АймақҚарқаралы

Ақтеректе Ахаңа ескерткіш қойылды

Қазақ тіл білімінің негізін қалаған ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне және Қазақстан халқы тілдер күні мерекесіне орай Қарқаралы ауданындағы Ақтерек ауылында Ұлт ұстазына арналған белгітас орнатылды.

Ескерткіштің авторы – белгілі шебер, аудандық архивтің басшысы Манарбек Кәрім. Ахмет Байтұрсынұлының мәрмәр тасқа бедерленген бейнесі заманында өзі еңбек еткен ескі мектеп үйінің алдына қойылды.

1991 жылы белгілі ғалым Ақжан Машани осы ауылға арнайы келіп, ұлы ұстаздың табаны тиген жерге тәу етіп, жұртшылықпен кездескен. Сол кезде Ахаңның осы мектепте 1904-1908 жылдар аралығында еңбек еткенін айтқан екен. Сол рас болса, 1905 жылы атақты Қарқаралы петициясы жазылған кезде Ахаң тап осы ауылда ұстаздық қызметте жүрген.

Қазір мұнда ауыл кітапханасы орналасқан. Тоқсаныншы жылдары бұл үйде байланыс бөлімшесі, шаруашылық кеңсесі болыпты. Кейін ол мекемелер тарап кеткенде бос қалған. Көлденең жатқан кірпішті кім-көрінген іліп кете беретін заманда қирап та қалар ма еді, әйтеуір, ауылдың үлкендері оған жол бермей, мектеп үйін сақтап қалыпты. Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы Қарқаралы өлкесімен тығыз байланысты болғаны тарихтан белгілі. Қайраткер өмірінің осы кезеңін зерттеушілер енді Ақтерек мектебін айналып өте алмасы анық.

Тарихи ғимарат 2021 жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қарамағына өткен болатын. Сонымен қатар, тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, мемлекет қорғауына алынды. Сол жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ахаңның 150 жылдығына орай аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, азды-көпті жабдықтау шаралары да жасалған.

Ескерткіштің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Дархан Сәулебекұлы, ауыл тұрғыны, зейнеткер ұстаз Нұрлан Бақтияров осынау ізгі шараның маңызына тоқталып, игі лебіздерін білдірді. Шараға А.Байтұрсыновтың немере туысы Ерахан Фазылұлы Астанадан арнайы келіп қатысты. Қарағайлы кентінің әкімі Мұратбек Зекенұлы ауыл тұрғындары мен белгітастың авторына алғыс хаттарын тапсырып, қонақтарға шапан жапты.

Қазақ руханияты үшін қайырлы шараның барысында ұлт ұстазының өмір жолын айшықтаған қойылым көрсетіліп, жергілікті өнерпаздар ән әуелетті.

Тағылымды істің түпкі мақсаты – қайраткер тұлғамыздың өмір жолын ұлықтау, өскелең ұрпаққа ұлтымыздың ұлы мұраттарын дәріптеу. Ахаңдай алып тұлғаның бейнесі ел жадынан өшпек емес.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,

Қарқаралы ауданы

Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button