Бас тақырып

АҚТОҒАЙ МЕН АҚАДЫР: Аймақ басшысы осы өңірлердегі тұрғындармен кездесті

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында Ақтоғай ауданында болып, жергілікті халықпен, мәслихат депутаттарымен кездесті. Сонымен қатар, Шет ауданына қарасты Ақадыр кентіне ат басын бұрып, тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді.

Аурухана бар, маман жоқ

Алдымен ақтоғайлықтармен жүздескен аймақ басшысы аудан әкімі Руслан Кенжебековтің атқарылған жұмыстар және жоспарлы шаралар туралы есебін тыңдады.

Бұдан соң тұрғындар кезек-кезек сөз алып, өздерінің көкейде жүрген сауалдарын жолдады. Олар негізінен ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия, жол, жер, жастар тәрбиесі, қоғамдық көлік, суармалы алқапқа қажетті су және тағы да басқа мәселелерді көтерді. Халықты әлеуметтік, тұрғын үй және коммуналдық салаларды дамыту мәселелері толғандырады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары Ақтоғайдан Ақсу-Аюлыға дейінгі жолдың жағдайына қатысты шағым айтты. Аудан әкімі Руслан Кенжебековтің айтуынша, биылғы жылы бұл жолдың тағы 50 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2024-2025 жылдары толық аяқталады. Биыл «Ақтоғай-Шылым-Ақжарық» тас жолының 10 шақырымын асфальттау аяқталады. Сондай-ақ, «Нарманбет-Айыртас» жолын жөндеуге қаражат бөлінді. Халықты электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті болып қала бермек. Өйткені, барлық электр желілері аудандық коммуналдық меншікке берілді. Қазір құжаттарды дайындау және желілерді «ЖезРЭК» иелігіне беру жұмыстары жүргізілуде.

– Біз Ақтоғай ауданының мәселелерін бірлесе отырып, кезең-кезеңімен шешетін боламыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Ақтоғай тұрғындары жергілікті аурухананы жөндегені үшін алғыстарын жеткізді. Бірақ, әзірге штаттық қызметкерлер әлі де тапшы. Облыс әкімі бұл мәселе шешіліп жатқанын айтты. Ауылға жас мамандар жіберілетін болады. Биыл Ақжарық ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарлануда. 2024 жылы дәл осындай ФАП тағы 9 елді мекенде пайда болады. Сонымен қатар, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысы басты назарға алынғандығы айтылды.

Ақтоғайға кәріз желісі тартылады

Аудан орталығын толықтай кәріз жүйесімен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық үйлер орталық желіге қосылады. Жоба өткен жылы басталды. Ауылдан 1,5 шақырым қашықтықта төрт сорғы станциясы салынады. Негізгі коллектор және тазарту қондырғылары орнатылуда. Кәріз желісінің құрылысын 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Аудан басшысы Руслан Кенжебековтің мәлімдеуінше, Ақтоғай ауылында экологиялық қауіпсіздікті және жерасты суларын қорғау бағыттары толық қамтылған орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы жобаның құны 3 миллиард теңгені құрайды. Бұған қоса, кәріз суын сақтау және тазарту қоймаларының жобасына қосымша түзетулер енгізілген көрінеді.

Ақтоғай үшін тағы бір ауқымды жоба – аудан орталығының солтүстік-батысында жаңа шағын аудан пайда болмақ.

Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Барлық мәселелер назарға алынып, заң аясында шешілетінін айтты.

Бұдан кейін облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс алаңдарында болып қайтты. Қазір мұнда инженерлік инфрақұрылым құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жылумен және сумен жабдықтау, телефон кабелі мен кәріз желілері үшін құбырлар салынады. Биыл 16 пәтерлі екі үйдің құрылысы басталған. Бұдан бөлек, 2024 жылы тағы екі үй салу жоспарланған. Сапар соңында облыс әкімі Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылдық округінде болды. Жергілікті мектепті жөндеу мәселесін көтерген ақсақалдармен кездесті. Ермағанбет Бөлекпаев ғимараттың қасбеті мен шатырын жөндеуге жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуді тапсырды.

Ақадырда атқарылар жұмыс көп

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аудандарға сапары Ақадыр кентінде жалғасты. Аймақ басшысы кенттің жетекші кәсіпорындарының бірі «Қамқор Локомотив» ЖШС Ақадыр доңғалақ цехының базасында жергілікті тұрғындармен кездесіп, жағдайымен танысты, мәселелерді талқылады. Іске асырылып жатқан жұмыстардың уақытылы әрі сапалы аяқталуын қадағалауды жүктеген облыс әкімі нысан басшыларына әрбір мәселенің түйінді шешімін табуға болатындығын айтып, кез келген іске үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Бұл туралы облыс әкімі өзінің «Фейсбуктегі» жеке парақшасында жазды.

– Ауруханада күрделі жөндеу жалғасуда. Жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ғимарат медициналық жабдықтармен және жиһазбен жабдықталады. Сондай-ақ, тұрғындарға проблемалық нысандар болып табылатын екі 12 пәтерлік үйдің құрылысы жайлы айтылды. Қазіргі уақытта мердігер ішкі әрлеу жұмыстарына кірісті. Аталған нысанда болып, жасалған жұмыстармен таныстым. Құрылысшылар жұмысты биыл аяқтауға уәде берді. Бұл үйлерден басқа жергілікті кәсіпкер кентте 16 пәтерден тұратын сегіз үйді салып жатыр. Бұл нысандар аяқталған соң оларды кезекте тұрған азаматтар үшін сатып алуды жоспарлап отырмыз. Ә.Ермеков атындағы мектепті кеңейту туралы желілерде көп жазылды. Осыған байланысты мердігерді ауыстырдық. Жаңа мердігер жобаны қайта жасап, спорт залының аумағын ұлғайтады. Сондай-ақ, мектептің қасбетін жөндеуді тапсырдым. Биыл кентте тұрғын үйлердің шатырларын ретке келтіріп, 11 көшені жөндейміз. Тұрғындар теміржол арқылы өтетін көпір салу мәселесін көтерген еді. Оған қажетті жобалау құжаттары әзірленетін болады. Барлық келіп түскен сұрақтарды жазып алдым, олар бойынша әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз. Кенттің өміріне белсенді қатысып жүрген барлық тұрғындарға алғысымды білдіремін, – деп жазды аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарын қолдау үшін қажетті шаралар қабылданып, жүзеге асырылатын жұмыстар да ерекше бақылауға алатындығын айтты.

Нұрдос КӘРІМ,

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button