшкін бабалардың, ел анасы боп тарихта қалған Кежек, Әуез аналардың, орыс отаршылдығына қарсы шығып қол бастаған Ақжолтай Ағыбай батырдың, елінің қамын жеген Нарманбет Орманбетұлы, Шашубай Қошқарбаев, Кенішбай Жұбандықов ақындардың, Алаш Үкіметін құрған ұлт көсемдері Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбайұлының дара жолдары баяндалды. Осының бәрі оларға салынған мазарлар мен күмбезді кесенесімен дәйектеліп, өнегелі өмірлерін ұсынады
Ақтоғай елінен шыққан әнші, күйшілер Әсет Найманбайұлы, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Аққыз Ақыметқызы, Мағауия Хамзин секілді өнер жұздыздарын бүгінгі ұрпақтың есіне салған.
Қызыл империяның Кеңес үкіметін орнатудағы сұрқия саясаты: тәркілеу, жазалау, үкімет зорлығына қарсы жергілікті халықтың қарсылығы, көтерілісі фильмнен тыс қалмаған. Ақтоғай ауданының құрылуы, ұжымшар, кеңшар құрылыстарының дамуы, қарқынды ел еңбегі тарих болып қатталған. Ұлы Отан соғысындағы Кеңес Одағының батырлары Нұркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржановтың өшпес ерлігі тылдағы мылтықсыз майдан, оның қаһармандары – фильмнің арқауы.
Тәуелсіз ел болғаннан кейінгі Ақтоғай ауданының өркендеуі, оның құрамындағы он жеті ауылдық округтің заман талабына сай өсу жолдары баяндалады. Олардың кәсібі мен нәсібі баяндалады. Фильм екі сағат жүрді. Уақыт тез өтті. Бір ауданға сыйған елдің әлімсақтан бүгінге дейінгі өмір жолы баян етілді.
Ақтоғай ауданына аз күнге келген қонақ осы фильмді көрсе елмен, жермен танысып, табысып кетеді. Саяхатшыға – бағдаршам, жастарға – өнеге. Ел, жер тарихын біліп өседі. Аудандық музейде, мәдениет үйінде, мектептерде көрсетіліп тұрса елтануға, өлкетануға құштарлық артар еді. Менің ақжарма ойымды аудан басшылары қолдай қойса…
Фильм авторына қойылар бір сауал – қаршыға бойлы, ұшқыр ойлы 70 жасты жағалап жүрген тынымсыз Тұңғышбай ендігі жерде не ойлап табар екен?!

Қасым ОРЫНБЕТОВ,
ардагер журналист.